Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№59 газет

08 тамыз 2026 ж.

№58 газет

04 тамыз 2026 ж.

№57 газет

01 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Адами құндылықтың шырағданы

Адами құндылықтың шырағданы

Адам өмірінде уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін көптеген дүние болады. Соның бірі – мектеп қабырғасында жаттап, кейін өмірдің әр белесінде қайта оралып отыратын Абайдың қара сөзі. Бас­тауыш сыныпта оқып жүрген кезімде алғаш жаттаған шығармамның қатарында Абай Құнанбайұлының он жетінші қара сөзі де бар еді. Ол кезде қайрат, ақыл, жүректің өзара таласып, соңында Ғылымның төрелік айтатынын қызық көріп жаттадық. Ұстазымыз әр сөзін мәнерлеп оқытып, жатқа сұрайтын. Біз үшін бұл қара сөз жай ғана жаттау тапсырмасы болатын. Арада жылдар өтті. Өмірдің жастық кезеңіндеміз. Сонда түсінгенім – бастауыш сыныпта жаттаған сол қара сөздің салмағы тұтас бір өмірдің философиясына айналған екен. Әр жолын қайта оқыған сайын жаңа ой түйесің, жаңа мағына табасың. Өйткені Абай адам табиғатын бір ғасыр бұрын емес, дәл бүгінгі күнге арнап жазып кеткендей әсер қалдырады.

Негізінен, он жетінші қара сөз – қазақ дүниетанымындағы ең терең философиялық еңбектің қатарына жатады. Мұнда Абай адамның бойындағы үш ұлы қасиет – қайрат, ақыл және жүректі сөйлетеді. Әрқайсысы өз артықшылығын дәлелдеп, адам өміріндегі орнын айқындауға тырысады. Даудың соңғы төрелігін ғылым айтады. Сонда ғылым үшеуінің де қасиетін мойындай отырып, бір ғана шешім шығарады: бәріне билік жүргізетін – жүрек болуы керек.

Ғылымның шешімі – жай ғана әдеби тәсіл емес. Бұл – адам өмірінің формуласы.

Қайрат болмаса адам алға жылжымайды. Еңбек етпейді. Мақсатына жетпейді. Ақыл болмаса дұрыс шешім қабылдай алмайды. Не пайдалы, не зиян екенін ажырата алмайды. Ал жүрек болмаса адамда мейірім болмайды. Ар қалмайды. Ұят түгесіледі. Әділет жоғалады. Абайдың ұлылығы – осы үшеуінің ешқайсысын жоққа шығармайды. Керісінше, олардың бірлігі ғана адамды кемелдікке жеткізетінін айтады.

Қазіргі қоғамға қарасақ, Абай көтерген мәселенің өзектілігі бұрынғыдан да арта түскендей. Адам технология дамыған, ақпарат тасқыны күшейген, уақыттың жылдамдығы артқан дәуірде өмір сүріп жатыр. Бірақ адамның бір-біріне деген ықыласы бұрынғыдай ма? Біреудің мұңына ортақтасуға уақыт табамыз ба? Өзімізбен өзіміз сырласуға мүмкіндік бар ма? Көпшілік таңнан кешке дейін күйбең тірліктің соңында. Бірі – несие жабудың қамымен жүреді. Бірі – мансап қуады. Бірі – байлық жинауға тырысады. Таң ата телефонға үңіліп, кеш бата әлеуметтік желімен ұйықтайтын заман. Уақыттың қалай өткенін аңғармайды. Осындай қарбалас өмірде адам өзінің жүрегін тыңдауды ұмытып бара жатқандай.

Бүгінгі адамның ақылы бұрынғыдан әлдеқайда күшті шығар. Ақпаратты тез қабылдайды. Айласын асырады. Кез келген мәселеден шығудың жолын табады. Бірақ сол ақылдың кейде адамшылықтан алыстатып жіберетін тұстары да кездеседі. Абайдың: «Амал да, айла да – бәрі сенен шығады» деуі бүгінгі заманға дәл айтылған сөз емес пе?

Қазіргі қоғамда кейбір адамның жетістікке жету жолында қандай айлаға да баруға дайын екенін көріп жүрміз. Біреуді пайдалану, өтірік айту, мансап үшін ардан аттау, өз пайдасын ғана ойлау – мұның бәрі жүрекке емес, тек ақылға ғана сүйенген әрекеттер.


Ал қайрат ше? Қайрат – үлкен күш. Бірақ сол күштің қайда жұмсалатыны маңызды. Бүгінде адамның еңбек­қорлығы азайған жоқ. Қайта бұрын­ғыдан да көп жұмыс істейді. Бірақ сол қайраттың бәрі дұрыс мақсатқа жұмсалып жатыр ма? Кейде адам бар күшін тек дүниеге арнайды. Көлік алу үшін, үй салу үшін, атақ алу үшін, өзгеден озу үшін бар қайратын сарп етеді. Ал кітап оқуға, бала тәрбиесіне, ата-анамен сырласуға, денсаулыққа, рухани дамуға уақыт таппайды.

Ұлы Абайдың «қайраттың пайдасы да мол, зияны да мол» деуі осыдан шығар. Қайрат жүрекке бағынбаса, ол қатігездікке айналады. Қазіргі қоғамдағы тағы бір мәселе – мақсаттың өзгеруі. Бұрынғы адам «елге қызмет етсем», «жұртқа пайдам тисе» деп армандайтын. Қазір көптеген жастың арманы – тез байып кету. Ең аз еңбектеніп, ең көп табыс табу. Аз уақытта танымал болу. Көпшілікке көріну. Бұл мақсаттың барлығы жаман көрінбеуі мүмкін. Бірақ сол мақсаттың артында адамшылық жоғалып кетпеуі керек. Хәкім айтқан жүрек болмаса, кез келген мақсат адамды өзімшілдікке жетелейді. Он жетінші қара сөздегі ең құнды тұс – ғылымның соңғы айтқан қорытындысы.

«Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет.» Міне, осы бір ғана сөйлемде адамзатқа арналған үлкен өсиет жатыр. Жүрек билеген жерде әділет, мейірім, адалдық болатыны жасырын емес. Шындығында, жүрек билеген жерде адам өз пайдасынан бұрын елдің қамын ойлайды. Ұстаз шәкіртін шын ниетімен тәрбиелейді. Дәрігер науқасты аманат ретінде қабылдайды. Басшы халыққа қызмет етуді парыз санайды. Ата-ана баласына тек біліммен қатар, адамгершілік те береді. Абайдың қара сөзі ешқашан ескірмейді дейтініміз сондықтан.
Олар белгілі бір дәуір үшін қызмет етпейді. Адамзат үшін жазылған.

Қазіргі қоғамға керегі – тек білімді, еңбекқор емес. Бізге ең алдымен жүрегі таза, ниеті ақ, әділетті, мейірімді адам қажет. Данышпан армандаған «толық адам» – дәл осындай тұлға.

Сондықтан он жетінші қара сөзді бүгінгі қоғамның рухани темірқазығы ретінде қараған дұрыс. Оны әр ұрпақ қайта оқып, қайта зерделеп, өз өміріне бағдар етсе ғана Абай айтқан адамшылық жолынан жаңылмайды. Себебі уақыт өзгереді, заман жылжиды, технология дамиды. Бірақ жүректің тазалығы, ақылдың парасаты мен қайраттың адалдығы ешқашан өз құнын жоғалтпайды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
08 тамыз 2026 ж. 43 0