Аппарат мәжілісі өтті
Бүгін аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Аппарат мәжілісі басталмас бұрын аудан басшысы кадрлық тағайындауларды таныстырды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Ғ.Қайназаров пен Аманкелді ауылдық округі әкімі М.Нұрғалиевтің лауазымды қызметке тағайындалуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласы бойынша барлық мемлекеттік бағдарламалар межесінің орындалуы және жүзеге асырылу барысы туралы» болды. Бұл бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е.Ахетов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек хабарлама жасады. Бөлім басшылары «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Микробизнес-Қызылорда», «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Сыбаға», «Агробизнес», «Іскер», «Кең дала» мемлекеттік бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсеткіштерді жеткізді. Осының негізінде елді мекендерде ауыл әкімдері нақты жұмыстар жүргізіп, тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту қажеттігін атады.
«Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылу барысы туралы» аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Зұлқарнаев баяндап, бағдарлама шеңберінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде бағдарлама бойынша іске асырылып жатқан жобаларда тұрғындар жұмыспен қамтылып жатқандығын назарға ұсынды.
Жалпы, инфрақұрылымдық жобалар бойынша ашылу керек 427 жаңа жұмыс орындарынан, бүгінгі күнге 359 жаңа жұмыс орындары ашылып, бұл көрсеткіш 84,1 пайызға орындалған. Келісімшарт жасалған жобалар бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы 215 адам жолдану керек болса, бүгінгі күнге 18 инфрақұрылымдық жобалар бойынша 232 адам жұмысқа тартылған.
Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Омаров баяндады.
2020-2021 оқу жылының 1 тоқсанын қашықтықтан оқыту жоспарлануда. 1-4 сынып оқушыларына ата-аналар өтініші бойынша кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Аудан бойынша 244 кезекші сыныпта 3417 оқушы оқиды. Ал білім беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық және 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқытылатын болады. Еліміздегі эпидемиялық ахуал тұрақталған жағдайда мектеп оқушылары кезең-кезеңімен дәстүрлі оқытуға көшпек. Аудандық білім бөлімінің басшысы жаңа оқу жылына оқулықтарды жеткізу, қашықтан оқуға электронды құрылғылар алыну жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Аппарат мәжілісінде аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Әр сала бойынша тиісті хаттамалық тапсырмаларды жүктеді.