Заң талаптарын түсіндірді
Жыл басынан кейбір заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жауапкершілік күшейген болатын. Заңнамаларды түсіндіру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан прокурорының орынбасары Нұрбек Қаратаев, аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Асылжан Сақыбекұлы Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Бесарық елді мекенін аралап, тұрғындармен кездесті.
Кездесуде аудан прокурорының орынбасары Н.Қаратаев кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар, ұрлық қылмыстары, көлікті мас күйінде жүргізген көлік иелеріне жауапкершілік күшейгенін атап өтті. Атап айтқанда зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыс жауапкершілігі 5 жылдан 8 жылға дейін ұзарған. Сондай-ақ мал ұрлығы ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылса, заңсыз аң аулау, балық аулау теріс қылықтағы қылмыс санатына ауыстырылып, қылмыскер 3, 5, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен бірге осы жылдан бастап мас күйінде көлік жүргізгендер де өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады.
– Заңнамалық өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес қылмыстық жауапкершілік күшейеді. Бұл еліміздегі қылмысты болдырмауға жасалып отырған нақты қадамдар. Ауылдық жерлерде мал ұрлығы көп орын алады. Сондықтан осындай қылмыстарға тосқауыл қою үшін заң талаптары күшейіп отыр, – деді Нұрбек Келісімұлы.
Тұрғындармен кездесуде аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев кәмелетке толмаған балалардың бұзақылыққа бармауын қадағалау қажеттігін атады. Оған қоса ата-ана жауапкершілігін де назардан тыс қалдырмау керектігін жеткізді.
Түсіндірме жұмыстарынан кейін аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудан прокурорының орынбасары Н.Қаратаев, аудандық пробация қызметінің аға инспекторы А.Сақыбекұлы пробация қызметі есебінде тұратындармен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ