Кеселмен күрес тоқтамайды Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санап, ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек екендігін атап өтті.Бұрнағы күні аудан орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында мамандардың құқықтық отырысы өтті. Аталған іс-шараны аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Ернар Зұлқарнайұлы ашып, жүргізіп отырды. Семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтыны, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек екендігі айтылды.Сонымен қатар ағымдағы жылы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мен бөлім арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде құқықтық түсіндірме жұмыстары мен семинар сабақтар өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол жобаның мақсатына сәйкес, мекеме қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру жұмысы жүйелі жүруде.Семинардың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралары туралы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы Азамат Жұмабеков баяндады. Ол өз сөзінде аудан көлемінде қоғам дертімен күресудің нақты жұмыс жоспары дайындалып, олардың мерзімге сәйкес орындалып жатқанын жеткізді. Баяндамашы сөзіне сәйкес, аудан көлемінде жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысында Тереңөзек кенті мен Ақжарма, Қоғалыкөл, Қалжан ахун және Іңкәрдария елді мекендерінде сыйбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп санаған. Жергілікті атқарушы билік өкілдері халықтың бұл пікірін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету немесе мүлде жолын кесу бағытында арнайы бағдарлама әзірлеп, жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ортақ міндет» тақырыбында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының консультанты Берік Ахметов хабарлама жасады. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Айнұр Төлегенова бөлімнің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді.– Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық іс-қимыл жоспарының жеті басымдығы шеңберінде белгіленген тапсырмалары басшылыққа алынып, бөлімнің барлық қызметкерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта біліктіліктерін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің «Әдеп кодексі» (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) талаптарының бұзылуына жол бермеу мақсатында мекеменің 21-5-83 сенім телефоны тұрақты түрде жұмыс жасауда. Сонымен қатар Сырдария ауданы әкімдігінің ресми веб-сайтында бөлімге бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары орналастырылды, – дейді Айнұр Асылбекқызы.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ол тек құзырлы органның ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан жемқорлықсыз қоғамда әрбір адам жетістікке жететінін естен шығармауымыз керек.Майя ҚОЖАБАЙ Жаңалықтар 24 ақпан 2021 ж. 431 0