Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирусқа қарсы екпе қалай жүргізіледі?

Коронавирусқа қарсы екпе қалай жүргізіледі?

Әлемді дүр сілкіндірген пандемия басталғалы ғалымдар оған қарсы екпенің түр-түрін әзірлеп, сынақтан өткізді. Елі­­міздің ғалымдары да вак­­цина жа­сау­ға ат­салысып, өз ек­пелерін ұсынғаны мә­лім. Ек­пенің бірқатары сынақ­тан өт­песе, енді бірде қазақстандық вакцинаның ін­детке қарсы тұ­ра­тын ша­ма­сы бар де­­ген тұ­жырым жасалғанын ақпарат құралдары жарыса жаз­ды.

Дүниежүзінде әлі де өршіп, екпінін баса алмай тұр­ған қауіпті індеттің бетін қайтаруға медицина саласы қауқарсыз деп айтуға болмас. Себебі, кейбір мемлекеттер ушыққан дерттің бетін қайтарып, қалыпты өмірге көшуі сөзімізге дәлел. Біздің елдегі жағдай өткен жылдағы бірінші толқынға қарағанда біршама жақсарып келеді. Дегенмен тоқмейілсуге ерте екенін Денсаулық сақтау министрінің өзі ел Президентінің алдында айтты.

Әрбір аймақ, барлық өңір қайта өршуі мүмкін екінші толқынға әзір болуы үшін дайындықты жан-жақты жасады. Қажетті дәрі-дәрмек қорын әзірлеп, қосымша ауруханалар салынды. Алғашқы көмек көрсететін ауруханалар салынып, ауруды басатын, тыныс алуды жеңілдететін шетелдік аппараттар алынып, арнайы қор да жасақталды.

«Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, адам ағзасындағы вирусты қоздырмас үшін оған қарсы әрекет ететін екпені салу қажеттігі дәлелденді. Енді міне, ақпанның 1-нен еліміз бойынша вакцинациялау басталды. Десек те ол екпеге сенімнен гөрі, күдікпен қарайтындар қатары күн са­йын көбеймесе азаймай тұр. Әлеуметтік желіні желдей ескен вакцинаның кері әсері туралы бейнероликтер мен жарияланымдар адамның санасын сан-саққа жүгіртуде. Әрине, денсаулыққа бей-жай қарамағандықтан, вакцина салғызғанның кері әсері болмай ма, келеңсіз салдары үшін қандай кепіл бар деген сауалдар кімнің болса да мазасын алып жүр. Сондықтан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланған заң нор­­масы ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

«Халық денсаулығы туралы» Кодекстің 77 бабында «Кез келген екпе, оның ішінде коронавирус инфекция­сына қарсы вакцинация ерікті түрде жүзеге асырылады. Азаматтар вакцинациядан жазбаша түрде бас тартуға құқылы» деп анық жазылған. Министрлік «COVID – 19» вакцинациясының тәртібі мен ережесін түсіндіргенде 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға екпе салынбайтыны айтылған. Оның себебін бұл жастағы адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәліметтің жоқ екендігімен түсіндіреді. Сонымен қатар кезең-кезеңімен тегін медициналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі шеңберінде жүргізілетіні жарияланды.

1 ақпанда басталған алғашқы кезеңде ең бірінші болып екпе алатындардың қатарында инфекциялық аурухана, жедел медициналық жәрдем, жан сақтау мен қабылдау бөлмелерінің, санэпидқызметінің медицина қызметкерлері бар. Бір ай мерзімде алып болатындардың жалғасы ретінде 1 наурыздан бастап екінші кезең басталады. Ол кезде жалпы білім беретін мектептердің, жоғарғы оқу орындардың оқытушылары, педагогтар, медициналық қызметтің қыз­меткерлері вакцинацияланады. Үшінші кезең 1 сәуірден басталады. Ол кезде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтары, студенттер мен со­зылмалы аурулары бар адамдар екпе салдырады.

– Вакцинация жүргізудің шарттары бойынша азаматтар емханаға жүгінуі қажет. Ең алдымен, пациенттің сауалнамасы толтырылып, ақпараттандырылған соң ғана ерікті келісім береді. «COVID – 19» ауырған адамдар екпені 6 айдан соң ғана алады. Дәрігер міндетті түрде тексеру жүргізеді. Дәрігер вакцинациядан соң болатын асқынулар туралы ескертеді, ақпаратпен қамтамасыз етеді. Екпе алғаннан кейін пациент 30 минут бойы медициналық қызметкердің бақылауында болады, – дейді аудандық санитариялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанар Нұрсұлтанова.

Маманның айтуынша, екпе алғаннан соң 3 күн ішінде адамда тұмауға ұқсас белгілер болады. Адамның дене қызуы көтеріліп, дімкәстік, бас ауруы, жергілікті реакциялар – инъекция орнындағы ауырсыну, ісіну сияқты белгілер дамуы мүмкін екен.

– Елімізде осы жылдың ақпан айынан бастап «Спутник V» мен КВИ-ге қарсы вакцинация басталады. Бұдан әрі вакцинация Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірліген «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасымен жүзеге асырылады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап отандық өндіріс – «QazCovid-In» препаратымен вакцинациялауды бастау жоспарланған. Аталған препарат қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде тұр, – дейді Ж.Нұрсұлтанова.

Айта кетерлік жағдай, әйелдерге вакцина салар алдында оның жүкті емес екендігі және бала емізбейтіндігі анықталуы қажет. Жалпы, вакцинацияның қауіпсіз екенін білген жөн. Кез келген лицензиясы бар вакцина бірнеше сатыдан тұратын жіті тексерістен өтіп барып, пайдалануға беріледі. Вакцина қолданысқа түскеннен соң да үнемі ба­қылауда болады.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – екпе ерікті түрде жүргізіледі, вакцинация екі кезеңмен салынады. Біріншісі салынған соң арада 21 күн өткенде екінші мөлшері егіледі. Дегенмен, екпеден бас тартуыңыз сіздің құқыңыз екенін ұмытпаңыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
02 ақпан 2021 ж. 386 0