Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов латын әліпбиі туралы: Келісіп пішкен тон

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов латын әліпбиі туралы: Келісіп пішкен тон


Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің жаңа редакциясы туралы жарлыққа қол қойды. Осы орайда Мәжіліс депутаты, әдебиет сыншысы, журналист Сауытбек Абдрахманов пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Жаңа әліпби жобасын тағы да қайта-қайта қарау, әбден иін қандыру керек екендігі түсінікті. Бұл жер – жеті рет өлшейтін жер емес, бұл жер – жетпіс жеті рет өлшейтін жер. Сондықтан да біз қазірше асатпай жатып құлдық демей тұрмыз».
Өткен жылдың қыркүйегінде қазақ жазуын латын графикасына көшірудің мәселелерін талқылаған Парламенттік тыңдауда сөйлеген сөзімізде осылай деген едік. Ол сөз республикалық баспасөзде толық күйінде басылған да болатын. Сол Парламенттік тыңдаудан кейін басталған қызба-қызу пікірталас бара-бара шын мәніндегі бүкілхалықтық талқылауға ұласып кете барды. Елбасымыздың жаңа әліпбиге ауысудың жай-күйін дәл осындай көлемде талқылаған ел әлемде бұрын-соңды болмағанын атап айтқаны да есімізде.

Жалпы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел өміріне тікелей қатысы бар шешімдерді халықпен кеңінен ақылдасып барып қабылдау керектігін қайта-қайта қадап айтып та келеді, солай етудің үлгісін өзі танытып та келеді. Дәл осы мәселеде бұл тіпті келісті көрінді. Әуелі диграфтар мен диакритикалық белгілерге негізделген бір жоба баспасөзде жарияланды. Парламенттік талқылауда сол нұсқа талқылауға түскен болатын. Оның жетістіктері мен кемістіктері сарапқа салынды. Жетістігінен кемістігі көбірек деген пікірге ойысты жұртшылықтың ойы. Араға бірер ай салып барып, таза қазақы әріптерді апострофтардың көмегімен таңбалауға негізделген жаңа нұсқа таразыға тартылды. Бұл нұсқа алдындағыдан анағұрлым дұрыс екен, сөзді әртүрлі оқымауға, қилы-қилы дыбыстауға мүмкіндік бермейді екен десті жұртшылық. Бірақ бара-бара сонысымен қатар жазуды қағазға түсіргенде сырт суретінің көзге сүйкімді көрінбейтіні де бар екен деген пікірлер белең ала бастағандай болды.
Енді, міне, ел мен Елбасы етенелігінің ерекше бір көрінісіне куә болып, қуанып отырмыз. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы N 569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» 20 ақпанда жарияланған Жарлығы бойынша әліпбиіміз жаңа редакцияда жазылатын болып шешілді.
Неге қуанып отырмыз дейміз? Жазуды жаңғырту – тілді жаңғырту. Тілді жаңғырту – елді жаңғырту. Бұл мәселенің тағдыршешті сипатын соншалықты сергек сезінгенімізге, әліпби ауыстырудың тіл тағдырын ғана емес, ел тағдырын да айқындайтынын баршамыздың білгенімізге, ана тіліміздің болашағына осыншалықты жанашырлық танытқанымызға, қысқасы – елдік мінезімізге қуанып отырмыз. Ел сөзіне ерекше құлақ түрген, бұл іске оңынан да, солынан да, тігінен де, көлденеңінен де қараған, бәрін, бәрін ескерген, жеті рет емес, жетпіс жеті рет өлшеген Елбасымыздың тарих алдындағы жауапкершілігіне тағы бір мәрте куә болғанымызға қуанып отырмыз. Егемендіктің елең-алаңында-ақ басталған, осыдан бес жыл бұрынғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген, өткен жылғы сәуір айында жарияланып, жан дүниемізді сәуірде есетін алтынкүректің самалындай желпіп өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы еңбегінен кейін бөлекше серпінмен қолға алынған істің тамаша тиянақ тапқанына қуанып отырмыз.
Неге тамаша тиянақ тапқаны дейміз? Өйткені, бұл Жарлық қалың көпшіліктің жаңа әліпби қалыптастыруға қойған басты талабының үдесінен шыққандығымен аса бағалы. Ол талап – бір дыбысты бір таңбамен белгілеу. Жалпы, негізінен естілгені бойынша жазылуы – алфавит атаулының даусыз артықшылықтарының бірі. Олай ету жазуды да жеңілдетеді, оқуды да жеңілдетеді, демек тіл үйренуді де жеңілдетеді. Тілді айқын етеді. Сөзді дәл жаздыртады, дыбысты дәл естіртеді. Жаңа әліпбиден көпшіліктің күткені де осы еді. Халықтың, қалың жұртшылықтың пікірін талай мәрте таразыға тартып, тарихи мәні бар тағдырлы мәселеге барынша байыпты көзқарасты талап еткен, сөйтіп түптің түбінде барша ел күткен шешімге қолымызды жеткізген Елбасымызға айтар алғысымыз айрықша. Қазақтың «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейтіні де осыдан ғой. Жаңа әліпби – рухымызды жаңғыртудың жарқын жетістігі. Құтты болсын айтамыз барша ағайынға!
23 ақпан 2018 ж. 799 0