Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Jas Otan» белсенділері қарияларға көмектесті

«Jas Otan» белсенділері қарияларға көмектесті

Қаңтар айының жиырмасынан кейін жауған қалың қар қыс мезгілінің шырайын аша түсті. Арнайы техникалар мен қызметкерлер орталық алаң мен негізгі көшелерде қар күреу жұмыстарын жүргізді. Осы тұста жанашыр жастардың басын қосқан іргелі ұйым «Jas Otan» қарияларға қамқорлық көрсетіп, еңбек ардагерлерінің ауласын қардан тазартып берді.

Игі іс-шараға «Jas Otan» жастар қанатының сырдариялық белсенділері ерекше атсалысты. Қар күреуге арналған күректерін қолға алған жастар еңбек ардагерлерінің, көпбалалы және жалғызбасты аналардың ауласын қалың қардан тазартты. Мұнан бөлек, бірқатар отбасыға отын шауып, оны жинап берді. Жастардың бұл игі ісі кент орталығынан бөлек барлық ауылдарда да жалғасты.

Мысалы, Аманкелді ауылының жастары шамамен 500 метрдей жерді қардан тазалады және ауыл көшелеріне тұз араласқан құм себу жұмыстарын жүргізді. Бұл автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің кедергісіз жүруіне жол ашты. Ал, С.Сейфуллин ауылының жастары еңбек ардагерлерінің қысқы отындарын пұтап, жинап берді. Сырдариялық жастардың бекем бірлігі мен көркем тірлігіне риза болған ардагерлер ақ баталарын беріп, ризашылықтарын жеткізді.

– Ардагерлерге құрмет көрсету, көмектесу – жастардың міндеті. «Jas Otan» жастар қанаты жетекші партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қар күреу жұмыстарын қолға алды. Мақсатымыз – жасы егде тартқан ардагерлердің ауласын қардан тазарту арқылы оларға жәрдемдесу. Бұл іске жастық жалыны мен күш-жігерін жақсы іске арнауға ынталы жастар өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта да осындай жұмыстарды ұйымдастыратын боламыз. Біз өз қатарымыздың тағы да толыға түсетініне сенеміз, – дейді «Jas Otan» жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
26 қаңтар 2021 ж. 479 0