Жүрекке жара салғанмен, көңілге кірбің түспеген

Осындай азаматтардың бүгінгі ұрпақтары редакцияға арнайы келіп, қасық қаны қалғанша күрескен аталарының рухына тағзым көрсетіп, мәңгілік ерлікті кейінгі ұрпаққа насихаттауды ұсынуда. Кезекті ұсынысты еңбек ардагері Мұрат Тұрсынбаев білдірді. Бірнеше құжат, ескі сурет және қолжазбаны редакцияға арнайы алып келген ағамыз Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында әкесінің ерлігін насихаттауды жөн көріпті. Газетіміздің тұрақты оқырманы Мұрат ағаның әкесі, жеңіске жан аямай үлес қосқан азамат Аппаз Райымов туралы қалам тербемекпіз.
Аппаз Райымов Қармақшы ауданының Жаңақала ауылында дүниеге келгенімен, өмірінің көп бөлігін Сыр елінде, оның ішінде осы Тереңөзек кентінде өткізген. 1919 жылы дүниеге келген азамат 1938 жылы әскерге шақырылған. 19 жасында Ленинград қаласында әскери борышын өтеп, матрос-автоматшы мамандығын еркін меңгеріп шыққан. Тарихқа көз жүгіртсек, осы кезеңдер тарихтағы үлкен дүрбелеңмен тұспа-тұс келеді. Яғни 1939 жылы Финляндия соғысы басталып, жалындап тұрған, күні кеше әскер қатарында соғыстың қыр-сырын үйренген азамат әрине көптің қатарында соғыс даласына аттанып кетеді. Кеңес-Фин соғысы КСРО мен Финляндия арасында болған. Бұл соғыс аяқталғаннан кейін Аппаз Райымов Ленинградта міндетін атқарып жүреді. Сөйтіп жүргенде тарихтағы қанқұйлы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Сол Ленинградта 2 жыл блокадада Ленинградты қорғайды. 1943 жылы блокаданы бұзғаннан кейін әрі қарай неміс әскерін қуып, Гамбург қаласына дейін жеткен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі» деген. Екі соғысқа қатысып аман қалған азамат, өкінішке орай, 1943 жылы Ленинградта оң аяғынан жарақат алады. Бірақ жастық жалын, ерік-жігер, патриоттық сезім «елім» деген сарбазды ұзақ уақыт төсекке таңа алмады. Госпитальда емделіп, қайтадан соғыс даласына аттанған Аппаз Райымов екінші рет 1944 жылы тағы да оң аяғынан жарақаттанады. Бұл жолы жарасы қатты болып, жылжымалы госпитальда Лавансария аралында емделген. Үшінші рет 1945 жылы жеңіске бір қадам қалғанда (8 мамыр күні) тағы да оң аяғынан ауыр жарақат алады. Содан 1946 жылға дейін Польша Республикасы Лодзь қаласында госпитальда емделген. Міне, дүниежүзілік сұрапылға, үлкен екі соғысқа қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлесіміз туралы қолда бар, сақталған дерек осы ғана. Қысқаша өмірбаян осылай.
Зерттеу барысында тапқан деректерімізге сүйенсек, кейіпкеріміздің балалық шағы да өте қиын кезеңдерде өткен. Ашаршылық нәубетін бастан кешірген Аппаз Райымов Өзбекстанда жан сауғалап тірі қалған. «Көрер жарығы бар» дейді халық бұндайда.
– Әкеміз туралы көп дерек те қалмаған. Әкемізді көзіміз көрді ғой, Шүкір. 77 жыл ғұмыр кешті. Балалық шағы туралы айтып отыратын. Бала кезінде бір өзбек шал асырап аман алып қалған екен. «Сол кезде көп адам қырылып қалды. Бірішек болған жұрт ас-ауқатты обыға жеп, содан да өліп кетіп жатты. Сонда әлгі өзбек шал маған күніге бір түйір нан беретін. Қомағайланып, көп тамаққа бас қойғанымды көрсе, таяқпен қуалай жөнеледі. Сөйтсем аш өзекке обыға жеген ас та қауіпті екен. Сөйтіп бірнеше ай бойы маған бір түйірлеп нан берген өзбек ағай бір күні алдыма бір табақ нанды қойып «енді қанша жесең де, өз еркің» деді. Сөйтсем аштықтан алаңсыз бұратылған менің ағзамды ас-суға жайлап үйреткен екен» деп айтып отыратын әкем. Кейін жағдай біршама тұрақталған соң өзбек шал әкеме сонда қалып, сол елге бала болуын сұраған екен. Бірақ әкем «Қазақстаныма қайтамын» деп елге қайта оралыпты, – деген жауынгердің ұлы Мұрат Тұрсынбаев:
– Соғыс біткеннен кейін, емделіп, 1946 жылы екі балдақпен ауылға оралды. Әкеміздің сол бейнесі ғана көз алдымызда сақталып қалды. Ол өзі жасы ұлғайғанына және қос балдақтың ыңғайсыздығына қарамастан өте шалт, жылдам кісі еді. Әскерде, соғыс даласында шыңдалған, көпті көрген жандар ғой. Ауылға келгеннен кейін де, мүгедектігін алға тартып бір қарап отырған кезі жоқ. Бізге ерен еңбектің наны тәтті болатынын сөзбен де, іспен де көрсетіп, үлгі болды. Бастапқыда Қармақшыда қарауыл болып жұмыс істеді. Кейін Тереңөзекке келгеннен кейін де Іңкәрдария складында, АТП мекемесінде қарауыл болып істеген. Соғыс кезінде «За отвагу», «За оборону Ленинграда», «За взятие Кенигсберга», «За победу над Германией» бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған, – деп жалғады әңгімесін.
Аппаз Райымов жастайынан Тереңөзекте тұрған. Осында үйленіп, үйлі болып, 4 ұл, 2 қызды аяулы жарымен қатар тәрбиелеп, өсірген. Жұбайы Мәрзия Тұрсынбаева кіндік қаны Тереңөзек кентінде тамған жан. Аяулы ана, ардақты жан тыл ардагері екенін айта кету орынды. Ол соғыс кезіндегі ерен еңбегі үшін «За самоотверженный труд в тылу врага» төсбелгісімен марапатталған. Мәрзия ана тағдырдың тауқыметін көп тартқан, соған қарамастан адал еңбекпен ұл-қызына үлгі болған жан.
– Анамыз бен әкеміз бір-біріне сай, Құдай қосқан жандар еді. Неге десеңіз, анам Мәрзия да еңбекке өте жақын болды. Әкем 1966 жылы жамбасында қалып қойған снаряд қалдықтары сыр беріп жатып қалды. Ол кезде соғысқа қатысқандарға жақсы қарайтын кез. Қызылордада тұратын облыстық аурухананың бастығы, нағашымыз Ернияз Омаров деген кісі машинамен келіп алып кетіп ауруханаға жатқызған. Содан кейін жоғарыдағылармен хабарласып, Москвадан екі профессор самолётпен ұшып келіп, операция жасады. Әкеміз бір жарым жыл гипсте, төсек тартып жатты. Кейін аяққа тұрып, екі балдағын тастады. Бірақ, оның да өзіндік зардабы болып, бойы тік болып қалған еді. Яғни өмірінің соңына дейін отыра алмады. Тек жататын немесе тұрып жүретін. Өз күшімен аяқ киімін де кие алмайтын. Бірақ соған қарамастан мал ұстап, қораға, далаға бақша егіп, балаларына үй салып, барлығымызды аяққа тұрғызды. Осындай сәттерде анамыз Мәрзия әкемізге қолдау болып, отбасының берекесін қашырмай, біздің де, төсекке таңылған әкеміздің де жағдайын жасай білді. Анам нағыз жанашыр ананың, ақылды әйелдің үлгісі еді. Бұл үшін ата-анамызға мәңгілік қарыздармыз, – дейді үйдің үлкені Мұрат Тұрсынбаев.
Бір өкініштісі, Аппаз Райымов сауаты болмағандықтан, 1992 жылға дейін соғыс ардагерлерінің тізімінде болмаған. Кейін военкомат Ленинград облысы, Гатчина деген жердегі әскери-теңіз мұрағатына хат жазып, құжаттарын алдырған. Содан кейін ғана екінші топ соғыс мүгедегін алған.
Өте еңбекқор, адал, нағыз жұмыстың адамы болады ғой. Аппаз бен Мәрзия ана отбасы міне сондай нағыз еңбекті қол етіп, адалдықты ту еткен жандар болған. Бір сөзбен айтқанда, сұм соғыс тәні мен жүрегіне жара салғанымен, адал, шынайы көңілдеріне кірбің түсірмей, тек ізгілікті артындағы ұрпағына үлгі етіп өткен. Өкініштісі, Аппаз Райымов 1996 жылы, Мәрзия Тұрсынбаева 2007 жылы мәңгілік мекеніне аттанған. Бүгінде ата-ана тәлімін артындағы ұрпағы жалғап, атын өшірмей келеді. Ұлдың үлкені Мұрат пен кенже ұл Қуантай бүгінгі таңда Тереңөзекте тұрады. Екінші ұл Қуат Байқоңырда. Қыздың үлкені Сәуле Алматыда болса, екінші қыз Мауия мен ұлдың үшіншісі Қуан Қызылорда қаласында. Еңбекпен есейген ұл-қыз бүгінде ақ жаулықты ана, ақ сақалды ата болып, ата-ана тәлімін өз ұрпақтарына үлгі етіп жүр.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 2