Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов аудан халқымен кездесті

Алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов аудан халқымен кездесті

Сырдария ауданында «Айтыстың ақтаңгері», үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовпен кездесу өткізілді. Санитарлық талаптарға сай өткізілген кездесуге аудан әкімі Т.Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов және мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Кездесуді ашқан аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Сыр елінің атын шығарып жүрген айтыскер ақынды мерейлі жеңісімен құттықтады.

– Сыр елі – нағыз таланттардың мекені. Бұл өңірден дарынды жыраулар, ақын-жазушылар, айтыс өнерінің дүлдүлдері шыққан. Олардың ішінде Сырдария ауданында заңғар ақын Замаддин Ибадуллаевтың қазақ айтысына қосқан үлесі зор. Міне, сондай дәстүрлі айтыс өнері қайраткерлерінің ізін жалғап келе жатқан ақтаңгер, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Мәуленұлы Ниязов бүгін ауданға келіп, сырдариялықтармен жүздесіп отыр. Мұхтар Ниязовтың сөз өнеріндегі шабытын жұртшылық жақсы біледі. «Айтыстың ақтаңгері» бірінші рет «Алтын домбыраны» иегері атанғанда «Бұл жүлде Қызылорданың музейінен орын алатын болады» деп айтқан екен. Міне, Сыр жұртшылығына берген уәдесін орындап, қазіргі таңда Сыр еліне арнайы жеткізілген «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. Осы жеңіс үшін зор құрмет көрсетілуде. Әрине, бұл – елінің атын шығарған еріне деген халықтың ыстық ықыласы деп білеміз. Қолдаушы халық барда ақтаңгер ақын әлі талай дәстүрлі өнер додаларында ел мерейін үстем ететініне кәміл сенімдіміз, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі үш мәрте «Алтын домбыра» иегерін «Құрмет грамотасымен» марапаттап, «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологияны табыс етті.

Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы сөз сөйлеп, Мұхтар ақынның сөз сайысындағы адуындылығын атап көрсетті. Және де айтыскер ақынмен елі мақтанатынын жеткізді.

– Таныстықтың, білістіктің бір сұрауы «Еліңде кімің бар?» дейді. Сол кезде елінің намысын қорғап, атын шығарып жүрген азаматтарды айтамыз. Бізден сұрай қалса, «Елімізде айтыстың ақтаңгері атанған Мұхтар Ниязовтай ақынымыз бар» деп мақтанамыз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Кездесуде облыстық мәслихат депутаты, меценат Расул Есенов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Сандыбай Сәдуақасов жүрекжаржы тілектерін білдірді.

Сөз кезегінде айтыскер ақын Мұхтар Ниязов құрмет көрсетіп жатқан сырдариялықтарға ризашылығын жеткізді.
– «Алтын домбыра» халықтың ниетіне орай елге келді деп ойлаймын. Өйткені «Сырдың елі – жырдың елі» деген ұстанымдағы Сыр сүлейлерінің барлығы өз тұсындағы аманаттарын арқалап, дұрыс жолмен жүріп өтті. Сол ізді жалғап, біз де өз міндетімізді атқарып келеміз. «Алтын домбыра» республикалық айтысы тұңғыш рет өткізіліп жатқанда «Осы дүние Сыр елінің музейінде тұрса» деген ішкі арманымыз болған. Бұл халықтың тілегінен туған арман деп те есептеймін. Сондықтан біз қандай да бір жетістікке жетіп жатсақ, оның артында елдің ыстық ықыласы, тілегі тұр. Сол себепті бұл жетістігімізде ел-халықтың үлесі зор. Құрмет көрсетіп жатқан сырдариялықтарға алғысым шексіз, – деді Мұхтар Мәуленұлы.

Кездесі соңында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтапов айтыскер ақынға ақ батасын берді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
28 қаңтар 2021 ж. 640 0