Соғыстың батыр сарбазы

Жақында редакцияға газетіміздің тұрақты оқырманы, А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Әсия Жүсіпова арнайы келді. Ақ батасын беріп, ақ тілегін арнағаннан кейін газеттің жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Аудандық газеттің тұрақты оқырманымын. Газет материалдары тұшымды, көңілге қонымды. Қоғамдағы маңызды оқиғаның, кезеңнің бәрі дерлік төрт бетте қамтылып, қатталып, тарих қойнауына еніп жатыр. Жеңістің 85 жылдығына орай арнайы айдар ашқандарыңды көріп, қуанып қалдым. Өте дұрыс, игі бастама. Жеңіс күні 9 мамыр күні ғана тойланбайды ғой әрі айдар жыл бойына өз жұмысын жалғастыратынын көріп, әкем Ізбас Маханов туралы мақала жазуды ұсынайын деп едім. Қолымда бар сақталған дерек мынау, – деп апай алақандай қағазды қолыма ұстатты.
Азаттықтың ақ таңын шұғылалы ету жолында қайсарлық танытқан жауынгер Ізбас Маханов 1917 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1938 жылы 15 қыркүйекте Тереңөзек әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, майдан даласына аттанады. Қолда бар тарихи деректерге сүйенсек, майдангер 1942 жылдың 24 наурызында №688 атқыштар полкінде ант қабылдаған. Кейін №588 атқыштар полкінде пулеметші, №980 атқыштар полкінде бөлімше командирі, №114 арнайы пулемет батальонында пулеметші болған. Жастайынан жоқшылық дәмін сезінгенімен, қайтпас-қайсар мінезі қаһарман жауынгерге әркез рух беріп отырған. Ізбас Маханов 1945 жылы Жапон соғысында да пулеметші болып еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлесін қосқан. 1946 жылы шілде айының 2-сі күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Призидиумы Жарлығымен әскерден босатылған. «Кіші сержант» әскери шенін алып шыққан батыр қан майданда мерт болған майдандастарының кегін қайтарып, жауды тықсырып, Жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан.
Ол кездің адамдары еңбекқор ғой. Соғыстан есен-сау оралған майдангер құр қарап отыруды құп көрмейді. Елге келгеннен кейін аудандық ішкі істер бөлімінде, аудандық дайындау мекемесінде жұмыс істеген. Соғыс даласында бір ерен ерлік көрсетсе, елге оралып соғыстан қажыған туған елдің тіршілігін аяққа тұрғызуға және үлесін қосқан. Еңбекпен елге үлес қоса жүріп, үй болып, ұрпақ тәрбиелеген. Бүгінде ардақты майдангердің ұл-қызы жауынгер жолын жалғап келеді.
«Әкеңіздің көзін көрдіңіз бе?» деп сұрадым Әсия апайдан.
– Иә, әкемізді көрдік. Салмақты, сабырлы кісі еді. Еңбекқорлығы бәрімізге үлгі болды. Өмірдегі ұстазымыз болды, көп нәрсе үйретті. Әкеміз соғыс туралы көп нәрсе айтпапты. Есіне түсіргісі келмейді ме, әлде бейбіт елдің болашағында енді соғыс болмаса екен деген тілегі ме, қасіретті күндер жайлы бізге тіс жарған емес. Сондықтан да көп дерек сақтауға мүмкіндік болмады, – деді еңбек ардагері.
Он бір баланы тәрбиелеп өсірген майдангер зейнет демалысына шыққаннан кейін де мал шаруашылығымен айналысқан. Айта кетейік, «ол кісі өнерге де жақын болған» деген деректер бар қолымызда. Жыраулық өнердің «майын ішіп», домбыраның құлағында ойнайтын күйші де болыпты. Осынша еңбегі, ерлігі, әрине елеусіз қалмаған. Майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін орден, медалдерімен бірге мемлекеттен алған марапаттары да ұрпағына үлгі-өнеге боп қалған.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ