Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Г. Әбдіқалықова: «Сақтық шаралары тұрақты түрде сақталуы керек»

Г. Әбдіқалықова: «Сақтық шаралары тұрақты түрде сақталуы керек»

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының м.а. А.Әбдікаимова мен Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының м.а. Ш.Амитовті қабылдады. Жиында карантиндік талаптардың сақталуы және карантин кезеңінде анықталған құқық бұзушылықтар талқыланды.

Аймақ басшысы карантин режимін бұзуды болдырмау және құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау жұмыстарын күшейтіп, карантиндік режим аяқталғаннан кейін де жалғастыруды тапсырды.

«Облыс бойынша соңғы күндері коронавирус індеті мен пневмониямен ауырып жатқан азаматтардың санының төмендеуі байқалады. Қабылданған шаралар нәтижесінде төсек-орындардың, өкпені жасанды желдету құрылғыларының, оттегі концентраторларының саны көбеюде. Дегенмен, босансуға болмайды, тұрғындарымыз азаматтық жауапкершілікті берік ұстануы керек. Біз бұған дейін тұрғындарға шектеу талаптарының сақталуының қажеттілігі туралы бірнеше рет үндеу жасаған болатынбыз. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін облыс бойынша жеке тұлғалар және бизнес субьектілері тарапынан карантиндік талаптардың бұзылу фактілері орын алуда. Карантин режиміне қарамастан облыс аймағында көп адам жинап, ас беру, үй жағдайында той, беташар өткізу байқалады. Карантин кезеңінде анықталған құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау керек. Баршаңызға белгілі 25 шілде күні 82 жасында белгілі академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев өмірден озды. Сонда, ағайын-туыстарына соңғы өсиеті – көпшілік бір жерге шоғырланбасын, ауруды жұқтыру қауіпі болмасын деп қоштасу рәсімін бір жылдан кейін өткізу болған. Халық арасында осындай сана қалыптасу керек», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап әкімдік, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, полиция департаменттері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен еріктілерден құрылған 24 мобильдік мониторингтік топ жасақталды.

Мобильдік топтар карантиндік режимді бұзу жөнінде 228 дерек анықтап, материалдарын шешім қабылдау үшін аумақтық санитарлық дәрігерлерге жіберді. Полиция қызметкерлері тарапынан 337 құқық бұзушылық анықталған. Ең көбі - Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданыда.

Соңғы аптада аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Дегенмен облыс әкімі қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерлерде міндетті түрде медициналық бетперде тағып, қарапайым гигиеналық нормаларға жіті мән беру керектігін ескертті.

Сонымен қатар, өңір басшысы облыстық полиция департаментіне жасөспірімдер қылмысы, оларға қатысты құқық бұзушылықтар, шомылу кезіндегі жазатайым оқиғалар және тұрмыстық зорлы-зомбылық фактілеріне аса назар аударуды тапсырды.
27 шілде 2020 ж. 313 0