Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық Волон­терлер фронт-офисі­нің ашылу рәсі­міне қатыс­ты. Аталған орталық осы сала­дағы жобаларды үйлестіреді әрі қоғамдық мониторинг жасайды және бүкіл еліміз бойынша оқыту, насихаттау жұмысын жүргізеді, – egemen.kz.
Әлеуметтік жауапкершілік артады
Жиын барысында сөз сөй­леген Қасым-Жомарт Тоқаев Во­лон­тер жылында көптеген ау­қым­ды жоба қолға алынатынын атап өтті. Мұндай орталықтар елі­­міз­дің барлық өңірінде ашыл-
­мақ.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет екенін еске салып, ата салтымызды қайта жаңғыртудың сәті келгеніне тоқталды.
«Игі іспен айналысу, адам­дарға жақсылық жасау – хал­қы­мыздың көне заманнан келе жат­қан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреу­ге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай бере­ке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құн­дылығын жоймаған ата салты­мыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волон­терлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қыз­мет ету», деді Қ.Тоқаев.
Президент қиын-қыстау ке­зең­­де Қазақстанға жер аудары­лып келген көптеген этнос өкіл­дерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін атап өтті. «Өздеріңізге тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз олар­ды бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жана­­шыр­лық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер атанудың озық үлгісі деп осы­ны ай­туы­мыз керек», деді Мем­лекет бас­­шысы волонтерлермен кезде­суінде.
Бүгінде дүние жүзінде волон­тер­лікпен айналысу үрдісі кең тара­лып, әлемдік қозғалысқа айнал­ғаны белгілі. Мәселен, әлем­дік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Осы­ны еске салған Мемлекет бас­шысы осы салаға бел шешіп араласуға шақырды.
«Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волон­­тер­лікпен айналысады. Олар­дың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Көптеген елде волонтер атану қа­лыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция хал­қының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жа­понияда волонтерлердің саны жыл­дан-жылға көбейіп келеді. Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз ке­рек. Азаматтарымыз өзгеге кө­мек көрсетуден аянып қалмауы тиіс. Сол арқылы қоғамда әлеу­мет­тік жауапкершілікті арттырамыз», деді Президент.
Хакім Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзін келтірген Пре­зи­дент волонтерлікті кеңінен дәріп­теп, береке-бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел, тұтас ұлт болып атсалысу қажеттігін атап көрсетті.
«Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олар­дың жұмысы азаматтық қоғам­ды одан әрі дамытуға мүмкін­дік береді. Волонтерлік – «бір жең­нен қол, бір жағадан бас шыға­рып» әрекет ету. Волонтерлік – халқы­мыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мем­лекеттілікті нығайту үшін қажет», деді Қ.Тоқаев.
 Ой-сананы жаңғыртатын бастама
Президент волонтерліктің нақты істермен көрінетін пат­рио­тизмнің жоғары деңгейін білді­ретініне тоқталып, біреудің дүние-мүлкіне қол сұғып, тонаумен айналысатындарды патриот санамайтынын жеткізді.
«Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, со­ның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайы­рымды іс. Бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүл­кіне қол сұғатын, тонаумен айналы­сатын, жалған патриоттық ұран­дарды тарататын адамдар патриот еместігін түсінуіміз керек. Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар халқымыздың патриоты емес. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыскерлер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының ай­туын­ша, патриотизм, қоғамға қыз­мет ету және игілікті іс – адам­ның тұлғалық және рухани дамуы­ның жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
«Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрі­нісі. Елдің дамуы мен жетістігі ха­лықтың патриоттық белсенді әре­кетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, мил­лион­даған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналы­сатынына сенімдімін. Мемле­кеттің, атқарушы биліктің және Пар­ламент депутаттарының міндеті – волонтерлік қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.
Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мем­лекетімізді жаңғыртуда маңыз­ды рөл атқарады. Яғни волон­терлер өздерінің іс-әрекеті­мен аса маңызды реформалар­ды жүзеге асыруға нақты үлес қо­сады. Еңбекқорлық, әлемге ашық­тық арқылы озық техноло­гияға және жоғары еңбек өнім­ділі­гіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идея­сын белсенді ілгерілету отандас­тарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», деді Президент.
Жиын барысында жақынына көмектесу қазақ ұлтының қанына сіңген ерекше қасиет екені де айтылды. Мемлекет басшысы мұндай дәстүр қиын-қыстау кезеңде  ха­лық ретінде болмысымызды сақ­тап қалуға көмектескеніне екпін берді.
«Бүгін де еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай ке­зінде Қазақстанның түкпір-түкпі­рінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қа­ланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Біздің халқымыз өзге­нің басына түскен жағдайға ешқашан бейжай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады», деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзін­де белсенді ұйымдарды атап өтті. Атап айтқанда, қиын тұрмыс­тық жағдайға тап келген адамдар­ға көмек қолын созуға дайын мың­даған белсендісі бар ұлттық волонтерлер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысына жоғары баға берді.
Ұлттық волонтерлік желі 10 жыл ішінде мыңдаған белсен­діні жинап, кез келген маңызды әрі қиын сәтте көмек қолын созуға әзір. Ұйым үлкен компанияларда корпоративті волонтерлікті дамытып, әдістеме арқылы көмектесіп, елімізге келген қонақтар мен туристерге арналған ерікті кездесу өткізеді.
Сондай-ақ «Lider.kz» волон­терлік қозғалысының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бұл ұйым төтенше жағдайда көмек көрсету үшін құрылған. Оның мүшелері жоғалған азаматтарды іздестіруге белсене атсалысады. Қазір осы қозғалыстың қатарында бір жарым мыңнан астам ерікті бар.
Волонтерлікпен айналы­сып жүрген «Best for kids» қоғам­дық қорының да жұмысы – көпші­лікке үлгі-өнеге. Бұл ұйым өз қыз­метін осыдан он жыл бұрын Ақмола облысында бастаған. Содан бері балалар үйіндегі жас­өспірімдерге тұрақты қолдау көр­сетіп келеді. Қор жастарға жігер беретін түрлі дәрістер, тренинг­тер өткізеді. Сонымен қатар жетім ба­лаларға көмектеседі. Міне, осын­дай волонтерлік ұйымдарды кө­бейтуіміз керек», деді Президент.
Президент мұндай мысалдың елімізде көптігін айта келе, Қазақ­станда волонтерліктің бірте-бірте жалпыұлттық сипат алып келе жатқанына тоқталды.
«Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенім­дімін. Игі істер біздің мәдени біре­гей­лігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді», деді Мемлекет басшысы.
 Жеңілдік жасалып, қолдау көрсетіледі
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы зор ондаған жалпыұлттық жоба қолға алынды. Волонтер жы­лының басты ұраны – «Birgemiz». Сондықтан биылғы барлық бас­тама мен игі іс халқымыздың бірлігін бекемдемек. Мемлекет басшысы өзі ұсынған «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» тұжырымы осын­дай шаралар арқылы жүзеге асырылатынына назар аударды. Осы орайда, мемлекет еріктілерге әр­қа­шан қолдау көрсететінін жеткі­зіп, маңызды бірқатар бағыт­ты атап көрсетті.
«Жастар жылын қорытындылау жиынында қоғамның нақты мә­селелерін шешуге арналған бір­қа­тар жобаларды айтып өттім. Ауыл жастары, балалар үйінің тәрбие­ленушілері, ардагерлер мен зей­неткерлер қолдауды қажет етеді. Әсіресе науқастарға жәрдем­де­судің маңызы ерекше. Волон­тер­лердің күшімен құқықтық сауат, экология салаларын жетілдіріп, Қазақстанның мәдени мұраларын қорғап, еліміздің батырларын еске сақтау салаларындағы түйт­кіл­дерді шешуге мүмкіндік мол», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік баста­ма­ларға белсенді түрде тартуды ұсынды.
«Қазақстан 116 елдің 20 мил­­­лион­нан астам волонтерін бірік­ті­ретін Дүниежүзілік эколо­гия­лық «World Clean up day» нау­қа­нына қосылуға дайын. Отандас­тары­мыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының ерік­тілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық баста­ма­ларға атсалысуы әртүрлі мемле­кет­тердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тә­жі­ри­бені тартуға мүмкіндік бере­ді», деді Президент.
Қ.Тоқаевтың сөзіне қарағанда, мемлекет волонтерліктің инфра­құ­рылымын қалыптастыруға қол­дау көрсетуі тиіс. Соның ішінде аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектеседі.
«Волонтерлерге жан-жақты қол­дау көрсету керек. Менің тапсыр­мам бойынша оларға арнайы же­ңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі са­налады. Сондай-ақ волонтер сту­денттерге қосымша стипен­дия беріледі немесе пән кредит­терін жабуға рұқсат етіледі.
Осы салада жұмыс істейтін үкі­меттік емес ұйымдарға да қар­жы­лай көмек беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жү­зеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жер­гілікті бюджеттен қосымша грант­тар бөлуді тапсырдым. Еңбе­гімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсы­ны­лады», деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент волон­терлік қозғалысқа қолайлы жағ­дай жасау үшін күш салатынын мә­лім­деді. Осыған байланысты во­лон­терлік инфрақұрылым ашыл­мақ.
«Бүгін волонтерлік бағдар­ла­малар мен жобаларды бақылау және жүйелеу үшін республикалық кеңсе ашылды. Осыған ұқсас орта­лықтар еліміздің бүкіл аймақ­тарында іске қосылды. Кез келген адам өз жобасымен  сонда бара алады. Қазақстандағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында волонтерлік ұйым­дар құру жоспарланып отыр», деді Қ.Тоқаев.
Волонтерлік жобалардың бәрін мемлекеттік мекемелермен, кәсіпкерлермен бірлесіп жүзеге асырудың артықшылығын еске салған Мемлекет басшысы мұндай қадам аталған саланың дамуына тың серпіліс беретінін жеткізді.
«Волонтерлер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы керек. Мәдениетімізді дамытпай өсіп-өркендеу мүмкін емес. Сон­дық­тан осы мәселеге ерекше мән бе­рілуі тиіс. Қазіргі таңда мәде­ниет және өнер саласындағы жас та­ланттардың арқасында Қазақ­стан күллі әлемге танылып келеді.
Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, яғни ойы ұш­қыр, дарынды азаматтарды барынша қолдау керек. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін буын қалыптасады. Осыған байланысты Мәдениет пен өнер бастамаларын қолдауға арналған қор ашуды тапсырдым. Бұл құрылым өнер ұйымдары мен ерекше жобаларға қаржылай да, басқа да көмек көрсетеді. Қордың жұмысына волонтерлерді де тарту қажет. Олар музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береді», деді Қ.Тоқаев.
 Нормативті-заңнамалық база жасақталады
Мемлекет басшысы БАҚ-ты ақпарат алаңында волонтерлік қыз­метті белсенді түрде насихаттауға шақырды.
«Жоғарыда айтылған мін­деттердің бәрін іске асыру үшін біз волонтерлік қызметтің заңна­ма­лық базасын нығайтуды көздеп отырмыз. Волонтерлер жұмы­сын табысты жүргізу үшін өзінің нормативті-заңнамалық негізде­месіне сүйенеді. Маңызды міндет­тердің бірі – волонтерлерді дайын­дау үшін тренингті бағдарла­маларды әзірлеу. Тұрақты түрде оқыту семинарлары өткізіледі. Биыл дәстүрлі «Зерен» жастар лагері осы тақырыпқа арнала­ды. Волонтерлік идеясы бі­лім ордаларындағы оқыту бағдар­ла­маларының элементіне айналады. Азаматтарымыздың игі ісін БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халқымызға жеткізіп отыру керек», деді Президент.
Мемлекет басшысы во­лон­терлердің күн сайын ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарып келе­тінін атап өтті. Сол арқылы Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырғанын алға тартты.
«Волонтер жылы – кезекті нау­қан емес. Осыны халыққа түсін­діруіміз керек. Бұл – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волон­терлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуел­сіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеген жөн. Волонтерлердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін», деді Президент.
Айта кетерлігі, жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі атанды. «Бұл мәртебе – волонтерлік қызметтің құрметті елшісі атану да ерекше маңызға ие. Сол себепті бірге жұмыс атқарамыз», деп ағынан жарылды Президент.
«Birgemiz» фронт-офистің ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев баяндама жасап, жос­парланған жобалармен таныс­тырды.
«Жаңа бастама» деп аталатын жаңа жобаға назар аударғым келеді. Мемлекет бұл жобаға 170 миллион теңге бөлді. Яғни 170 әлеуметтік жоба миллион теңгеден ала алады. Бұл қаражат айлық ретінде емес, волонтерлерге ыстық тамақ беруге, жолақысын төлеуге, керекті жабдық алуға жұмсалады», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр qazvolun­teer.kz сайтына 16 мың студент тіркелгенін атап өтті. Алдағы уа­қытта волонтерліктің дамуы үшін заңнамаға да өзгерістер енгізу жоспарланған.
«Биыл волонтерлердің саны артады деген сенімдемін. Мыңдаған волонтер өмірлік қиын жағдайға тап келген балалармен жұмыс істейді. 14 мың жоғары сынып оқу­шысын ағылшын тілінен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды жоспарлап отырмыз. 7 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетеміз», деді Д.Абаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, Волонтер жылы аясында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде елімізде 50 мың белсенді азаматы бар 200 во­лон­терлік ұйым жұмыс істейді.
«Президенттің бастамасы­мен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына 300 мың адам қатыс­ты. Осы жылы бұл акцияны жалғастырамыз. Меніңше, олар­дың саны миллион адамға жетуі тиіс. Биыл Қазақстан дүниежүзілік акцияға қатысады», деді ведомство басшысы.
Д.Абаевтың келтірген дерек­теріне сүйенсек, бүгінде қазақ­стан­дықтардың тек 6 пайызы ғана волонтерлікпен белсенді айналы­сады. Әйтсе де, волонтерлік шара­ларға қатысуға ниетті қазақ­стандықтардың саны 48 пайызға жуықтайды.
Іс-шара соңында «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасы көрсе­тілді. Сондай-ақ «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Bir­gemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaq­tastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.
Жоғарыда аталған жобалар еліміздің түкпір-түкпіріндегі өңір­лерде жүзеге асырылып, көмек­ке мұқтаж жандарға қолдау көр­сетіп, ел дамуының даңғыл жолына үлкен үлес қоспақ. Осы бас­тамалардың сәтті жүзеге асуы­на жәрдемдесетін фронт-офис­тің жұмысы жан-жақты ойлас­тырылған. Волонтер жылының қорытындысы бойынша, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалмақ.
 
Қатысушы жастар лебізі
 Мәнсия ЕСЕКЕЕВА,
«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық қорының төрайымы:
– Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың во­лонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің жұмысымен танысқан кезінде сөйлеген сөзін мұқият тыңдадық.
Жүйелі сөздің әрқашан жүйесін де, ба­ғытталып отырған иесін де табатындығы даусыз. Президенттің сөзіндегі айтылған қадау-қадау мәселелер көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басып отыр деп айтсақ, артық болмас еді.
Қазақ халқы ықылым заманнан бері бауырмал әрі ынтымақшыл. Біздің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан халық­тық педагогикамызда да, салт-дәстү­рімізде де бірлігімізді нығайтатын, ынты­ма­ғымызды арттыратын мазмұн өте көп. Біз де тереңнен тамыр тартқан осы ба­ғытта жұмыс істеудеміз. Біздің «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазір Ақмола облысында жетпіс мыңнан астам мүшесі бар. «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игенмен бірдей» дейтұғын аталы сөз бар. Бұл өмір елегінен өткізілген тәмсіл. Біз де балғын жүректерде адамгершілік дәнін сеуіп, оң мен солын танытып тәрбиелеудеміз.
Шынын айту керек, балалар мен жасөс­пірімдер бір-біріне қамқорлық жасау­ға құштар. Мәселен, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныпта тәр­бие­ленетін буынды ұдайы қадағалап отырады. Олардың оқуларына көмектеседі, әсіресе көркем шығармаларды нәшіне келтіріп, мәнерлеп оқуға құмар. Кейбір төменгі сыныптардағы оқушылардың сабақ үлгерімі нашарласа, көмекке келе­тіндер де жоғары сыныптардағы ағала­ры мен апалары. Балалар өз замандас­тарын ғана емес, ауылдағы жалғызілікті қариялар мен зейнеткерлерге де қол ұш­тарын беріп, қамқорлық көрсетеді. Мұндай мысалдар өте көп. Егде адамдарға жасаған жақсылықтары үшін ақ бата алып, көңілдері қанаттанып қалады. Осындай жайлар тәлімді тәрбиенің қайнар бұлағы, бастауы десек, қателеспес едік.
Ұйым өз жұмысын жан-жақты жолға қойған. Мәселен, бір кезде «тілі бас­қа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» деп ай­тылатындай жүздеген ұлт пен ұлыс­тың балалары балдәурен қы­зық­ты шақтарын бірге өткізіп, бірге ерже­туде. Олардың арасында ұлтқа бөлі­ну, ұлыс­қа бөліну жоқ. Ертең ат жа­лын тар­тып мінгенде де, араларына сына түс­пей­тіндігіне сенім мол. Әр­дайым түр­лі та­қырыпта байқаулар мен тре­нинг­­тер өткіземіз.
Жас толқынды көркем әдебиетті оқуға, көркем өнермен бауырластыруға талпынамыз. Осының барлығы айналып келгенде, жас толқынның бойындағы ізгілік пен ізетті, парасат пен адамгершілікті дамыта түседі.
Ал парасатты адамдар қай уақытта болсын замандасының жан дүниесіне тереңдей үңіліп, қиналған сәтінде қол ұшын беруге даяр тұрады емес пе? Менің ойымша, патриотизмнің негізгі бір тамыры – волонтерлікті өрістету. Адамдардың бір-біріне жаны ашып, елжіреп тұруы бала жастан бойына бітіп, сүйегіне сіңуі керек.
 
Елдос АБАҚАНОВ,
Taza alem жобасының амбассадоры:
– «Біз біргеміз!» жобасы бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мен эково­лон­­терлік бағытына жауаптымын. Эколо­гияны, қоршаған ортаны қорғау бұл мем­лекеттік дәрежеден бұрын әр азаматтың деңгейіндегі мәселе. Ол әр адамның өзінің тұрған жеріне көңіл бөлуі мен оны күтуінен басталады. Біздің негізгі мақсатымыз – келешекте елімізді, Жер шарын қорғайтын, сақтайтын ұрпақты тәрбиелеу, экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтардың қатарын көбейту. Бұл да әлеуметтік жауап­кершілік. Өйткені қоршаған ортаны ойлау, экологияға көңіл бөлу жастардың әлеуметтенгенін көрсетеді.
Аталған бағытта түрлі жұмыстарды қолға алдық, жобалар іске қосылды. Ең қа­рапайым қоқысты сұрыптауды үйре­ту­ден бастап, планетамыз үшін маңыз­­ды өзгерістерге аяқ бастық. Бұл тұрғы­да мектеп, жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып жұмыс бастадық. Оларға волонтерлік туралы түсіндіріп, жұмыс істеу ретін көрсетіп жатырмыз.
Волонтерлік тек көмектесу емес, оның аясы кең. Экологиялық мәселелерді табу, реттеу, алдын алу да волонтерліктің бір бөлігіне жатады. Басқаша айтқанда, әлем жұртшылығын алаңдатқан мәселелердің себебі мен салдарын түсіну, анықтау. Бұл – экология мәдениеті. Келешекте бұл да жолға қойылады, азаматтарымызға қызық болады деген ойдамыз.
Тағы бір үлкен жауапкершілік – ақпарат тарату. Волонтерлер қатарын көбейту үшін дұрыс ақпарат таратуымыз керек. Волонтерлік арқылы үлкен компаниялардың назарын аудару, оларды экологияны қорғауға жұмыл­дыру да волонтерлердің әлеуметтік жауап­кер­шілігі деп білемін. Өйткені кей кезде экологияға қауіп үлкен компаниялардың жұмысынан келеді. Сондықтан волон­терлік тек көмек емес, бұл – үлкен жауап­кершілік. Бұл – маңызды мәселелерге назар аударта алатын күш.
 
Гүлмира АБДРАШЕВА,
«Клуб добряков» жобасының негізін қалаушы:
– Волонтерлік – әркімнің міндеті. Бәрі волонтерлікті тегін қызмет, жәрдем­десу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат волонтер болуы керек. Көмек­ке мұқтаж адамдар көп. Мәселе материал­дық көмекте емес. Жылы сөз айтып, қолдағаныңның өзі волонтерлік. Бұл да үлкен сауап. «Бәрі жақсы болады» дегенді естігісі келетіндер қаншама.
Жауапкершілік те әр адамның міндеті. Бұл тек волонтерлердің шеңберінде қарайтын мәселе емес. Әр азамат тұрып жатқан жеріміздің бізге тек уақытша берілгенін есінен шығармағаны жөн. Қоғам­ның, балаларымыздың алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз керек. Ұрпа­­ғымызға бізден не қалатынын жиі ой­лау қажет. Жердегі қоқысты көтерген­нен азаматтардың арланбағаны дұрыс. Сондықтан волонтерлер деп жауап­кер­шілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл барлығымыз бірге, жұмылып кірісетін жұмыс.
 
Қуандық Жанысбаев,
Shymkent Volunteers тобының жетекшісі:
– Нұр-Сұлтан қаласындағы ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына және ондағы салалық 7 бағыттың таныстырылымына шақырту алғаныма қуаныштымын.
Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы еліміздегі жастар көп шоғырланған мегаполистердің бірі. Сондықтан қаламызда волонтер жастардың қатары өте көп. Қазіргі таңда шаһарда 40-қа жуық волонтерлік топ жұмыс істеуде. Әрине Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі волонтерлер санын 100 мыңға дейін жеткізу керектігін айтты. Осы тарихи маңызы зор іс-шарадан қайтқан соң Шымкенттегі әріптестерімізді осы са­уапты іске қатысуға шақыратын боламыз.
Волонтерлер сапына қосылғаныма 5 жылдан асты. Ең алғаш 2015 жылы осы салада қайырымдылықпен және өзін өзі басқару бағытымен жұмыс істей бастадым. Қазіргі таңда Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған Shymkent Volunteers тобының жетекшісімін. Волонтерлік клубымыздың құрылып, жұмыс бастағанына 6 айдан асты. Президентіміз «Волонтер жылы» деп жариялағаннан бері Шымқалада волонтерлік топтар күн санап көбейіп келеді. Аталған волонтерлер тобымызда 200-ге тарта жас 3 бағыт («Qamqor», «Sabak­tastyq», «Saýlyq») бойынша жұмыс істеп келеміз. Нақтырақ айтар болсақ,
6 ай ішінде 60-қа жуық іс-шара өткіз­дік. Мұның көбісі жағдайы төмен отбасы­ларға және Ардагерлер үйіне, Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне концерттік қойылымдар ұйымдастыру болды.
Сондай-ақ волонтерлердің бастамасымен өңірімізден шыққан өнер жұлдыздарымен бірлесе отырып «Жанға жылу» акциясын ұйымдастырдық. Нәти­жесінде, жағдайы төмен 50 отбасын азық-түлік, қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Бұл акция әлі де жалғасын таба-
ды.
 
Сабыржан КЕҢШІЛІК,
Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
– Мемлекет басшысы биылғы жылдың басты ұраны «Birgemiz» екендігін атап өтіп, осы жыл аясындағы барлық бастамалар мен игі істер халқымыздың бірлігін бекемдейді деген сенімін білдірді.
Волонтер жылында біздің қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге арналған бірқатар атаулы жобалар жүзеге асатыны айтылды. Мысалы, волонтерлік жұмыс енді еңбек өтіліне есептеліп, еріктілер ісіне үлес қосқан  студенттерге түрлі жеңілдіктер жасалатынын қуана құптадық. 
Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріліп, барлық жобаларға мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан қолдау болатыны бәрімізді бір серпілтіп тастады. Мен бұл шарада «Жеңіс» жобасы аясындағы қызылордалық волонтерлер жұмысы жа­йлы айтып өттім. Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлері мен әлеуметтік осал топтар өкілдеріне жәрдем беретін бұл қозғалыс қалада 4 жыл көлемінде тұрақты жұмыс істеп, жүздеген жанға көмек көрсетті.
 Осы сапарымызда волонтерлер жұ­мысын үйлестірудің түрлі тәжіри­беле­рімен таныстық. Енді соны елге жеткізіп, игі іспен айналысуға ниет білдіргендер арасында насихаттаймыз.
Қазір Қызылорда қаласының өзін­де ғана волонтерлікпен айналысып жүр­ген 20-ға жуық ұйым бар. Алдағы уақытта осы ұйым мүшелерін оқытып, бағыттарымызды нақтылай түсеміз. Қи­налғанға қол ұшын созатын игі дәс­тү­рімізді жаңғыртатын жастардың қатары әлі де көбейе түсетініне күмән жоқ.  Өйт­кені волонтер болу еліңе деген сүйіс­пеншіліктің көрінісі.
15 ақпан 2020 ж. 579 0