ТАРИХ: ҚАТПАРЛЫ КЕЗЕҢ КӨРІНІСІ
Сонау 1928 жылы басталған қанды қасап, қазақ зиялыларын бірінен кейін бірін жалмап жатты. Статистикалық мәліметтерде Сыр бойындағы діни сауаты бар молдалар мен имамдар да сол қанды қасаптан жапа шеккен...
НКВД тыңшылары Сырдария, Тереңөзек аудандарының төңірегіндегі молдаларды жаппай тұтқындаған. Мәселен, бір іс бойынша бірден 23 молда ұсталған. Олар: Нұратдин Нұрмағанбетов немесе Тапалахунов – Қызылорда ауданының №7 ауылы «Қызыл жалау» колхозында 1886 жылы туған, халық «Тапал ахун» деп атаған, молда-ишанның баласы, «Қожа» руынан, өзі де молда, діни сауатты, молдалықпен айналысқан. Әйелі – Бибімария, ұлдары – Махмұт, Шахап, қыздары – Қатира, Сәлима, Ләтипа, Алуаш.
Сұлтан Қалменов – Қызылорда ауданының «Бесарық» ауылдық кеңесі, «Қызыл жалау» колхозында 1879 жылы туған, кедей шаруа отбасынан шыққан, әйелі – Ділдә, ұлдары – Піркен, Тыныштықбай.
Әбіш Исақожаев – 1879 жылы туған, «Ақарық» колхозында тұрған, өзінің жеке мешіті болған, молдалықпен айналысқан, діни сауатты, әйелі – Жұмагүл, балалары – Бабаш, Ақан, Насыр. Қыздары – Барша, Сәпия.
Икрам Әбіләсанов – 1899 жылы туған, молда баласы, өзі де молда болған, жеке мешіт ұстаған. «Ақарық» колхозы, қазіргі «Октябрь» ауылдық кеңесі. «Қоғалыкөл» кеңшарында тұраған, әйелі – Рахия, қызы – Мұхтария, ұлдары – Жәлдеш, Мұфтахадин, Зұлқарнай, Іскендір.
Кәри Сүйінұлы Тұрғанбаев - №10 Далакөл ауылы, «Күмісқорған» колхозында 18789 жылы туған, молда баласы, діни сауатты және мешіті болған, молдалықпен айналысқан. Бұқар қаласындағы Бахрам Кәри молдада 6 жыл оқыған. Әйелі – Залиха, ұлдары – Жағыпар, Әбіләкім.
Абдулла Нұржанов – №10 ауылда 1897 жылы туған, білімі ортадан төмен, базар комитетінің бастығы болып қызмет істеген.Әкесі болыстың хатшысы болған. Әйелі – Батүкүл, қызы –Рабиғаш, ұлдары – Мұхтар, Сүндетбай.
Баттал Жансейтов – №42 ауыл «Көкжиде» колхозында 1887 жылы туған, сауатты, тәуіпшілікпен – дәрігерлікпен айналысқан. Әйелі – Жібек, ұлдары – Әбдіғаппар, Әбсаттар.
Бапафа Алдабергенов – №13 «Аламесек» ауылы, «Комсомол» колхозында 1887 жылы туған, молды баласы, өзі де молда, діни сауатты, өзі мешіт ұстаған. 1930 жылы астық тапсыру жөніндегі нақты тапсырманы орындамағаны үшін екі рет ұсталған. Әйелі – Рахила, ұлдары – Сапит, Сайфулла, қыздары – Әсия, Зүбайра.
Жүсіп Бақбергенов – Қазалы ауданының №7 ауылынеда 1878 жылы туған. Кейін №10 ауылда тұрған, молда баласы, діни сауатты. Қазалы Мұхтасарын бітірген, молдалықпен айналысқан, ұлдары Қимал, Орынбай, қызы – Аймуа.
Сейдахмет Байбақтиев – №6 ауылда 1887 жылы туған, молда баласы, діни сауатты, молдалықпен айналысқан, әйелі – Жұманай, ұлдары – Яхия, Тұрмағамбет.
Барлық айыпкерге тағылған айып бұлар 1936 жылдың күзінде түрік барлауының агенті Хансейтовтің тапсырмасымен контрреволюциялық діни-ұлттық панисламдық ұйымға тартылып, топқа біріккен. Ақ ишанның жетекшілігімен ауыл-ауылда барлық мешіттерді іске қосып, мұсылман дінін тарату жөнінде үгіт жүргізген. 1936 жылғы 12 қарашада контрреволюциялық мәжіліс өткізіп, онда осы мәселелерді талқылаған. Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасы жанындағы үштіктің 1937 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен 22 айыпкер Н.Нұрмағамбетов, С.Қалменов, А.Исақожаев, И.Әбіләсанов, К.Тұрғанбаев, Б.Жансейітов, Б.Алдабергенов, Ж.Бекбергенов, И.Жаңгірхожаев, Ә.Бассирақов, Ә.Ахметов, М.Аппақов, М.Әйтімов, М.Құдайбергенов, Ә.Жәрімбетов, Ж.Азханов, М.Алашбаев – барлығы да ең жоғарғы ауыр жаза ату жазасына кесілген. Үкім сол жылы 13 қыркүйекте орындалған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты президиумының 1958 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен үштіктің қаулысы бұзылып, олардың әрекетінде қылмыс белгісі жоқ болғандықтан іс мүлдем қысқартылған. Олар толық ақталған.
1. Мұхамеджан Нұрекеев – Тереңөзек ауданынан «Бесөзек» ауылдық кеңесі, «Қызылжалау» колхозында 1887 жылы туған, молда, жоғары дәрежелі білімі бар. 1914 жылы Ташкенттегі діни медрессені бітірген. 1916 жылы сопы атағын алған, мешіт ұстаған, әйелі – Шәрида, балалары – Әбибулла, Қалтай, Ибрагим, қыздары –Рыскүл, Рысбике.
2. Рахматулла Оспан – Сырдария ауданының «Көктөбе колхозы» Сталин ауылдық кеңесінде 1884 жылы туған. Бастауыш діни білімі бар.
3. Абдулхан (Әбілқақ) Нұрымбетов – Сырдария ауданының №61 Сталин ауылдық кеңесінде 1888 жылы туған. Кейін №10 Далакөл ауылдық кеңесі «Мектеп» колхозында тұрған. Орта –діни білімі бар, ишан баласы.
4. Шайхы Шамсетдинов – Сырдария ауданы Жәдігер ауылы «Қаратөбе» колхозында 1903 жылы туған. Бастауыш діни білімі бар, ишан баласы.
«Бұл төрт молда – ишандар контрреволюциялық мұсылман көтерілісшілер тобының белсенді мүшелері, колхозшыларды діни қоғамына тарту жұмысымен айналысқан. Олар Қызылорда ауданында контрреволюциялық молдалар көтерілісшілер тобын құрып, оны басқарған колхозшылар арасында контрревоюциялық ұлтшылдық насихат жүргізіп, оларды кеңес үкіметіне қарсы қойған, колхоздың экономикалық қуатын әлсіретуге бейімдеген көтерілісшілер тобына тартуға адам дайындаған. Елді-мекендегі жұртшылықты жаппай Өзбекстанға көшуге ұйымдастырып, белсенді жұмыс жүргізген. Барлық молдалар мен байларды дінге сенуші мұсылмандарды біріктіріп, соғыс бола қойған жағдайда көтеріліс жасап, Қазақстанда ерікті ұлттық мемлекет құруды мақсат етіп қойған», – деп айып тағып, Мұхаммеджан Нұрекеевті Қарсақбай НКВД бөлімінің 1937 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен тұтқынға алған. Содан Қызылорда аудандық НКВД бөліміне айдалып әкелінген. Ал, Рахматулла Оспанов, Абдулхан (Әбілқақ) Нұрымбетов, Шайхы Шамсетдинов Қызылорда аудандық НКВД бөлімінің 1937 жылғы 9-10 қаулысымен тұтқынға алынған. Бұларға қарсы ҚК.58-10, 11 тармақтарымен қылмыстық іс қозғалған. Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасы жанындағы үштіктің 1938 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен – Мұхаммеджан Нұрекеев, Рахматулла Оспанов, Абдулхан (Әбілқақ) Нұрымбетов, Шайхы Шамсетдинов – бұлар да өзгелердің кебін киіп, ату жазасына кесілген. Бұл үкім сол жылғы 14 қараша күні сағат 24- те орындалған.
Қызылорда облыстық соты президиумының 1957 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен үштіктің 1937 жылғы 1 қарашадағы қаулысы бұзылып, олардың әрекетінен қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен іс өндірістен қысқартылған. Бұлар 1996 жылғы 25 наурызда толық ақталған. Бұл молдалардың халық алдында нендей жер көтермейтін кінәсі болды екен? Мына мысалды маздатайық. Икрам Әбіләсінов – ол асқан білікті де білімдар молда. Аузы дуалы кісі болған. Икрам Құлболды ишанның немересі, қазіргі Қоғалыкөл ауылы сол кездегі № 6 ауыл, Сталин атындағы колхозда тұрған. Икрам ірі денелі, сымбатты, көркем, жүзінен имангершілік нышан сезіліп тұратын. Сөзге шешен, саяси сауаттылығы да мол, сол кезеңнің саясатын жақсы білетін, көзі ашық адам болған. Сол себепті де ол кісі ас беру, намаз шығару, тағы сол сияқты мұсылмандық әдет-ғұрыптарды азайтпай болмайды деп ағасын да өзге молдаларды да әлсін-әлсін ескертіп жүрген.
“Аза” кітабынан алынды