Қысқа ерте қамданған жөн
Жадыраған жаз мезгілі аяқталысымен күн салқындап күз келеді, артынша қытымыр қыс мезгілі басталады. Халқымыз «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деп бекер айтпаса керек-ті. Сол айтқандай, қыс мезгіліне ерте қамданып, жылу беру маусымына дайындық осы кезден пысықталмаса, кейін үлкен мәселе туындайды. Сондықтан ауданда қазірдің өзінде жылу маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияровпен сұхбаттасқан едік.
– Ержан Бахтиярұлы, жыл сайын жылу беру маусымына алдын ала қам жасалатыны белгілі. Жылу қазандықтары жөнделеді, қажетті отын қорлары әзірленеді. Жалпы, биылғы жұмыстардың барысы қалай?
– Аудандағы әлеуметтік нысандарды жылу маусымына әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін аудандық штаб құрылып, тиісті іс-шаралар бекітілді. Соған сәйкес, аудан бойынша 80 әлеуметтік нысанға жылу беріледі. Оның ішінде 46 нысан сұйық отынмен, 34-і қатты отынмен жылытылады. Жергілікті 57 әлеуметтік нысанның жылу маусымына қажетті сұйық және қатты отын сатып алуға қажетті қаражат толығымен бөлінді. Қатты отын тасмалдау тамыз-қыркүйек айларында жүргізілетін болса, сұйық отын қойманың сыйымдылығына байланысты жеткізіледі. Айта кетейін, бүгінгі күнге әлеуметтік нысандарда 466,6 тонна қатты отын және 112,8 тонна сұйық отын қоры бар. Ал жылу қазандықтарын ағымдағы жөндеу шілде-тамыз айларына жоспарланып, жоспарға сәйкес атқарылуда.
– Әлеуметтік нысандардан бөлек, аудан халқын қатты отынмен, яғни көмірмен қамтамасыз ету қажет. Күн суытқанда жұртшылық көмір қоймаларына ағылатыны белгілі. Осы ретте, көмір қорын жасақтауға байланысты қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Өздеріңізге белгілі, ауданға «Углесбыт» ЖШС, «Нұргүл» ЖШС, «Нұрдаулет» ЖК және «Матаева» ЖК қатты отын тасымалдайды. Қазіргі уақытта тасымалдаушы кәсіпкерлер қатты отын өндіруші мекемелермен көмір бағасы бойынша келіссөздер жүргізуде. Осы жылдың 25 тамызына дейін аудандағы елді мекендерге 20 мың тонна көмір жеткізуге меморандум жасалады. Бүгінгі күнге «Углесбыт» ЖШС-нің базасында 200 тонна «Шұбаркүл», 200 тонна «Екібастұз» көмірі барын айта кеткен жөн. Көмірлер тиісінше 14500 және 13000 теңгеден тұрғындарға еркін сатылуда. Аудан тұрғындарының қысқа ерте қамданып, қазірден бастап көмір алуларына мүмкіндігі бар.
– Енді аудан орталығы үшін осы тақырыптағы ең маңызды мәселеге тоқталғым келіп отыр. Қазір көпшілікті толғандырған газдандыру мәселесі екені анық. Аудан орталығында газ құбырлары жүргізіліп, жұртшылық «биыл газ қосылады» деген үмітпен жүр. Осы орайда, көгілдір отын нақты қашан берілетінін айтып өтсеңіз?
– Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары 2 жылға жоспарланғаны белгілі. Өткен жылы тиісті жұмыстар жүріп, биылғы жылы да монтаждау жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі таңда аудан орталығында 11,5 шақырым жоғарғы қысымдағы және 85,2 шақырым орта қысымдағы газ құбырлары толық жүргізілді. Жоба бойынша тұрғын жайларға арналған 2162 дана және жобада қаралмаған шкафты газ тарату пунктерін орнату жұмыстары жасалуда. Осы ретте, көгілдір отын жоспар бойынша 2020 жылдың қыркүйек айына дейін пайдалануға берілуі қажет болатын. Дегенмен, әлемді жайлаған індеттің салдарынан шет мемлекеттерден алынатын газ қондырғыларын жеткізуде мәселе туындап, мерзімінен кешіктіріліп келуде. Сондай-ақ, елімізде төтенше жағдай енгізілгенде сәуір және мамыр айларында жұмыстар уақытша тоқтады. Осының әсерінен мердігер мекеменің өндірістік жұмыс кестесінде жоспардан ауытқу орын алып, Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары биылғы жылдың жылу беру маусымына дейін қосылмау қаупі туындап отыр. Соған байланысты аудан халқы, оның ішінде кент тұрғындары қазірден қысқа қамданып, қатты отынды ертерек сатып алғандары жөн. Дана халқымыз «Қамданған қапы қалмайды» деген. Газдандыру жұмыстарының жоспардан кешігуіне орай тұрғындардың жылу маусымына осы кезден әзірлік жасауын ескертеміз.
Сұхбаттасқан Ердос БЕРКІНБАЕВ,
аудандық «Тіршілік тынысы» газеті
бас редакторының орынбасары