Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы
Рамазан– мұсылман жұрты үшін ерекше қасиетті ай. Бұл айда Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылады, сауаптар еселеніп жазылады. Құдси хадисте: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын Өзім ғана беремін» деп айтылуы оразаның қадір-қасиетін айқындай түседі. Сондықтан Исламның бес парызының бірі болған ораза дәл осы айда орындалады. Қазақстан тарихы Ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Ол жан мен тәнді рухани тазартатын, сабыр мен тақуалыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Бүгін оразаның бірінші күні. Осы орайда мұсылман қауымына жиі қойылатын сұрақтар негізіндегі төмендегі нұсқаулықты дайындап отырмыз. Нұсқаулық исламтанушы-теолог, Әл-Азһар университетінің түлегі Элмира Бұхарбаевамен болған сұхбатымыздан ықшамдап алынды.
Ораза ұғымы және мәні
Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Тілдік мағынасы – барлық нәрседен тыйылу. Ал шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден және ерлі-зайыптылық қатынастан тыйылу.
Оразаның үкімі
Рамазан айындағы ораза – балиғат жасына жеткен әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Бұл намаз сияқты жекелей орындалатын ғибадат, сондықтан бір адам екінші біреудің орнына ораза ұстай алмайды.
Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді…» (Бақара сүресі, 183-аят) делінген.
Ниет және ораза уақыты
Ораза ниетсіз дұрыс болмайды. Ниет жүрекпен жасалады. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша Рамазан айының басында жасалған ниет бүкіл айға жеткілікті. Дегенмен күн сайын ниет етуге де болады. Ниетсіз аш жүру ораза болып есептелмейді.
Сәресі уақыты – таң намазы кіргенге дейін;
Ауыз ашар – ақшам намазы кірген кез.
Ораза тұтпауға рұқсат етілетін жағдайлар
Шариғатта төмендегі жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат берілген:
- денсаулығына зиян келетін ауыр науқастар;
- үнемі дәрі-дәрмекке тәуелді адамдар;
- әл-қуаты жетпейтін қарттар.
Мұндай адамдар оразаның сауабынан құр қалмау үшін фидия береді.
Фидия деген не?
Фидия – бір мұқтаж адамды тамақтандыру. Яғни:
- бір кедейді 30 күн таңертең және кешке тамақтандыру
- немесе 60 кедейді бір рет тамақтандыру;
- немесе ақшалай беру.
Фидия мөлшерін Мүфтият белгілейді. Шамасы келмеген адам Алладан кешірім тілейді.
Ораза ұстауға тыйым салынатын жағдайлар
Етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қан (нифас) көрген әйелдер ораза ұстамайды. Бірақ кейін қазасын өтейді.
Қазаға қалдыруға рұқсат етілетін жағдайлар
Төмендегідей жағдайда Оразаны кейінге қалдыруға рұқсат етіледі:
- науқастанғанда;
- сапарда болғанда;
- жүкті немесе емізулі әйел бала мен өз денсаулығына қауіптенсе.
Бұл жағдайлардың барлығында кейін қазасын өтеу міндетті.
Оразаны бұзатын жағдайлар
Мынадай жағдайда ораза бұзылады:
- есінен тану, жын тию;
- сәресі немесе ауызашар уақытын шатастыру;
- мұрын, ауыз, құлаққа су кіру;
- дәрі тамызу, укол салдыру;
- жыныстық қатынас (Оразаның түнінде ерлі-зайыптылардың жақындасуына рұқсат етілген).
Бұл жағдайда бір күн қаза өтеледі. Ал әдейі бұзса – каффарат өтеледі.
Каффарат (жаза)
Рамазан оразасын әдейі бұзу – үлкен күнә. Оның жазасы: бір күн үшін 60 күн ораза тұту.
Ұмытып ішіп-жеу
Ұмытып ішіп-жеген адам есіне түскен сәтте тоқтап, оразасын жалғастырады және кейін бір күн қаза өтейді.
Оразаны бұзбайтын амалдар
- қан алдыру;
- салқындау үшін жуыну;
- мисуакпен тіс тазалау;
- ауызды шаю (судың ішке кетпеуін қадағалау);
- ауыз толмай құсу.
Күнделікті мәселелер:
- Сілекей жұту Оразаны бұзбайды.
- Беттен сүю: жақындарын сүю оразаны бұзбайды. Бірақ сезімге ерік бермеу қажет.
- Сәресіге ұйықтап қалсаңыз Оразаны жалғастырасыз. Дегенмен сәресіде береке бар, сондықтан тұруға тырысу керек.
- Тамақтың дәмін көру. Тек тіл ұшымен тексеріп, жұтпай, ауызды шайып тастау керек.
Оразаның рухани әдебі
Ораза тек аштық емес, рухани тәрбиенің мектебі. Сондықтан:
- ғайбат, өтірік, ұрыс-керістен сақтану;
- тіл мен нәпсіні тыю;
- Құран оқу, ілім үйрену;
- салауат айту;
- ауызашар беру;
- сәресі мен ауызашарда ысырап етпеу;
- иғтикафқа кіру;
- мұқтаждарға көмектесу.
Бұл амалдар оразаның сауабын еселейді.
Бітір садақасы
Бітір садақасын беру – уәжіп. Ол Рамазан айындағы кемшіліктерді жуып, рухани тазалық үшін беріледі. Айт намазына дейін беру қажет.
Тарауық намазы
Тарауық намазы – Рамазан айына тән бекітілген сүннет.
- Әбу Ханифа мәзһабы бойынша – 20 ракағат
- Ерлерге мешітте оқу абзал
- Әйелдерге үйде оқу тиімді
Тарауықты ораза ұстаса да, ұстамаса да оқуға болады.
Исламдағы оразаның түрлері
Ораза алты түрге бөлінеді:
1. Парыз ораза
- Рамазан оразасы
- қаза ораза
- каффарат ораза
2. Уәжіп ораза
Нәзір етілген (серт етілген) ораза.
3. Нәпіл оразалар
- Дәуіт пайғамбардың күнара оразасы
- дүйсенбі, бейсенбі оразалары
- әр айдың 13,14,15 күндері
- Арафа күні
- Мұхаррам айының 9-11 күндері
- Шәууәл айының 6 күні. Рамазаннан кейінгі шәууәлдің алты күні – бір жыл ораза ұстағандай сауапқа тең.
4. Мәкрүһ ораза
Тыйым салынған күндер:
- Ораза айттың бірінші күні
- Құрбан айттың төрт күні
- Зүлхижжа айының 11–13 күндері
Сондай-ақ:
- тек сенбі немесе жексенбі күні ораза ұстау;
- сапарда қатты қинала тұра ұстау;
- күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстау.
Рамазан оразасы – мұсылман өміріндегі ерекше рухани кезең. Ол адамды сабырлыққа, мейірімге, тақуалыққа тәрбиелейді. Ораза тек тәнді тазартып қана қоймай, жүректі жұмсартып, қоғамдағы жанашырлық пен бірлікті арттырады.
Фото: ашық дереккөз










