Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асхат Аймағамбетов ЖОО ректорларына: Бұрынғы еңбектеріңізге қарамаймыз

Асхат Аймағамбетов ЖОО ректорларына: Бұрынғы еңбектеріңізге қарамаймыз

Kyzylorda-news.kz. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов салада жоғарыдан берілген тапсырмалардың орындалмауы жиілеп кеткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, елдегі жоғары оқу орындары мен өңірлердегі білім басқармалары Мемлекет басшысының, министрлік пен Үкіметтің тапсырмаларын орындауда сылбырлық танытып отыр.
«Жұмысқа кіріскен екі апта ішінде саладағы жұмыс барысын зерделеп, тиісті талдау жұмыстарын жүргіздік. Осы кезде көптеген тапсырмалардың орындалмай жатқаны анықталды. Университет ректорлары мен білім басқармасының басшыларын осы себепті бүгін арнайы шақыртып отырмыз», - деді министр арнайы жиында.
ЖОО ректорларын кезек-кезек тұрғызған министр әшкереленген заңсыздықтар бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.
«Аудит барысында 57 пункт бойынша заңсыздық табылған университеттер бар. Бір университет қызметкерлерді конкурссыз жұмысқа қабылдаған. Енді бір білім ордасы сабаққа қатыспаған магистранттарды прокуратура араласқаннан кейін ғана оқудан шығарған. Бір университет 28 студентке, тағы бір университет 128 студентке шәкіртақыны заңсыз тағайындаған», - деген Асхат Аймағамбетов қызметтік тексеру осы аталған кемшіліктерді растап шықса, жол берген ректорларға қатаң сөгіс жарияланатынын ескертті.
«Қазір жоғары оқу орындарына да, білім басқармаларына да халық тарапынан шағым көп. Кей облыстарда мұғалімдерге заңды еңбекақысы мен еңбек демалысының ақшасы әлі аударылмаған. Жұмысты жүйелендірмесек, жалпы білім саласына ел арасында көптеген өкпе-реніш бар. Соны жойып, бассыздықтардың алдын алу қажет. Олай болмаған жағдайда бұрын сіңірген қызметтеріңізге қарамаймыз», - деп түйді Асхат Аймағамбетов.

01 шілде 2019 ж. 814 0