Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Университеттің шатыры ұшты

Университеттің шатыры ұшты

Қызылорда облысында қатты желдің салдарынан бірқатар ғимараттардың шатыры ұшып жатыр. Бірақ, зардап шеккен адамдар жоқ, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы мәліметінше, бүгін, яғни, 24 наурыз күні 12 сағат 00 минутта қатты желдің салдарынан Абай даңғылы №31 «А» мекен-жайда орналасқан «Болашақ» университетінің шатыры ұшқан. Нәтижесінде,аталған ғимараттың 300 ш/м шатыры бүлінген (жалпы көлемі 3000 ш/м).
«Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 12 адам, 2 техника, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасынан 1 техника 3 адам шықты», – деп хабарлады Жұмылдыру дайындығы басқармасы.
Осындай жағдайлар облыстың басқа да аудандарында орын алуда.
Мәселен, осындай қатты желдің салдарынан Жалағаш ауданының орталығында орналасқан Мәдениет үйінің шатыры ұшқан. Оның бүлінген көлемі 230 ш/м (жалпы көлемі 1200 ш/м) құрайды. Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ.
Сондай-ақ, қатты соққан дауыл желдің салдарынан бүгін Жаңақорған ауданы, Шалқия кентіндегі №86 орта мектебінің шатыры ұшқан (шатырдың зақымданған ауданы 350-400 ш/ м), кенттің 2 электр бағанасы кұлаған. Нәтижесінде Шалқия кенті, Қыраш, Қосүйеңкі, Бірлік, Құттықожа және Екпінді елді мекендерінің электр жарығымен қамтылуы тоқтатылған. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
«Қазгидромет» РМК-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметіне сәйкес, 23-24 наурызда аймақтың кей жерлерінде шаңды дауыл болады. Түнде солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күші кей жерлерде 15-20, екпіні 25 м/с жетуде.
Осыған орай, аталған кәсіпорын желдің жылдамдығы артуына байланысты ғимараттар мен үй шатырларының ұшуынан абай болуға шақырады.
24 наурыз 2020 ж. 727 0