Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шахтинск мектебінде қоңырау соғылмайды

Шахтинск мектебінде қоңырау соғылмайды

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында финдік білім жүйесінің кейбір элементтері енгізілді. Бұл туралы 24 kz хабарлады.

Қазір елді мекеннің білім мекемелерінде қоңырау соғылмайды. Ал оқушылар үшін еркіндік аймағы мен тақырыптық мұражай ашылған. Айта кету керек, финдік білім жүйесі соңғы 15 жылда еуропа елдерінде көшбастап тұр.
Сабақ арасында соғылатын қоңыраулар екі ай бұрын алынып тасталған, осының арқасында мектепке кешігіп келетін оқушылардың саны 30%-ға азайды дейді педагогтар. Мұнда балалар бір кезекпен оқиды. Күніне ғимаратқа 800-ге жуық оқушы келеді.
"Балалар қоңырауды естігенде, бірін бірі итеріп, құлап жататын. Қазір мектеп ішіндегі тәртіп әлдеқайда түзелді. Оқушылардың жарақаттануы азайды. Сонымен қатар, Шахтинск қаласындағы мектептерде парталар дәстүрлі түрде қойылмайды. Жаңа білім жүйесіне сәйкес, оқытушы пәнмен оның тақырыбына байланысты парталарды өзгертіп отырады", - деді №7 мектеп директоры Оксана Пауль.
"Бұған дейін, соңғы партаға сабақ оқуға құлшынысы жоқ балалар отырып алатын. Ал қазір ондайға жол берілмейді. Бұрын оқытушыға соңғы партада отырған балалардың немен айналысып отырғаны көрінбейтін. Қазір әр оқушының жұмысы көз алдында", - деді №7 мектеп оқушысы Диас Байсеитов.  
Шахтинск қаласындағы мектептерде балаларға арналған еркіндік аймағы бар. Бұл жерде оқушылар сабақтан тыс уақыттарын өткізе алады. Оқытушылар балалардың мектепте өткізетін уақыттарын барынша қолайлы етуге тырысқан. Мұндай білім жүйесін педагогтар Финляндияда біліктіліктерін арттыру барысында ала келген.

24 наурыз 2019 ж. 674 0