Жедел кеңес өткізілді
Бұрнағы күні аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында Қызылорда облысының Полиция департаментінің бастығының орынбасары, полиция полковнигі П.Нәлібаевтің төрағалығымен биылғы жылдың 9 айында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын-алу, тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі және алдағы тұрған негізгі міндеттер бойынша жедел кеңес өткізілді. Оған аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Е.Жанәлиев және сала мамандары қатысты.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Е.Жанәлиев есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Үстіміздегі жылдың есепті мерзімінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 25,8 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, қоғамдық орындар мен көшелерде, топтасып, кәмелетке толмағандармен, отбасы-тұрмыстық және мас күйінде жасалған қылмыстардың саны азайған. Ақпарлы мерзімде атқарылған жұмыстардағы орын алған кемшіліктер жан-жақты талқыланып, оларға алдағы уақыттарда жол бермеу шаралары жөнінде шешімдер қабылданды, – деді бөлім басшысының бірінші орынбасары. Кеңесте жалпы осы жылдың 9 айында жасалған негізгі жұмыстар жайлы көпшілікке кеңінен ақпарат берілді.
Жедел кеңесте Қызылорда облысының полиция Департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі П.Нәлібаев сөз алып, ҚР Президентінің қатысуымен өткен ҚР ІІМ-нің алқалы отырысында Ішкі істер органдарына берілген тапсырмаларды жеке құрамға жеткізді. Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының азаматтармен өзара қарым-қатынасының сервистік моделін енгізудің маңыздылығы туралы мәлімдемесін, ондағы басты қағида «Қолжетімді полиция» болу қажеттігін, учаскелік полиция инспекторлары қазақстандықтардың сеніміне қол жеткізу үшін тұрғындармен ашық диалог жүргізу тиістігін атап өтті. Сонымен қатар, тергеу, анықтау және криминалды полиция салаларына азаматтардың арыз-шағымдарын уақытылы қабылдау, оларды сапалы тексеру шараларын жүргізу маңызды. Өз кезегінде заңды шешімдер шығару, арыз-шағымдарды қарау кезінде азаматтар конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мәселері бойынша қызметтік сала басшыларына нақтыланған тапсырмалар міндеттелді.
Жиынды қорытындылаған аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Е.Жанәлиев алдағы кезеңде жеке құрам арасында тәртіп пен барлық заңдылықтың сақталуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі басты назарда болатындығын айтты. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің Әдеп кодексі нормаларын сақтау жағдайына ерекше тоқталған полиция подполковнигі барлық бағытта жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеп, жедел кеңесті қорытындылады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ