Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімінің үндеуі

Облыс әкімінің үндеуі

Құрметті қызылордалықтар!

Әлемді жайлаған індет облыс аумағында таралып, денсаулық сақтау саласының қалыпты жүйесін өзгертіп, адам өміріне қауіп төндіруде.

Вирустың алғашқы күндердегі таралуында елімізде төтенше жағдай енгізіліп және қатаң шаралардың қабылдануының арқасында індеттің алғашқы легін тежей алдық.

Алайда, экономикалық-әлеуметтік қажеттілікке орай, шектеулер жеңіл­детілді. Соның негізінде тұрғындар арасында санитарлық талаптарды ескер­меу белең алды. Вирустың барына сенбеушілік көбейіп, оқшауланудан шығып, көпшілік басқосулар жиіледі.

Індетті жұқтырғандар 1 маусымға 357 жағдай тіркелсе, бүгінгі күні науқастар саны 1379-ға жетті. Оның ішінде 897 адам, яғни 65 пайызы жазылып шықты.Сондай-ақ, инфекция анықталған азаматтармен қарым-қатынаста болған 7929 адам бақылауда болды. Өкінішке орай, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы арнайы комиссияның қорытындысымен облысымызда короновирустан қайтыс болған азаматтар анықталуда.

Облыстық Ұлттық сараптама орталығында 2 стационарлы, 1 жылжымалы полимеразды тізбекті реакция (ПТР) қондырғысы және облыстық фтизиопульмонология орталығында 1 ПТР қондырғысы жұмыс жасауда. Жалпы бүгінгі күні 56 592 сынама тест алынса, бұл көрсеткіш тәулігіне 500-ге дейін жеткізілген.Өңірімізде инфекциялық стационарда 515, провизорлық стационарда 1670 төсек-орын дайындалды.

Тиісінше, инфекциялық стационарда 200 (38 пайыз), провизорда 1257 (75 па­йыз) науқастар емделуде.Облыстағы 76 өкпені жасанды желдету аппаратына маусым айында 20 портативті аппарат алынып, қосымша 63-не тағы да өтінім берілді.

Облыстық медициналық мекемелерде 5 компьютерлік томография қызмет көр­сетуде. Қажеттілікке байланысты тағы осындай екі аппарат алу жоспарлануда.Ауруханаларда дәрілік препараттар мен жеке қорғаныш құралдарының 45 күнге жетерлік қоры жасақталған. Жаңадан ашылған провизорлық стацио­нарлардағы пациенттерді емдеу үшін СК «Фармация» республикалық мекемесіне қосымша өтінім берілді.
Маусым айының ортасынан бастап пневмония дертінің өршуімен жағдай бұрынғыдан күрделеніп келеді. 2019 жылдың маусым айында осы аурумен 147 адам тіркелсе, биылғы жылы 1740 науқас анықталды. Өсім 10 еседен артық.Осыған сәйкес дәрі-дәрмекке сұра­ныс күрт өсті. Қазіргі уақытта қабыл­данған шаралар негізінде қажетті препа­рат­тардың алды дәріханаларға келе бастады.

Сонымен қатар, үйде ем алушыларға қосымша көмек беру мақсатында 50-ден астам дәрігерлік мобильдік топтар құрылды. Оларға әкімдіктер тарапынан автокөліктер бөлінді.

Ағымдағы жылғы 29 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдеріне індеттің тез таралуын болдырмаудың барлық шараларын жасауды тапсырды.Осыған байланысты Мемлекеттік Бас санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде облысымызда эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шаралары енгізіледі. Шектеу шаралары кейін эпиде­миологиялық жағдайға байланысты 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаң­датылуы мүмкін.

профилактикалық шаралар короновирустың кең таралуын барынша азайтуға, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Құрметті жерлестер!

Өңірімізде енгізілетін шектеулерге түсіністікпен қарап, қолдауға шақырамын.
Елбасы қазақстандықтарға Үн­деуінде: «Халқымыз басқа түскен қиындықты өзінің қайрат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенімдімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақсы күндері алда. Біз Біргеміз! Біз жеңеміз! Біздің ұранымыз – осы» деп нақты айтты.

Сыр бойында да талай қиындық болған, оны халқымыз жігерлікпен, сабырлықпен жеңген.
Бір-бірімізге жанашыр болайық!
Біз біргеміз!

07 шілде 2020 ж. 510 0