Зейнетақы 7 пайызға өсті
Бүгіннен бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2917 теңге мөлшерінде белгіленді. Соған орай зейнетақы, жәрдемақы, өзге де әлеуметтік төлемдер, салықтар мен айыппұлдар мөлшері өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, 2021 жылдың 1 қаңтарынан:
– жалақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңге;
– мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге;
– зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43 272 теңге болады.
Ал жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш – 2917 теңге мөлшерінде белгіленеді.
Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы – 34 302 теңге болып бекітіледі.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 1 қаңтардан бастап 7 пайызға көтеріледі.