Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндіктер алаңы

Мүмкіндіктер алаңы

Ұлдана Лесбаева – Шаған ауылының тумасы. 2019 жылы кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жеке бизнесін бастады. Ауыл орталығынан сән салонын бірінші болып ашты. Әзірге қарамағында бір жұмысшы бар. Бүгінде кәсібінен нәсіп тауып, шаруасын дөңгелетуде.

Шағандық Сымбат Кенжебайқызы да аталған жылы жеке кәсіп бастады. Кәсіпкерлік палатасының ұсынған бағыты бойынша білім алды, кейін мемлекеттің ұсынған қайтарымсыз қаражатын жеңіп алып, жаңа жұмыс орнын ашты. Ол бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Осылайша шағандық жастар жеке бизнестерін өрге домалатып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуде.

Қазір кез келгенімізге кәсіп ашып, шаруасын дөңгелететін жандарға мүмкіндіктер көп. Егер кәсіпкерлік саласы бойынша біліміңіз бар болса, оны жетілдіресіз, ал егерде кәсіптің қыр-сырын білмесеңіз үкімет арнайы оқу курстарын ұсынады. Курсты оқығаныңыз үшін қаржы да төленеді. Осылайша сіз кәсіп ашуға ниеттенесіз. Кейін үкімет тағы да көмекке келеді. Алғаш рет кәсіп ашқысы келетін жандарға қайтарымсыз қаражат береді. Бұл жолы сізден тек бизнес-жоспар талап етіледі. Сіз тұратын елді мекенге ең қажетті кәсіпкерлік нысанды ұсынуыңыз тиіс. Қарапайым сөзбен айтқанда бастайтын кәсіп халыққа ең қажетті болуы шарт. Сол кезде ғана грант ұтып алу мүмкіндігіңіз жоғары болады. Міне сізге таудай мүмкіндік беріліп тұр. Тек талап пен еңбек керек.

Тиісті министрлік бизнес ахуалды жақсарту бо­йынша басты бағыттар мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы жақсарту және реттеу ортасын жеңілдету болып отырғанын жеткізген болатын. 2050 жылға қарай экономикада шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін арттыру стратегиялық міндеті тұр.

Дамыған елдердің деңгейіне сәйкес 2020 жылы жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің үлесін 30, 2025 жылға қарай 35, 2050 жылы 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Ауданда 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 2272 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2090 жұмыс жасауда. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12,5 пайызға өскен. Ал екінші жартыжылдықта 2298 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 2136-ы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Яғни ағымдағы жылы 200 жаңа кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын бастаған. Бұл статистикаға қарап, ауданда кәсіп ашуға ниеттеген халықтың қарасы қалың екенін аңғаруға болады. Жоғарыда айтқандай, тек талап пен еңбек қажеттігін ескерсек, мемлекет алдына мақсат еткен деңгейге жетеріміз анық.

Жалпы кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша үкіметтің «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» секілді мемлекеттік бағдарламалары жұмыс жасауда.

Кәсіпкерлікті дамыту – нарықты дамытудың кепілі. Өркениетті елдердің қай-қайсысын алсақ та, өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Себебі, кәсіпкерлік халықтың жағдайын арттырумен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Кәсіпкерліктің осындай экономикалық және әлеуметтік функциялары оны дамыту мәселесін маңызды мемлекеттік міндеттер қатарына жатқызуға және экономиканы реформалаудың ажырамас бөлігі деп қарастыруға болады. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік – шаруашылық қызметінің маңызды түрі. Оны Адам Смит былай бағалаған болатын: «Кәсіпкер өз мүддесін өзі үшін ұтымдылық жағдайды көздейді, дей тұрғанмен ол қоғам мүддесіне қызмет етеді» деген. Кәсіпкерлердің экономиканы дамытуға қосар үлестері зор. Оны насихаттау, жалпы мұндай игі істер легі, түптеп келгенде, ұлттық кәсіпкерліктің дүниетанымдық негіздері мен қағидаларын қалыптастырып, қазақтың кәсіпкерлік рухын бір жүйеге түсіреді. Жүйесін тапқан қазақ кәсіпкерлігінің жолы – іскер азаматтың қоғам алдындағы мерейін үстем қылып қана қоймайды, ол сонымен бірге өскелең ұрпақты кәсіпке баулуда таптырмас рухани азық, жолашар құралға айналары сөзсіз.

Майя ҚОЖАБАЙ 
15 қыркүйек 2020 ж. 364 0