Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең маңызды мамандық иелері

Ең маңызды мамандық иелері

Маусым айының соңғы онкүндігінде кәсіби мерекелер көп. Атап айтқанда, маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері төл мерекелерін атап өтсе, 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күні. Қоғамдағы ең маңызды мамандық иелерінің кәсіби мерекелері жаздың жайма шуақ кезеңімен тұспа-тұс келеді.

Медицина саласының мамандары үшін биылғы жыл ерекше қиындықпен өтуде. Олай дейтініміз, жыл басынан бері ақ халатты абзал жандар әлемдік пандемияға ұласқан коронавирус инфекциясымен күресуде. Жұқпалы індеттің таралуы күн санап артқан сайын сала қызметкерлерінің де жұмысы еселене түскен. Десе де адамның денсаулығына қырын қарамайтын дәрігерлер жанкештілікпен жұмыс істеп, өз саласының нағыз кәсіби мамандары екенін дәлелдеуде. Осындай тынымсыз еңбегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, өз ризашылығын білдірген болатын.

«Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық» – деді Қазақстан Президенті.

Жалпы адамның басы ауырып, балтыры сыздаса ақ халатты жандар көмегіне жүгінеді. Осының өзінен-ақ дертке дауа, емге шипа жасайтын медицина мамандарының қоғамдағы рөлін аңғаруға болады. Ендеше дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы деп білеміз. Өз саласының білгірлері туралы арнайы 3-беттен оқи аласыздар.

Қазіргі таңда ел тыныштығын қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері де тынымсыз қызмет етуде. Індетке байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, шектеу шаралары жүзеге асқанда күн демей, түн демей ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етті. Блок бекеттерде, көшелерде сақтық шараларын қамтамасыз етуге атсалысып, қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстады. Бүгінгі таңда да құқық қорғау қызметкерлеріне тыным жоқ. Өйткені жұқпалы індеттің таралуы қайта өршіп, соған сәйкес шектеу талаптары да қайта күшеюде. Ал бұл тұста полиция қызметкерлері сап түзеп, әрқашан ел қауіпсіздігі жолында берген серттеріне адал екендіктерін дәлелдейді.

Ел қорғаны ретінде алдыңғы шепте жүрген погонды азаматтарға Ел Президенті Қ.Тоқаев өз мәлімдемесінде «Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын» – деді.

Негізі, 1992 жылы 23 маусымда ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы 5 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды Полиция күні деп бекітті. Содан бергі уақытта бұл күн полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып келеді. Ауданның қырағы полицияларын газеттің 2-бетінде қамтып өттік.

Халық даналығында «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Яғни мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жұмыстардың барлығы мемлекеттік қызметке жататын болса, оны іске асыратын мемлекеттік қызметші екені анық. Ал осы мемлекеттік қызметшінің білім-білігі жоғары болса, онда мемлекеттің жағдайы мықты, ел-халықтың әлеуеті жақсы болатыны белгілі.

Қай кезеңде де мемлекеттік қызметтің жүгі ауыр, міндеті ауқымды. Осыған байланыс­ты мемлекеттік қызметшіге үлкен міндеттер жүктеледі. Оның жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, зор жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберліктері мен білік­тілігіне сенім артқан жандардың көңілінен шығу да әркез қиын. Міне осындай іскерлік пен жауапкершілік үдесінен шығып жүрген мемлекеттік қызмет саласының мамандары ел дамуы жолында аянбай еңбек етуде. Олардың іркіліссіз қызметінің нәтижесінде ширек ғасырдан аса уақытта егемен еліміз гүденіп, даму белестерін бағындырып келеді.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі ресми түрде 2013 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің №716 Қаулысымен бекітілді. Биыл атаулы мереке жетінші рет аталып өтілуде.

Негізі дамыған мемлекет тек қана тиімді және кәсіби мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Осы ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ қалыптасу жолынан өтті. Бүгінгі таңда еліміздің мемлекеттік қызмет саласы өркендеген. Соған сай мемлекеттік қызметшілердің де мерейі үстем. Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет екенін білетін сала мамандары елді дамыту жолында іскерлік пен жауапкершілік танытып келеді. Осы тұста мемлекеттік қызметшілердің мерейі үстем болсын демекпіз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
23 маусым 2020 ж. 543 0