Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Атқарылар жұмыс бақылауда болады

Атқарылар жұмыс бақылауда болады

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес әкімшілік аумақтық бірліктер әкімдері және мәслихат хатшысы қоғамдық кеңестер алдында есеп беру көзделген. Осыған орай аудандық ішкі саясат бөлімінің мәжіліс залында атқарушы билік пен өкілетті биліктің қоғамдық кеңес алдындағы есебін тыңдау жөнінде кеңес отырысы өтті. Отырыс­ты аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров ашып, жүргізіп отырды. Аталған жиында кент әкімі Н.Бисембаев, Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі Н.Қарсақбаевтың есебі тыңдалды.
Бүгінде аудан орталығында 11 мыңнан аса тұрғын бар. Аталған халық санының 5,1 процентін жұмыссыздар құрайды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер тұрмысы төмен көпбалалы отбасыға жетіп жатыр. Биылғы жылдың өзінде атаулы әлеуметтік көмек алуға 450 отбасы өтініш берген, сол бойынша 382 отбасыға көмек тағайындалған. Ауданда жүйелі жұмысын жүргізіп келе жатқан «Әлеуметтік дүкеннен» жәрдем алғандар саны 77 отбасын құраса, жалпы 358 адам өзіне қажетті азық-түлікті нарық бағасынан бірнеше есе төмендетілген бағада алып келеді.
Баяндамада өзекті мәселелердің де шеті көрінді. Мәселен, аудандағы бірнеше көшеде жаяу жүргіншіге арналған арнайы жол салынбаған. Оған қоса жарық тасығыш подстанциялар мен трансформаторлар ешбір қоршаусыз ашық жатыр. Бұл тұрғындар өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Аталған мәселе жөнінде кент әкімі өзінің хабардар екенін жеткізіп, тиісті жұмыстар жүретінін айтты.
Сондай-ақ беймезгіл уақытта жастардың автокөлік жарысын ұйымдастырып, қоғамдық тыныштықты бұзатыны да айтылды. Жүйіткіген көліктердің бұл тәртібін реттеуге арнайы мамандарға тапсырма беріліп, түнгі рейдке шығу керектігі жөнінде ұсыныс берілді. Ал ағымдағы жылы Н.Ергешбаев көшесі толық жарықпен қамтамасыз етілетін болса, бүгінде бұл жұмыс Қ.Қазантаев көшесінде жалғасып жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта А.Оразбаева, О.Абдулпаттаев және аталған көше тұйығын жарықтандыру жоспарда тұрғанын баяндаған кент әкімінің жұмысына кеңес мүшелері оң бағасын берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша есеп берген Қалжан ахун ауылдық округнің әкімі Н.Қарсақбаев елді мекендегі жүйелі жұмыстарға тоқталды. Алдағы уақытта ауылдағы Абай, Бейбітшілік және Н.Шідербаев көшесі орташа жөндеуден өтіп, Қызылорда-Жалағаш автожолының бойына бейнебақылау орнату жөнінде тиісті басқармаларға ұсыныс берілген. Жақында ескі балабақша ғимараты жартылай жөндеуден өткеннен кейін бірнеше мекемеге пайдалануға берілмек. Оның ішінде ауылдық учаскелік полиция, «Nur Otan» бастауыш партия ұйымы, қоғамдық және ардагерлер кеңес өкілдері мен сала мамандарының тұрақты кеңсесі болатынын жеткізді.
2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде ауылда құны 5 миллион теңгені құрайтын екі жоба қаржыландырылған. «Биз­нестің жол картасы 2020» бағдарламасының грант бөлу тетігі бойынша елді мекенде жас кәсіпкер шаштараз ашып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп тұр. Бұл да ауылдағы жасалып жатқан жүйелі жұмыстың оң нәтижесін көрсетеді.
Кеңес мүшелері атқарушы билік өкілдерінің жұмысына өз бағасын беріп, ұсыныстарын ортаға салды. Алдағы уақытта бақы­лауда болатынын жеткізді.

Майя ҚОЖАБАЙ
24 қыркүйек 2019 ж. 248 0