Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының триггері Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан басшылығынан алынуы болғаны тарихқа аян. Бүгінде жастардың ереуіліне тамызық тастаған арнайы ұйымдастырушылар болғаны туралы деректер де шыға бастады. Олардың ереуіл ұйымдастырудағы мақсаты Д. Қонаевтың абыройын емес, өздерінің саяси мүддесін қорғау болғаны айтылып жүр. Бірақ қазақ ұлтының халық ретінде сақталуы үшін көшеге шыққан мыңдаған жасты алаңға шығарған себептердің бірі - шынымен де Дінмұхамед Қонаевқа деген құрмет болатын.
Қаңтар оқиғасының арғы-бергі төңірегіндегі өзгерістерді, сол өзгерістерді елдің қалай қабылдағанын таразылай отырып, Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан басшысы ретіндегі абыройы теңдессіз екенін пайымдауға болады.
Қонаев төңірегіндегі пікірталастар кезінде ол Қазақстанды басқарған кезеңде қазақ мектептерінің саны жүйелі түрде азая түскені туралы уәждер айтылып жүр. Бірақ оның КСРО басшылығына ондай бастамамен шығып, өз қалауымен сондай әрекетке барғанын дәлелдейтін факті әзірге табылмағанын да айту керек.
«Уикипедия» ашық энциклопедиясының мәліметіне сүйенсек, Қонаев ел басқарған 1960-1986 жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті, 43 қала пайда болған. Оның ішінде Рудный, Екібастұз, Ақтау, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау Арқалық қалалары бар.