Жаза қатайса, жауапкершілік артады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған алғашқы жолдауы әлеумет тарапынан қолдау тауып, қызу талқыға арқау болды.
Сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалар азаматтардың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екенін атап өткен Президент сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізуге және одан да әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыруға тапсырма берді.
Бұл бағытта бүгінде нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, соңғы екі жыл отандық сот жүйесінің дамуының маңызды кезеңі болды. Елбасының Ұлт жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасының басым бағыттарын жүзеге асыруда маңызды жұмыстар қолға алынды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған заң жобалары дайындалды. Республика соттарында келушілерге қолайлы фронт-кеңселер ашыла бастады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының сот шешімдеріне қатысты айтқан ұсынысы да орынды. «Сот шешімдерінің сапасын көтеруге ықпал ететін шаралар қабылдаған жөн. Судья ішкі сеніммен заңды басшылыққа ала отырып, шешім шығарады. Дегенмен сот шешімдеріне терең талдау жасап, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру маңызды» деді.
Шешімдердің сауаттылығы мен сапасын көтеру мәселесі Сырдария аудандық сотының да назарынан тыс қалған емес. Сот қаулыларының рәсімдеу сапасын көтеру, мұндағы судья жауаптылығын арттыру тетіктері арнайы семинарларда жан-жақты талқылануда.
Бұрын бірыңғай сот тәжірибесі дәстүрлі әдістермен қамтамасыз етілсе, яғни нормативтік қаулылар қабылдау, сот тәжірибесінің талдаулары мен тұжырымдамаларын жасауда жергілікті соттар Жоғарғы Соттың нақты бір істер бойынша қаулыларына сілтеме жасаса, енді бірыңғай сот тәжірибесі қазіргі заманғы ІТ құралдарымен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінде судьяларға шешім қабылдау кезінде нақты бір істер санаттары бойынша сот тәжірибесімен, Жоғарғы Соттың талдауларымен және тұжырымдамаларымен танысуға мүмкіндік беретін «Судьяларға көмек», «Сот тәжірибесі» және басқа да модульдер мен сервистер бар. Осы арқылы республика бойынша бірыңғай сот тәжірибесі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында кәсіби заңгерлер үшін және жалпы халықтың қолдануына арналған «Талдау» форумы қолжетімді.
Мемлекет басшысы Жолдауда жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайту қажеттігін айтып, бұл мәселені шешуді Парламент пен Үкіметке тапсырды. Соңғы уақытта ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі ретінде пайда болған браконьерлік мәселесіне де тоқталып, бұл жөнінде Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы күшейту үшін шұғыл шараларды қабылдауды жүктеді. Осылармен қатар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түспейтінін, орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттігін, бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысулары тиістігін айтты.
Әрине көтеріліп отырған мәселелер қазіргі таңда қоғам өмірінде үлкен маңызға ие. Президенттің Жолдаудағы қылмыстарға қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігі туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Өйткені жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық қазіргі таңда көп кездесуде. Оларды тоқтатудың бірден-бір жолы – әрине мемлекет тарапынан қолданылатын мәжбүрлеу шарасы ретінде жаза тағайындау. Ал жазаның дәл осы сипаттағы қылмыстарға қатаң болуы – заман талабы.
А.АБДУЛЛА,
Сырдария аудандық сотының
төраға міндетін атқарушы