Басты мақсат – балалар қауіпсіздігі

Аудандық білім бөлімінің берген мәліметі бойынша 17 мектептің төртеуінде, атап айтқанда №35, №36, №37, №129 мектепте ішкі дәретхана бар. Олар аралық қабырғалармен бөлінген және талапқа сай жұмыс істеп тұр. Қалған 13 мектепте сыртқы аулалық дәретхана. Ұлдарға, қыздарға бөлек және мектеп қызметкерлеріне арналған дәретхана бар. Қолды жуу мектептің қолжуғышында жүргізіледі. Қолды кептіру үшін электрсүлгілермен барлық білім беру мекемелері қамтылған.
– Қоғамдық мәселеге айналған сырттағы дәретханаларды ішке көшіруге байланысты биыл аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Негізінен бүгінгі таңда ішкі дәретханасы жоқ 13 мектептің 11-де бұрын болған, дегенмен істен шығып, оны қайта жөндеуден өткізу қажет. Сондықтан тиісті қаржы сол дәретханаларды қайта қалпына келтіруге жұмсалатын болады. Ал мүлдем ізі де жоқ №210 және №126 орта мектеп дәретхана құрылысының жобалық-сметалық құжатына қаржы бөлінді, – дейді білім бөлімінің жауапты маманы Ж.Қойшыбаева.
Білім ошақтарындағы даладағы дәретханалардың санитариялық жағдайын бақылайтын аудандағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Қ.Омарова:
– Санитариялық-аулалық қондырғылар – бұл орталықтандырылған кәрізбен байланысы жоқ, объектінің аумағында орналасқан жер үсті бөлігімен қазылған шұңқыры бар дәретхана. Кәріз жүргізілмеген жерлерде мұндай дәретхана 75 адамға 1-еу және су құйылатын қолжуғыштарды 30 адамға 1-ден орнатуға жол беріледі. Дәретхананың жер үстіндегі үй-жайлары мен су өткізбейтін материалдан жасалған қазылған шұңқыры бар. Дәретхананы жинау дезинфекциялау құралдарын пайдала отырып күн сайын жүргізілуі тиіс және қазылған шұңқырын уақытылы тазалау қажет. Аудандағы ішкі дәретханасы жоқ 13 мектепте осындай санитариялық талапқа сай дәретханалар жұмыс істеп тұр, – дейді.
Әрине, ең алдымен бала қауіпсіздігі, содан соң дәретханалардың санитарлық талапқа сай болуын мектеп басшылығы қатаң бақылауда ұстауы қажет. Сонда ғана ата-ана баласы үшін еш алаңдамайды.
М.Маханова, кент тұрғыны:
– Теледидардан мектеп әжетханаларында болып жатқан неше түрліні естіп, көріп отырған соң, әрине алаңдаймыз. Мектептің дәретханасы сыртта орналасқандықтан «баламыздың сыртқа шыққандағы қауіпсіздігін кім бақылайды екен» деген ойға келдік. Алаңсыз бей-қам отыруға болмайды, мектептің бір ғана кезекшісі ол үшін аздық етеді. Мектептегі жұмысшылар мен мұғалімдер баланың дәретханаға барып келгенін бақылап отырса деген ұсынысым бар. Мектепте орнатылған бейнекамера арқылы қауіпсіздіктің алдын аламыз деп отырғанымызда кеш қалып жүрмесек болғаны. «Сақтансаң – сақтайды» деп бекер айтылмаса керек.
Жоғарыда айтылған мәлімет бойынша аудандағы 13 мектептің жағдайы белгілі. Бүгінгі күнде дәретхананың сыртта болғаны – көңіл көншітерлік жағдай емес. Дегенмен бұл мақсаттағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп, белгіленген мерзімінде дәретханалар пайдалануға беріледі деген үміттеміз. Сәтін салса, басталған іс аяғына жетіп, оның игілігін көретін күн де алыс емес деп сенгіміз келеді.