Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстың даму динамикасы айқын

Облыстың даму динамикасы айқын

Кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының аймақта жүзеге асырылуы және өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифинг өткізді. Онда аймақ басшысы негізгі тірек салалардың даму көрсеткіштеріне тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады.

– Пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізді. Дегенмен, Президент қабылдаған шешімдердің арқасында негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген жоқпыз. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру осы жылдың 9 айының қорытындысымен 3,5%-ға, ауыл шаруашылығында 3,1%-ға артты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,4%-ға өсті. 485 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға артық. Өндірістің өсуі ауыл шаруашылығы саласында да байқалады. Соңғы 5 жылда жалпы өңірлік өнімдегі агросектордың үлесі 4%-ға дейін өсті. Бұл инвестициялардың өсім қарқыны мен жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты, – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Брифингте өңір басшысы Сырдың басты дақылы саналатын күріш егудегі зор жетістікті атап көрсетті. Яғни, биыл облыс диқандары гектарына 61,8 центнер өнімнен 550 мың тоннадан астам күріш жинап, тағы да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ал суармалы суға байланысты суды аз талап ететін дақылдардың егістіктерін кеңейту туралы шешім қабылданып отыр.

– Суармалы суға байланысты өзекті мәселелерді азайту үшін көлемі 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, «Қызылорда» су торабын, «Әйтек» су торабын қайта жаңғырту, «Жиделі» су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары басталды, – деді аймақ басшысы.


Өз сөзінде өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясындағы салалық жұмыстарды тізбектеген облыс әкімі газдандыру мәселесіне де тоқталды.


– Үкіметтің қолдауы нәтижесінде инженерлік коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін де шешеміз. Бүгінде облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және халықтың 63%-ы табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. Келесі жылы газдандырылмаған жалпы саны 50 мың халық тұратын 5 елді мекенге, оның ішінде 3 аудан орталығына көгілдір отын беруді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облыс халқының 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады, – деді өңір басшысы.

Аймақта «COVID-19» індетімен күресте айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бүгінде екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілген. Қажеттілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсек орын дайындауға мүмкіндік бар. Үй жағдайында амбулаториялық қызмет көрсететін 138 медициналық мобильді топ және санэпид талаптарының сақталуын бақылайтын 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырылды. Індетпен күресу үшін өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты 244-ке жеткен. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Сонымен бірге, дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған.

Ал биылғы мерейлі белестер жылына орай түрлі бағытта көптеген шара өткізілген. Атап айтқанда, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында онлайн форматта 2000-ға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ, қазақтың бас ақынының мерейтойына байланысты алғаш рет облыста «Абай» операсы қойылса, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ежелгі Бәбіш-Мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарында тарихи-археологиялық зерттеулер жүргізілген.

Брифинг барысында облыс әкімі журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 

24 қараша 2020 ж. 268 0