Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір әннің тарихы: «Қара бауыр қасқалдақ»

Бір әннің тарихы: «Қара бауыр қасқалдақ»

Бүгін – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Ол тірі кезінде-ақ тұтас бір дәуірдің символына айналды. Ел басқарған жылдары ғана емес, одан кейінгі тағдыры, халық жадындағы орны, оның есімімен астасқан қоғамдық күй де қазақ санасында терең із қалдырды. Сол күрделі кезеңнің үнін, халықтың ішкі зары мен әділетке деген аңсарын дәл жеткізген рухани туындылардың бірі – «Қара бауыр қасқалдақ» әні,– деп жазады Қазастан тарихы.

«Қара бауыр қасқалдақ» – сөзін көрнекті ақын Есенғали Раушанов, әнін композитор Лесбек Аманов жазған туынды. Өлең алғаш рет «Жұлдыз» журналында жарияланған. Композитор Лесбек Аманов сол өлеңді оқыған сәтте-ақ оның астарлы, мұңды табиғатын сезіп, әуен тудырады. Бұл – 1987 жылдың желтоқсаны еді, яғни Желтоқсан қанды оқиғасынан тура бір жыл өткен кез. Әнде ашық ұран да, тікелей саяси айыптау да жоқ. Бірақ бейнелі тіл, символ арқылы берілген ой сол дәуірдің ауыр ахуалын айқын аңғартады. Қасқалдақ – өз айдынынан айырылған, ұясынан ұшқан құс бейнесінде берілсе, «қаңғып келген шүрегей» – көлге пана бола алмайтын бөгде күштің символы ретінде қабылданды. Осы астарлы образдар арқылы халықтың жан жарасы, елдік намысы мен жоғалған әділеті жырланды.

Алғашқы жылдары «Қара бауыр қасқалдақтың» терең мағынасы көпшілікке бірден аңғарыла қойған жоқ. Әуенінің тосын да әсерлі ырғағына еліккен жастар оны той-томалақта билеп, жеңіл қабылдаған кездер де болды. Уақыт өте келе ғана баспасөз беттерінде, қоғамдық талқыларда бұл әннің Желтоқсан оқиғасымен астасып жатқан тағдырлы тарихы айтыла бастады. Сол сәттен бастап «Қара бауыр қасқалдақ» жай ғана ән емес, Тәуелсіздік қарсаңында, 16 желтоқсан күндері еске алынатын, ел жадындағы қасіретті кезеңді еске салатын рухани белгіге айналды. Әннің орындалу барысында кей тұстарында мәтіндік өзгерістер болғанымен, оның өзегіндегі мұң мен қайғы, елдік ой мен әділетке деген сағыныш жоғалған жоқ. Керісінше, жылдар өткен сайын бұл шығарма тарихи сананы жаңғыртатын, өткенге қайта үңілуге жетелейтін символдық туынды ретінде қабылдана түсті.

Кейінгі кезеңде «Қара бауыр қасқалдақты» Дінмұхамед Қонаевқа арналған ән деп түсіндіретін пікірлердің жиі айтылуы да осы тарихи контекстен туындады. Желтоқсан оқиғасына тікелей себеп болған Қонаевтың қызметтен алынуы мен оның орнына сырттан басшының тағайындалуы халық санасында ауыр із қалдырғаны белгілі. Сондықтан қасқалдақ бейнесі көпшілік үшін сол тұстағы елдік тұрақтылықтың, ұлттық кадрға деген сенімнің, үзілген сабақтастықтың символына айналды. Осылайша ән уақыт өте келе жеке оқиғадан асып, тұтас бір дәуірдің рухани айнасы ретінде бағаланды.




12 қаңтар 2026 ж. 247 0