Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге ту тіккен

Туған жерге ту тіккен

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихында облыс әкімі лауазымына тағайындалған тұңғыш әйел азамат Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Сыр өңіріндегі аса жауапты қызметіне кірісіп кетті. Мемлекет басшысы сенім артқан және бұған дейін мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, абырой биігіне көтерілген тұлғаға шын жүректен сәттілік тілейміз.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың анасы» деп баға берген киелі Сыр өңірінің тізгінін қиын кезеңде қолға алған жаңа облыс әкіміне Арал мен Жаңақорған аудандары арасындағы аймақ бөтен емес. Құт қонып, бақ дарыған бұл мекен Гүлшара Наушақызының ата-бабасының қасиетті төрі, кіндік қаны тамған туған жері. Өзі де алғашқы еңбек жолын осынау киелі өңірде бастап, үлкен өмірге жолдама алған болатын. Міне, енді мол тәжірибе жинап, кемелденген шағында Туған жеріне қайта оралып, өңірдің өсіп-өркендеуі үшін еңбек етпек. «Туған жерге ту тікті» деген осы шығар...
Жаңадан тағайындалған облыс әкімі жөнінде өзім білетін бір-екі естелікпен бөлісуді жөн көрдім. 2018 жылдың тамыз айында республикалық деңгейде тойланған Сырдария ауданының 90 жылдық мерейтойын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, думанды мерейтой дүркіреп өтті. Айтулы мерейтой кезінде мен аудан әкімінің баспасөз хатшысы едім. Сол кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметін атқаратын Гүлшара Наушақызы Сырдариялық жерлестеріне Құттықтау жеделхатын жолдады. Туған жерге деген ерекше құрмет пен алғаусыз ақ тілек ұштасқан бұл Құттықтау жеделхаты біз үшін зор қуаныш болды. Мемлекеттік хатшының жерлестеріне деген бұл құрметі сол кезде аудан әкімінің баспасөз қызметінің үйлестіруімен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандырылды. Құттықтау жеделхатында: «Сыр елі – алты Алаштың басын қосып, бағын асырған киелі де тарихи мекен. Бұл өңірде Шірік-Рабат Жанкент, Сығанақ сияқты көне астаналар орын тепсе, Кеңестік дәуірде – Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болып тарихта қалды. Талай тарихты қойнауына бүккен бүгінгі Сырдария ауданы – сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішев, ақын-жазушылар Танәш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Нұрхан Жанаев, Қайырбек Асанов, Қанафия Дәрібаев сынды талантты тұлғаларды өмірге әкелген өркенді өлке. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының аясында аудан дамудың даңғыл жолына түсіп, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында серпінді жұмыстар атқарылуда. Сырдария ауданының бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері мен табыстары жергілікті жұртшылықтың ынтымағы мен бірлігінің айқын айғағы және еселі еңбектің жемісі деп білеміз. Ауданның 90 жылдық тарихи-шежірелі мерейтойын жоғары деңгейде атап өту барша сырдариялықтар үшін зор мәртебе. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы сырдариялықтардың игілікті істері табысты болсын!» делінген болатын. Қазір аталған Құттықтау жеделхаты Тереңөзек кентіндегі «Еңбек Даңқы» музейінің төрінде тұр. Бұл Туған жерге деген сүйінпеншіліктің жарқын үлгісіне айналған тағылымды іс десек артық айтқандық емес...
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Сырдария ауданын байланыстыратын мен білетін екінші естелік 2019 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттарының ауданға іс-сапармен келіп, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысының өтуімен байланысты. Аталған іс-сапар аясында Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Наушақызы бастаған депутаттар аудандағы әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлерімен және тұрғындармен кездескен болатын. Сондай-ақ Nur Otan партиясының аудандық филиалы ғимаратында жеке қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауда болған аудан тұрғындары тұрғын үй құрылысын жүргізу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының Шаған ауылы тұсынан айналма жол салу, кенттегі жаңа инфрақұрылым жүргізілген аймаққа жол мен су жеткізу, жұмыспен қамту, темір жолға өткел салу секілді маңызды мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Бүгінде аудан әкімдігі орталық және облыстық атқару органдарымен бірлесіп, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштерді жүзеге асыру бағытында жұмыс жасауда. Атап өту керек, қабылдау барысында Гүлшара Наушақызы біздің әрбірімізге сұрақ қойып, атқаратын жұмысымызды сұрады. Кезек маған келгенде «Аудандық газеттенмін» дедім. Гүлшара Наушақызы «Газеттеріңіздің таралымы қанша? Жаңаша форматта жұмыс істеп жатырсыздар ма?» деп екінші сұрағын қойды. Мен тағайындалғаныма бір ай ғана болғанын, басылымның аптасына екі рет 3100 данамен таратылып жатқанын және электронды сайттымыз бар екенін айттым. Сондай-ақ сол күнгі іс-сапардың санаулы минуттардан кейін сайтымызда ақпараттандырылатынын атап өттім. «Жақсы, қазіргі таңда тез ақпарат тарату керек. Оқырмандарға ең қажеті сол. Сол кезде тұрақты оқырмандарыңыз да көбейеді» деді халық қалаулысы. Сол күні жұмысқа деген жауапкершілігім арта түсті. Сөйтіп, аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қолдауымен бірнеше айдан кейін таралымымыз артып, жылды 3661 данамен қорытындыладық. Жоспар артығымен орындалды. Осы ретте басылым таралымын арттыру бағытындағы жұмыстың жақсы нәтижемен аяқталуында қараша айында Гүлшара Наушақызының сенім артып, серпін бергенінің де әсері бар деп ойлаймын...
Міне, кешелі-бері Гүлшара Наушақызы жөнінде біздің ой-санамызда осындай жақсы естеліктер жаңғырды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында өзіндік орны бар тұлғаға тек жауапты қызметте абырой тілейміз! Лайым, абырой биігінен көрініп, ел-халықтың ыстық ықыласына бөленуіңізге тілектеспіз! Сырдариялық жерлестеріңіз Сізге зор сенім артады және сол сенімді ақтайтыныңызға сенеді. Жаңа қызметіңіз Сізге құтты, Қызылордалықтарға қайырлы болсын! Туған жерге тіккен туыңыз биікте желбірей берсін!

Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
29 наурыз 2020 ж. 402 0