Іс-шаралар онлайн форматта өтуде
Атақты Уинстон Черчилльге 1943 жылы бюджетті бекітуге алып келгенде, ол маңызды құжатта мәдениет саласына қаржы бөлінбегенін байқайды. Оның себебін сұрағанда, «соғыс жүріп жатқанда мәдениетке ақша бөлудің қажеті қанша» деген уәжді естиді. Сонда Черчилль «Мәдениетті ұмытсақ, несіне соғысып жатырмыз» деп бюджетке қол қоймай жіберіпті.
Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел. Халқымызда «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» деген тағылымды сөз бар. Мәдениет саласын дамыту, өнерлі азаматтарға қолдау көрсету еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап жүргізіліп келеді. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жетістіктеріміз де бар. Осы ретте қазақ өнері мен мәдениетінде Сыр өңірінің алатын орны ерекше екенін атап өтуіміз қажет.
Сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, қағытпа сөздің қара нары Қалтай Мұхамеджанов, театр анасы Сәбира Майқанова секілді дарынды тұлғалар туып өскен Сырдария ауданының қасиетті топырағынан елімізге ғана емес, әлемге танылған көптеген таланттар түлеп ұшты. Олардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес. Халыққа рухани мол қазына сыйлап, айналасын думанға бөлеп жүретін сахна саңлақтары алдыңғы буынның өрісті де келісті ісін бүгінде лайықты жалғастыруда. Бұл сөзімізге төтенше жағдай кезеңінде де карантин талаптарына сәйкес халыққа мәдени қызметін ұсынып жатқан сала мамандарының жүйелі жұмысы дәлел бола алады.
Әлеуметтік желінің әлеуеті артқан кезеңде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйі «Фейсбук» әлеуметтік желісінен мекеменің ресми парақшасын ашып, жұмыс жүргізе бастады. Ресми парақша арқылы алғашында хабарландыру, құттықтау және аудан өнерпаздарының жетістіктері жария етілсе, уақыт өте келе бұл бағытта жұмыстар жетілдірілді. Қазіргі таңда атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар халық назарына онлайн форматта ұсынылуда. Бір сөзбен айтқанда, ел-жұрт үйде отырып-ақ аудан өнерпаздарының концертін тамашалай алады. Тек қолыңызда ғаламторға қосылған ұялы телефоныңыз болса жеткілікті.
– Әріге бармай-ақ соңғы екі ай көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталсақ. Мамыражай мамыр – мерекелерге толы ай. Мамыр айының алғашқы күнінде елімізде Алғыс айту күні аталып өтіледі. Аталған мерекеге орай аудандық мәдениет үйі «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы арқылы «Достығымыз жарасқан» тақырыбында онлайн концерт ұсынды. 52 минутты құрайтын бейнежазбаны 500-ден астам әлеуметтік желі қолданушы тамашалап, оның 181-і өз пікірлерін жазып қалдырыпты. Сондай-ақ 37 азамат бейнежазбаны өз парақшаларына бөліссе, 287 желі қолданушысы ұнату белгішесін басқан. Бұл онлайн форматтағы концерттің аудан тұрғындарына ғана емес, облыс аумағында кеңінен таралғанын білдіреді. Ал «7 мамыр – Отан қорғаушы күніне» арналып ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын мәдениет саласының қызметкерлері бірнеше күн бұрын жариялады. Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылары іс-шаралардың қай уақытта өтетінінен хабардар болды. Бұл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысы ашықтық пен жариялылыққа негізделгенін аңғартады. Сәйкесінше, негізгі іс-шара, яғни «Ер – елінің қорғаны» атты мерекелік концерт көпшілік назарына 7 мамыр күні ұсынылды. Концерттік бағдарламада аудан әкімі Руслан Рүстемов бейнежазба арқылы көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтаса, аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқады, көріністер қойылды. Бұл жолғы концертті әлеуметтік желі арқылы 600-ге жуық азаматтамашаласа, 250-ден астам әлеуметтік желі қолданушы пікір білдірді. Яғни көпшілік қауым мәдени-көпшілік іс-шараларды әлеуметтік желі арқылы тамашалауға дағдыланды. Ұлы Жеңіс күніне арналған «Желбірейді Жеңіс туы» атты концерттің де қаралымы көп болды. Ұлттық домбыра күні, Елорда күні мерекелері де онлайн форматта ұйымдастырылды, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев.
Онлайн форматтағы іс-шаралар кәсіби мерекелерге байланысты да ұйымдастырылуда. Мәдениет саласының қызметкерлері дәрігерлердің, құқық қорғаушылардың, журналистердің мерекесін атап өтуді назардан тыс қалдырған жоқ. Әр мерекеге орай тақырыптық концерттер ұйымдастырылып, ол бейнежазба ретінде әлеуметтік желіге жариялануда. Сондай-ақ елдегі төтенше жағдайға байланысты карантин талаптарын сақтаудың маңыздылығы кеңінен насихатталуда. Бұл ретте аудандағы зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің, сала мамандарының және ерікті жастардың пікірлері жарияланып, әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Бұл үйде отырған, қолынан ұялы телефон түспейтін әрі күнделікті бір-екі сағатың әлеуметтік желіге арнайтын азаматтар үшін пайдалы. Атап өту керек, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің жүйелі жұмысы ауылдық округтерде де өз жалғасын табуда. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар мүшәйраларды, байқауларды онлайн форматта ұйымдастырып, жариялап келеді. Сондықтан карантин кезінде мәдениет саласының мамандарының қолы бос, жұмысы азайды деп айту негізсіз. Олар елге рухани күш пен ерік-жігер беріп, елдің назарын игі істер мен жақсылықтарға аудару үшін аянбай еңбек етіп келеді.
«Қызметіміз – халыққа, өнеріміз – көрерменге» деген ұранды ту етіп, өз жұмыстарын адал атқарып жүрген мәдениет саласының майталмандарына алғыс айтамыз. Аудан тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушыларын карантин кезінде концерттік бағдарламаларды онлайн тамашалау үшін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларына тіркелуге шақырамыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ