Қызылордада медицина қызметкерлеріне үстемақы төленді
Өңірде өткен жылы коронавируспен күрескен 16035 медицина қызметкеріне 3 млрд. теңге үстемақы төленді. Ал биыл қаңтар айында 1060 денсаулық саласының мамандарына 152,7 млн. теңге алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов мәлімдеді.
– Індетпен күресіп жүрген аймақтағы медицина қызметкерлеріне үстемақы өткен жылдың наурыз айынан бастап төленіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, елімізде шілде айында жағдай күрделенді. Дәл осы айда өңірдегі 3458 денсаулық сақтау саласының маманына бір миллиард теңгеге жуық үстемақы берілді. Бұл жұмыстар биылда жалғасын табуда. Мәселен, қаңтар айында 1060 медицина қызметкеріне 152,7 млн. теңге үстемақы төленді. Басым бөлігі сүзгі бөлімшелері мен мобильді топ қызметкерлері, - деді Сәбит Бексейітұлы.
«COVID-19» коронавирусын жұқтырудың тәуекел топтары үшке бөлінеді.
Біріншісі өте жоғары топ. Яғни, коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады. Тиісінше оларға 850 мың теңгеден үстемақы төленді.
Екіншісі жоғары топ деп аталады. Оған провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлер, сондай-ақ олар тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жатады. Оларға 425 мың теңгеден үстемақы берілді.
Үшіншісі орташа топ. Оған карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын зертханалардың мамандары, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, блок-бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері жатады. Оларға 212,5 мың теңгеден аспайтын үстемақы берілді.