Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордаға Бас қолбасшы келді

Қызылордаға Бас қолбасшы келді

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Т.Қойбақов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамалары мен әскери бөлімдеріне жұмыс сапарының жоспарына сай Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде болды.

Негізгі мақсат – әскери бөлімнің қысқы оқу кезеңдегі жауынгерлік, оқу-материалдық, техникалық базаларының дайындық барысы мен моральдық жай күйін тексеру. Бөлімдегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қалай ұйымдастырылғанына да назар аударылды.Сапар барысында Құрлық әскерлері бас қолбасшысының комиссиясы түрлі бағыттар бойынша қысқы кезеңдегі атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерімен танысты.

Әскери бөлімде генерал-майор Т.Қойбақов жеке құрам басшылығымен кездесті.Әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысып, бөлімнің өткен оқу жылындағы жеткен жетістіктерін сақтап қалу жолында еңбек етуге шақырды. Техникалардың, қару-жарақтардың, техникалық қызмет көрсету пункттерінің және әскери бөлім асханасыныңжұмыстарына ерекше назар аударды.

– «Әскери бөлімнің қару-жарақ, оқ-дәрі сияқты қоймаларын тексеріп шықтым.Тазалық пен қауіпсіздік ережелерінің жұмысы дұрыс ұйымдастырылған. Бөлімнің техникалық пунктері мен әскери қызметшілері асханасының қызмет ету сапасы да өз деңгейінде. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әскерилердің моралдық күйі басты назарда болуы тиіс. Әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік дайындығы, қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы үшін барлық кездесетін келеңсіздіктермен тез арада нәтижелі күрескен жөн», – деді бөлім ұжымымен кездесу барысында Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Т.Қойбақов.

Сапар соңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы Қызылорда гарнизоны әскери бөлімі командиріне әскерлердің күнделікті қызмет іс-шараларының сапалы орындалуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы,
сержант  
25 қаңтар 2021 ж. 656 0