Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жылдық сыйлықты қалай таңдаймыз?

Жаңа жылдық сыйлықты қалай таңдаймыз?

Жаңа жыл мерекесі − әрбір отбасы үшін қуанышпен келеді. Отбасылық мерекені ең жақын достарыңызбен бірге қарсы алып, бір-біріңізге сыйлық әзірлеп жатсаңыз көңіл-күйіңізге де әсер етері сөзсіз. Дегенмен қарбаласқа толы кезеңде сыйлық алуға уақыттың болмай қалуы да ғажап емес. Сондықтан көбіне алдын-ала не алатыныңызды ойлап жүрсеңіз, оның дұрыс таңдаудың бірнеше тізбесін ұсынғанды жөн көрдік.

Тәттіге толы сыйлық

Көздің жауын алатын тәтті кәмпиттер үлкенді де, кішіні де қуантады. Әдемілеп қапталған тәттілер кімнің де болса көңілінен шығатыны сөзсіз. Сондай-ақ кез-келген дүкеннен табыла кететін мұндай сыйлықтың сыртын безендіріп, жылтырақ қағазбен байласаңыз тіпті керемет болады. Ал осы сыйлықтың жанына шәй немесе кофе қоссаңыз, көңілге жылылық әкелетінін ұмытпаңыз.

Сыйлықтың құны маңызды емес

Жаңа жылда қиялымызға ерік беріп жақындарыңызбен қатар әріптесіңізге де сыйлық жасағыңыз келетіні сөзсіз. Осындайда кәдесый – таптырмас сыйлық. Оның бағасы емес, шын көңілден берілуі маңызды екенін біліңіз. Мысалы, түрлі бейнедегі мүсіндер, күнтізбе, блокнот, қызық кітап т.б. сыйлықтар мерекеде көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға көмектеседі. Бастысы кішкентай сыйлық қажетке жарауы мүмкін.

Пайдалы зат – қолжетімді сыйлық

Пайдалы затты сатып аларда алдымен ойыңызбен оны кімге сыйлайтыныңызды біліңіз. Жақын туысыңызға қолжетімді, әрі пайдалануға ыңғайлы сыйлықтың қатарына әмиян, жуынуға арналған жиынтық, қаламсап, телефон қуат­тағышы, асхана ыдысы, тіпті косметика сыйлауыңызға болады. Мұндай пайдалы заттар қымбат болмаса да сіздің есіміңізді ұзақ уақыт бойы еске түсіретіні анық.

Ерекше сыйлық іздеңіз
Сіз үшін ерекше адамға ерекше сыйлық іздесеңіз, онда мархабат. Мұндай кезде қымбат жамылғы, ерекше жұмсақ жастық, шәй ішетін ыдыс-аяқ, кеңсе үстеліне қоятын жиынтық т.б. таптырмас сый екенін есіңізге саламыз.

Ең танымал кәдесыйлар

Қарапайым әрі тамаша жаңа жылдық сыйлық болатын заттар деп ақша жинайтын арнайы сандықша, фотосурет жиектемесі, галстук қысқышы, планшет қоятын тіреуіш, органайзер, ауыз су құятын бөтелкені айтуға болады. Мұндай сыйлықтарды міндетті түрде сыртқы бе­зен­діруімен бергеніңіз жөн. Жанына тілегіңізді жазған ашық хат қоссаңыз артық етпейді

Қолдан жасалған сыйлық

Қазір көбіне сыйлықты қолдан жасайтындар керемет дизайнды көрпе, жастық қап, жұмсақ ойыншықтар, әдемі алжап­қыш, кілт салғыш, қолдан тоқылған кез-келген затты жасайды. Себебі сыйлық берушінің шын көңілінен жасаған бұйы­мы­нан оның сізге деген ықыласы ерекше екені көрініп тұрады.

Бір сөзбен айтқанда, жақындарыңызға қандай сыйлық сыйласаңыз да, бастысы шын көңілмен берілетіні маңызды. Адамдардың бір-біріне деген көңілі сый­лықпен емес, сыйластықпен өлше­нетінін ұмытпайық.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
31 желтоқсан 2020 ж. 510 0