Менингит: Қызылордада жедел жәрдемге жүгінгендер көбейді
Қызылорда облысында соңғы күндерде жедел жәрдем қызметіне жүгінген тұрғындар қатары көбейген. Бұл менингококк инфекциясына байланысты тұрғындардың сақтығынан туындап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Облыста 5 маусымдағы мәлімет бойынша жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер қатары артқаны аңғарылады. Нақты айтқанда, сол уақытта облыста 1300 мәрте шақырту түскен. Осылайша шақырту күнделікті деңгейінен 25 пайызға артқан. Оның ішінде дене қызуына байланысты шақыртулар 15 пайызға өскен. Ол тұрғындардың менингококк инфекциясы сырқатына бей-жай қарамайтынын көрсетеді», - дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаева.
Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханаеваның айтуынша, науқаспен қарым-қатынаста болғандарға медициналық бақылау әлі жүргізілуде. Байланыста болған 65 азаматтың 50-не жүргізілген профилактикалық ем шаралары аяқталды. Қалған 15 азамат дәрі-дәрмекпен емделуде. Ал, 10 күннен кейін аурудың ошақ орны жабылады.
Естеріңізге сала кетелік, үстіміздегі жылдың 31 мамырында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында менингококк инфекциясы диагнозы бойынша 27 жастағы жігіт ауруханаға жатқызылып, ол бірер күннен кейін қайтыс болды. Тиісті сала мамандары Қызылорда облысы менингококк инфекциясы бойынша қауіпті аймақтар қатарында жоқ екенін айтқан еді. Қазіргі күндері Сыр өңірінде менингитке қарсы вакцинация жүргізілуде.
Әділжан Үмбет
inform.kz