Мемлекеттік статистика туралы заңнамасын білеміз бе?
Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган ретінде Қызылорда облысының Статистика департаменті мемлекеттік статистика туралы заңнамасын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізеді.
Заңнамаларды жетілдіру мақсатында «Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осындай өзгерістердің бірі - мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен респонденттерге бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыру.
Респондент деп жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелерін атайды. Заңда респонденттердің міндеті ретінде алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіндегі мерзімдерге сәйкес дәйекті деректерді тапсыру көзделген.
Заңның 12-2-бабының талаптарына сәйкес респонденттерге бармай профилактикалық бақылау кезінде алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигінде көрсетілген мерзімдерде респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсынбау, сондай-ақ анық емес алғашқы статистикалық деректерді ұсыну фактілері анықталады.
Профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда қорытынды ресімделеді, ол бұзушылықтар анықталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде респондентке жіберіледі.
Қорытынды респондентке қол қойғызып, жеке өзіне табыс етіледі немесе оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе ресми дереккөздерден алынған электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабармен не алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.
Профилактикалық бақылауды жүргізу нәтижесінде респондентке заңбұзушылықты жою үшін мүмкіндік және уақыт беріледі, яғни алғашқы статистикалық деректерді ұсынуға уақыт беріледі.
Респондентке бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
Осы ретте, респондентке бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау уәкілетті органға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 497-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік іс жүргізуді қозғау құқығын береді және бұл бапта алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика
министрлігінің Статистика комитеті
Қызылорда облысының Статистика департаменті