Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: Барлық салада экономикалық өсім сақталды

Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, Сырдария ауданының әкімі: Барлық салада экономикалық өсім сақталды

Бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың 2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық қорытындылары мен алдағы міндеттері туралы қорытынды есебі онлайн форматта өтті.

Есепті кездесуге онлайн түрде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сұлтан Мақашов, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, сондай-ақ облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин арнайы қатысты.

Сонымен бірге, бейнебайланыс арқылы аудандағы барлық 13 ауылдық округ пен Тереңөзек кентінің қауымдастық мүшелері қосылды. Одан бөлек, республиканың кез келген тұрғынына «Ютуб» желісі арқылы есепті кездесуді тікелей эфирде көруге мүмкіндік жасалды.

Қорытынды есепті кездесуде аудан әкімі Т.Дүйсебаев 2020 жылдың еліміз үшін оңай болмағанын жеткізді.

– Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Өткен жыл оңай болған жоқ. Барша әлемге қауіп төндірген жұқпалы індет қалыпты өмірімізге өзгерістер әкелді. Сындарлы кезеңде аудан халқы ауызбірлік танытып, карантиндік талаптарды сақтады. Коронавирустық инфекциясымен күресте барлық сала мамандары аянбай жұмыс істеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында жанашыр азаматтар мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Осындай қиын кезеңде сырдариялықтардың ынтымағының нәтижесінде ауданда эпидемиологиялық ахуал қалыпты жағдайға келді, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі есепті баяндамада биылғы жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына да тоқталды.

Саяси науқанға аудан тұрғындары белсене қатысты. Аудандық сайлау комиссиясына 3 саяси партия тіркеліп, сайлаушылар тізіміне енген 22827 аудан тұрғындарының 83 пайызы дауыс беруге атсалысты. Саяси маңызды науқанды абыроймен қорытындылау тұрғындардың тұтастығы мен бірлігінің нәтижесі екені айқын.

– Елімізде өткен сайлаудан кейін Қазақстан Президенті VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысып, алдағы уақыттағы стратегиялық бағыттарды айқындап берді. Мемлекет басшысы көздеген мақсатқа жету үшін барлық салада өзгерістер жасалатынын айта келе, мемлекеттік басқарудың жаңа моделі енгізілетінін жеткізді. Соның негізінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту көзделіп, ең алдымен ауыл әкімдерін сайлау жүзеге асады. Содан кейін аудан әкімдерін сайлауға мүмкіндік жасалады. Мұндай маңызды қадамдар жергілікті мемлекеттік басқаруға серпін береді, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.

Сондай-ақ, аудан басшысы жыл басында Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласы жарияланғанын атап, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ауқымды шаралар өткізілетінін жеткізді.

Қалыптасқан күрделі жағдайларға қарамастан өткен жылы ауданда барлық салаларда экономикалық өсудің оң қарқыны сақталғанын атаған аудан басшысы есепті кездесуде салалардағы жетістерге тоқталып өтті. Нәтижелі жұмыстарды жеткізіп, алда атқарылатын міндеттерді саралады.

Есепті баяндамадан кейін аудан әкімі әлеуметтік желі және «Zoom» бағдарламасы арқылы тұрғындардың тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерге жауап берді. Жалпы аудан тұрғындары жолдаған сауалдардың көбісі ауыл шаруашылы, кәсіпкерлік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік салаларға қатысты болды.

Есеп беру кездесу қорытындысында аудан әкімінің 2020 жылы атқарылған жұмыстарына оң баға берілді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
03 ақпан 2021 ж. 481 0