Жаңақорған ауданында жаңа шипажай, спорт кешені пайдаланылуға берілді
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасты, – деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы Екпінді ауылына кіреберістегі ауданаралық қашыртқы үстіндегі көпірдің жағдайымен танысып, ауыл тұрғындарымен пікірлесті. Аппатық жағдайдағы көпір 1975 жылы пайдалануға берілген. Екпінді көп жылдардан бері өзекті мәселе болып көтеріліп келеді. Егіс көлемінің артуына байланысты қашыртқының жағасы сумен шайылып, көпір тұғырларына зиян келуде. Аймақ басшысына облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов және «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Хамит Бейімбетов көпірдің жағдайын баяндап, К-3 қашыртқысының қазу тазалау жұмыстарының ақау актісі жасалынғанын, көпірдің жобалық сметалық жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Мұнан кейін облыс әкімі Батыс Қытай-Батыс Еуропа автожолының бойында орналасқан «Орда Сығанақ» ЖШС-нің шипажайының ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңа санаторий «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы бойындағы көрікті нысандардың біріне айналады деп сенім білдіріп, аудан тұрғындарын құттықтады.
- Жыл қорытындыланар сәтте үлкен жолдың бойында заманауи үлгідегі шипажайды пайдалануға бергелі тұрмыз. Азаматтардың рухани дүниесі мен денінің саулығы - мемлекетіміздің басымдық беріп отырған маңызды міндеттерінің бірі десек, саламатты қоғам қалыптастыруда және дені сау ұрпақ өсіруде заманауи медицина мен шипажайлардың алар орны ерекше.
Ал, адам денсаулығын жақсартуда айрықша маңызы бар мұндай санаторийлер Жаңақорған жерінде салынса, онда оның мәні тіптен бөлек деуге болады. Өйткені бұл өңірдің батпағы мен суының қасиеті мол, дертке шипа қасиеті бар. Шипажайдың қасиетті суы дертіне дауа іздегендерге шипа болсын,-деді облыс әкімі.
«Орда-Сығанақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған нысанның жалпы құны 850 млн.теңге. Оның 326 миллион теңгесі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылды. Жаңа шипажай алпыс адамды жұмыспен қамтитын болады.
Облыс әкімінің Жаңақорған ауданындағы сапары қайта жаңғыртудан өткен шынықтыру сауықтыру спорт кешенінде қорытындыланды. Ғимарат мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынған. Бір ауысымда 48 бала спортпен шұғылданады Жасөпірімдер мұнда қол добы, баскетбол, волейбол, кіші футбол, стол теннисімен айналыса алады. Ғимаратта 2 ойын залы, 1 үстел теннисі бөлмесі орналасқан. Аудан әкімі Руслан Рүстемов аудан көлеміндегі мемлекеттік жәкеменшік әріптестік аясында салынған спорт кешендерінің мәселелеріне тоқталды.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкіміне инфрақұрылымдық жобаларды жалғастыруды және азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығын бақылауда ұстауды тапсырып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.