Облыс әкімі департамент басшысын қабылдады
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Рафхат Бисеновті қабылдады.
Қабылдау барысында аймақ басшысы мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша Президент тапсырмасының орындалу барысын сұрап, мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеруге бағытталған бірқатар шаралар туралы пікірлесті. Өз кезегінде департамент басшысы Рафхат Бисенов аймақтағы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда жүргізілген конкурс нәтижелеріне тоқталып, 9 ай ішінде жасалған жұмыстарды баяндады.
Биыл Қызылорда облысындағы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда 572 конкурс жарияланып, нәтижесінде 379 үміткер лауазымға қабылданған. Ал, ішкі конкурстардың нәтижесімен 130 үміткердің 96-ы жоғары лауазымдарға тағайындалған.
Кездесуде департамент басшысы мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі мен мемлекеттік қызметті өткеру бағытына тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Өңірде 2020 жылдың 9 айында жергілікті атқарушы органдары 170 мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен. Есепті кезеңде 1556 қызмет беруші мекемелер тарапынан 2251641 қызмет ұсынылған. Оның ішінде 873 365 қызмет электронды түрде, 554940 қызмет баламасыз қағаз түрінде көрсетілген.
Басқосу соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылауды және электронды қызметтерді көрсету сапасын жетілдіру қажеттігін жеткізді.