Екпе егу індетті ауыздықтайды
Елімізде 1 ақпаннан бастап жаппай екпе егу жұмыстары басталғаны белгілі. Қауіпті індетпен күресте, халық денсаулығын қорғауда вакцинаның маңызы зор. Аймақта алдымен облыс орталығына келіп жеткен «Спутник V» вакцинасы бүгінде мыңға жуық адамға салынды. Аталған екпе дертке толыққанды ем болмаса да, аурудың алдын алуға, онымен күресуге қауқары жететіндігіне мамандар сендіріп отыр. Дегенмен екпе егу ерікті түрде жүргізілетіні, ешкімге мәжбүрлі түрде егілмейті белгілі. Бүгін аудан тұрғындарына екпенің қашан салынатыны, жалпы дайындық жұмыстарының барысы жөнінде ақпарат ұсынбақпыз.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, ковид инфекциясына шалдығушылар күн сайын азайып келеді. Бірінші толқынды еңсерген еліміз болуы мүмкін деген екінші толқынға әзірлікті пысықтады. Дәрі-дәрмек қоры жасалып, қосымша аппараттар жеткізілді, жаңадан провизорлық ауруханалар салынды. Бүгінде «қызыл» аймақтағы ірі қалалар мен облыстар біртіндеп «сары» аймаққа көшуде. Десек те босаңсуға әлі ерте. Мұны санитарлық дәрігерлер айтып, тұрғындардың карантин ережесін бұзбауға және қатаң сақтауға шақыруда.
Жалпы вирустан құлан таза құтылудың амалы – оған қарсы тұратын вакцинаның адам ағзасына егілуі. Қандай жағдайда болмасын, инфекцияға төтеп беретін вакцина адамның ағзасына еніп, ұзақ уақыт бойы қорғаныш қызметін атқарады. Сондықтан ел Президенті тарапынан қабылданған жаппай вакциналау туралы шешім ел-жұртты қауіпті індеттен қорғаудың негізгі шарасы екеніне дау жоқ. Міне, осы жылдың ақпан айынан бастап елде вакциналау науқаны басталды. Алдымен ірі қалалар мен облыс орталықтарына жеткізілген вакцина осы күні жүздеген адамға егілді. Аймақ басшысынан бастап, бас санитарлық дәрігер мен медицина саласының мамандары SOVID-ке қарсы «СпутникV» вакцинасын алып үлгірді. Егілгендер енді вакцинаның екінші кезеңін алады. Жалпы екпені алушылар жағынан ешқандай шағым тіркелгемеген.
Ауданда вакцинациялауға жауапты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарласқанымызда ауданға вакцина келмегендігі айтылды. Дайындық жұмыстары жүргізіліп, арнайы орын сақадай сай тұр. Аудандық аурухана ғимаратының бір бөлігінде жасақталған вакцинациялау пунктінде екі егу бөлмесі, екі күту бөлмесі мен дәрігердің қарау бөлмесі дайындалған. Егуді жүргізетін арнайы мамандар оқытылып, нұсқаулықтан өтіп, рұқсатын алған.
– Республика бойынша екпе жұмыстары басталғанымен ауданға вакцина жеткізілген жоқ. Ақпан айының соңына қарай келуін күтіп отырмыз. Вакцинациялаудың жоспары әзірленіп, ең алдымен медицина қызметкерлері егілетін болады. Міндетті түрде дәрігердің қарауынан кейін және келісім парағына қол қойылғаннан соң екпе салынатын болады. Айта кету керек, екпе ерікті түрде салынатын болады, – дейді басқарма басшысы Е.Ұзақбаев.
Ғалымдардың айтуынша қауіпті ауруды тежеудің бір ғана амалы бар. Ол – вакцинациялау. Жаппай вакцинациялау үш кезеңмен жүргізіліп, халықтың 50-60 пайызы егіліп болғаннан соң ғана карантин аяқталатын көрінеді. Ел экономикасына, әлеуметтік ахуалына едәуір әсер еткен пандемияны тамырымен жою мүмкін болмаса да ауруға қарсы тұрудың амалы әзірге вакциналауда екені мәлім.
Бибісара ЖАНӘЛІ