Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

30 сәуір 2024 ж.

№ 33 газет

27 сәуір 2024 ж.

№ 32 газет

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ат бәйгеден бас жүлде алды

Ат бәйгеден бас жүлде алды

Облыстық «Алтын дән – 2019» мерекесі аясында қалалық ипподромда ат бәйгесі ұйымдастырылды. Осы аламандағы тай жарыс­та қоғалыкөлдік Орынбасар Төкешовтың «Алтын тайы» бас жүлдені жеңіп алды. Қуанышты хабарды естіп, Ауданның атын шығарған жас спортшымен сұхбаттастық.
– Орынбасар, жеңіс құтты болсын!
– Рахмет. «Қазақ – жылқы мінездес» деп жатады. «Ат – ердің қанаты» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, бала күнімізден атқа үйір болып өстік. Әкем Елубай Төкешов ауылдың белді жылқышысы болды. Қазіргі таңда өзім сол ата кәсіпті жалғастырып, сырттан асыл тұқымды ат әкеліп, бәйгеге жаратумен айналысамын. Кешегі жарыста бас жүлде алған «Алтын тайды» құлын күнінде Ресейден алдырғанмын. Ағылшын аты мен Ресей жылқысының будандасқан түрі. Осымен үшінші мәрте бәйгеден қара үзіп келді. Бұған дейін көктемде Арал ауданында болған екі бәйгеде бас жүлдені еншіледі. Ат жарыста алтын алатын, түсі де соған келетін болғандықтан «Алтын тай» деп айдар тақтық.
– Тайға мініп шапқан бала кім?
– Ол бізге жиен – Қайсар Қиясов деген бала. Мектеп оқушысы, атқұмар. «Алтын тайға» әбден бауыр басты. Екеуінің жұбы жазылмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, «өскенде асыл тұқымды аттарды баптаймын» деп армандайды. Бізге ұдайы ақыл-кеңесін беретін атсейісіміз бар. Ол Маханбет ауылының тұрғыны Әбдіғаппар Нұржанов ағамыз.Бұл кісінің Қолғалыкөл ауыл аттарының бәйгеден қара үзіп келуіне қосып жүрген үлесі зор.
Жылқы мінсең – ат, саусаң – қымыз, еті де денсаулыққа пайдалы. Кәнігі жылқышының баласы болғандықтан қорада жылқы семіртіп, сойып, етін базарға шығарамын. Ауылда тұрған соң жылқы ұстау, ат баптау, қазақы қанымызға сіңген қасиет қой.
– «Алтын тайға» қатысты алда қандай жоспарлар бар?
– Жылқышының баласы жүйріксіз тұра алмайды. Таң асырып, ащы терін шығарып, «Алтын тайды» баптаймын. Алдағы жарыстарға аудан, Қоғалыкөл атынан қатыса беремін. Бүгінгі тай ертең жүйрік ат болады. «Алтын тайдың» болашағы алда. Тіл-көзден сақтасын.

Сұхбаттасқан Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ

19 қазан 2019 ж. 788 0