Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік төлем 30 процентке артады

Әлеуметтік төлем 30 процентке артады

2020 жылы 200 мың қазақстандық үшін әлеуметтік төлем артады. Жәрдемақысы 30% көбейетіндердің қатарында еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан және жұмысынан айырылған азаматтар бар,-дейді sputniknews.kz тілшісі

Әлеуметтік төлемдер мөлшерін үштен бірге арттыру міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасында қарастырылған.

Заң жобасының негізгі мақсаты – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі еңбек өтілі мен төлем мөлшері арасындағы байланысты нығайту.

Қазақстан мүгедектері қандай үстеме алады

Еңбек министрлігі мүгедектерді әлеуметтік қорғау деңгейін көтеру үшін еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін медициналық-әлеуметтік сараптамада нақты белгіленген еңбекке жарамсыздық дәрежесіне сүйене отырып анықтауды ұсынып отыр.

Мысалы, жеті жылдық қатысу өтілі және 100 мың теңге орташа айлық табысы бар, жалпы еңбекке жарамсыздық дәрежесі 65% деңгейінде белгіленген жүйеге қатысушы үшін жаңа параметрлер ескеріле отырып, төлем мөлшері 31 мың 080 теңге болады, ал қазіргі параметрлер бойынша – 22 мың 988 теңге ( 35% өсім).

Асыраушысынан айырылған қазақстандықтар үшін үстеме

Асыраушысыз қалған отбасыларды әлеуметтік қорғауды арттыру үшін асырауындағы адам саны коэффициентін өзгерту арқылы әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру ұсынылып отыр. Сонымен, асырауында бір адам болғанда 40% -тен 50% -ке дейін; екеу болса –50% -тен 65% -ке дейін; үшеу болса – 60% -тен 80% -ке дейін және төрт немесе одан да көп болса – 80% -тен 100%-ке арттыру көзделген.

Тұтастай алғанда, заң жобасына ұсынылған өзгертулер әлеуметтік тәуекелдердің үш түрі – еңбекке жарамсыздық, асыраушысынан айрылу және жұмысынан айырылу бойынша, яғни 200 мың алушы үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін орта есеппен 30% -ға арттырады. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік төлемдер мөлшері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.



15 қыркүйек 2019 ж. 782 0