Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 10 оттегі баллонын алып берді

10 оттегі баллонын алып берді

Елдегі сындарлы сәтте ден­саулық сақтау саласына және қауіпті індетке шалдыққан нау­қас­­­­­тарға қолдау ауадай қажет. Оның үстіне дерттің өрши түсуі жұрт­­шылықты абыржытып, әбі­гер­­ге салғаны рас. Осы ретте жана­шыр азаматтардың қолдауы анық се­­зілді. Игі іске бақ қонып, қы­дыр дарыған Жұ­ма­ба­евтар әулеті де өз үлесін қосты.

Ауданға белгілі Жұмабаевтар әулетінің ұл-қыздары бүгінде ел дамуының түрлі саласында жемісті еңбек етіп келеді. Олар ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтап абырой биігінен көрініп жүр. Тұла бойларына тектілік дарыған перзенттердің туған жерге, өздері туып-өскен өңірге деген құрметі де ерекше. Оны сөзбен де, іспен де дәлелдеп келеді.

– Науқастарға оттегі баллондары керек дегенді естіп, аудандық аурухана басшылығымен сөйлестім. Оларға әулетіміздің атынан көмек көрсетуге дайын екенімізді айттым. Бас дәрі­гердің міндетін атқарушы соңғы кезде науқастардың саны артқанын, соған сәйкес оттегі баллондарының жетіспейтінін атап өтті. Сөйтіп әулеттегі ағаларым, інілерім, әпке-қарындастарым ақыл­даса келе, 400 мың теңге қаржы жинадық. Осыған қала орталығынан 10 дана оттегілік баллон сатып алдық және ауруханаға өткіздік. Бұл біздің қиын сәтте жер­лестерімізге деген қамқорлығымыз әрі азамат­тық міндетіміз, – дейді әулеттің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов.

Айта кету керек, әулет мүшелері көп кешіктірмей оттегі баллондарын аудандық емханаға өткізді. Жұмабаевтар әулетінің тартуын мамандар санитарлық та­лап­тарға сәйкес қабылдап алды. Осы ретте аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ә.Іскендірова іргелі әулеттің жанашырлығына ризашылығын білдірді.

– Қазіргі таңда COVID-19 індетімен көп болып күресіп, жұрт болып жұмылып жатырмыз. Осы жерде еріктіліктің, жанашырлықтың үздік үлгісін көрсетіп, қайырымдылық танытып жүрген аудан азаматтарының еңбегін ерекше атап өту керек. Шынайы жанашырлықпен жандарын салып, барын аямай, бірліктің бесігін тербеткен жандарға бас иіп, алғыс айтамыз. Жұмабаевтар әулетінің тартуы науқастардың игілігі үшін қолданылады. Әр баллон ауа жетпей қиналған адам үшін аса маңызды. Сондықтан бұл көмек дер кезінде көрсетілді. Талай отбасына қайғы құштырған бұл індеттен тез құтылуды жазсын. Барымыздың бағасын біліп, айналамыздың амандығын тілейік, – дейді Әлия Іскендірова.

Иә, біріксек, бір-бірімізге жанашырлық таныт­сақ алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Осы ретте тереңөзектік Жұмабаевтар әулетінің игі ісі көпшілікке үлгі. Мезетінде шешілген мәселеге ақ халатты абзал жандар да, науқастар да риза. Лайым, қарапайымдылық пен қайырымдылықты ұштастырған іргелі әулеттің ынтымақ-бірлігі артып, бақыты баянды болғай!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
21 шілде 2020 ж. 835 0