Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында тұмауға шалдыққандар көбейді

Қызылорда облысында тұмауға шалдыққандар көбейді

Қызылорда облысында күннің суытуына байланысты тұмауға шалдыққан азаматтар қатары көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлім етті.

«Сондықтан әрбір азамат аурудың белгісі білінгенде емханаға хабарласуын сұраймыз. Дегенмен оған назар аудармаған тұрғындар бар. Бірнеше адам үйде ем қабылдап, жағдайы ауырлағаннан кейін жансақтау бөліміне түсті. Пневмонияның асқынған жағдайының алдын алуға тиіспіз. Әрбір адам жақындарының өміріне қауіп төндіруге бармауы қажет»,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыста медицина саласын қажетті техникалармен жабдықтауға мән беріліп отыр. Жуырда дәрігерлерге жедел жәрдем қызметі үшін 42 дана санитариялық автокөлік кілті табысталды. Сондай-ақ, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы еліміздегі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бағалау рейтингі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Алыс елді мекендердің халқы сапалы және дер кезінде жедел медициналық көмектің қолжетімділігін анық сезінуде.

«Республикалық маңызы бар трассалардағы жол-көлік оқиғасында зардап шеккен жолаушыларға алғашқы көмек көрсетіп келеміз. Оны дер кезінде орындауда санитарлық автокөліктердің техникалық жағдайы әсер ететіні сөзсіз»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов. Бүгінде аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 3268-ге жетті. Олардың қатарынан 3190 адам жазылып шықты. Ол 97 пайызды құрайды.

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау мақсатында 30 карантиндік төсек-орын ашылды. Бүгінде аймақта 244 өкпені жасанды желдету аппараты іске қосылды.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында карантин талаптары біршама жеңілдетілді.
16 қараша 2020 ж. 167 0