Асхат Аймағамбетов: Ғылым саласында ЖОО-лармен жұмыс істеу маңызды
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде биотехнология ғылымын дамытуда қандай мәселелерге назар аударылуы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биотехнология бағыты фармацевтикалық кешен болсын, фундаменталды ғылым болсын өте маңызды болып тұр. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін Мемлекет басшысы үлкен міндеттерді Үкіметке жүктеді. Тиісті министрлік бұл жұмысты жүргізуде. Біздің тараптан ғылыми сүйемелдеу қажет. Көп мәселені тәжірибені енгізу керек. Коммерцияландыру бойынша да әлі де көп жұмыс атқарылуы керектігі көрініп отыр. «Мұның алдында материалдық-техникалық база жоқ, ештеңе жоқ» деген сыңайдағы мәселе болатын. Қазір Мемлекет басшысының қолдауының арқасында биыл және келесі жылы ғылыми институттардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін миллиардтаған ақша бөлінеді», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Министр яғни, бұл мақсатта институттарға қажетті материалдарды, құрал-жабдықтарды алуға мүмкіндік болатынын айтады.
«Әрине тағылымдамадан өткізу бойынша да жақсы мүмкіндік пайда болды. Ғылыми қызметкерлерді тағылымдамаға жіберіп, басқа да мемлекеттердің зертханаларында жұмыс істеу мүмкіндігі жолға қойылып отыр. ЖОО-лармен жұмыс істеу өте маңызды. Бірге кадрларды даярлау керек. Өте мықты ғалымдар бар. Сол ғалымдар білімін таратып, университеттерде дәріс беру – барлық институттардың маңызды бағыты болуы керек деп санаймын. Сондықтан осы жұмысты қолға алу керек», - деді ол.