Басшылықты Қармақшыда бастаған

Сейдулла Оспанов 1918 жылдың 10-қазанында бұрынғы Тереңөзек ауданындағы «Майлықұм» ауылында қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында өмірге келеді. Мектептен кейін Қызылорда қаласындағы теміржол техникумын бітіреді. Іле-шала Фин соғысына қатысып, ауыр жарақат алып, 1941 жылы елге оралған.
1941 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінде бөлім басқарады. Облыс басшылығы жас кадрға асқан сеніммен қарады. Арасында біліктілігін арттыратын алты айлық курста оқиды. Жарты жылдай Қазақстан Орталық Партия комитетінде жауапты қызметте де болады. Сол жылдары Мәскеудегі Комсомол басшыларын даярлайтын бір жарым жылдық курста оқиды. Соғыстан кейінгі жылдарда шаруашылығы мен экономикасы төмендеп қалған Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. 1947-1953 жылдар аралығында ауданның экономикасын арттыруға, мәдениетін көтеруге нық қадамдар жасайды. Кадрларға асқан жауапкершілікпен қарапты. 1952 жыл болса керек, Сырдарияның суы тасып «Қармақшы» бейіттері мен елді мекендерге қауып төнген шақта, өзі бас болып жағалауға бөгет салғызып, бірен-саран үй болмаса Қармақшыны су алыпты деп айтпайды көз көрген қариялар. Осы жылы Қорқыт ата бейітінің қалған бөлігін де су шайып кетеді. Сонда С.Оспанов «... Абыз бабамыздан қалған көз еді, бұдан да айырылдық» деп өкініпті деседі.
1951 жылы С.Оспанов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат, 1957 жылы Ленин орденімен наградталған Сейдекеңді 1953 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің хатшылығына сайлайды. Мұнда да аянбай еңбек еткен. Жоғары басшылық оны 1957 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1959 жылы бірінші хатшысы етіп сайлайды. Бұл қызметінен Юсуповтың «ықпалымен» босайды. Айтпақшы С.Оспанов 1959-1963 жылдары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы да болған. Сол Юсуповтың «қамқорлығы» аясында 1963-1968 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Жданов совхозына директор болып тағайындалады. Таныс, білісі көп адам және облыс басқарған Сәкең совхозды 2-3 жылда алдыңғы қатарға шығарады. Ол кісі Оңтүстікте ерлікке толы еңбектер жасайды. Кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінен оқығанбыз. Жанқиярлық еңбегі бағаланып, 1968 жылы Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады, кейіннен облыстық кәсіподақты басқарып, сол қызметінен зейнетке шығады.
Сейдулла Оспановтың еткен еңбегі бағаланып үш рет Ленин «Құрмет белгісі» ордені және бірнеше медальдармен марапатталған.
С.Оспанов Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кезінде: 3, 4, 5 шақырылған республикалық сайлаудың депутаты, Қазақстан Орталық партия комитетінің съездері мен конференциялардың делегаты болып сайланған.
Сәкең жақсы қартайды, жан-жары Пәтима, ұл-қыздары Тұраш, Нұраштары өмірден ертерек кеткенге ұқсайды. Қыздары Ботакөз, Рәш, Баяндарды ұзатқанда жасауы деп кітаптарын беріпті. Кітап – дегеніміз алтын қазына емес пе?
Жоғары дәрежелі қызыметінен босатылғаны «Правда» газетінде 1962 жылы жарияланған «Битая карта» (Соғылған карта) мақаласының әсері болса керек.
1998 жылы Сейілбек Шаухамановтың бастамасымен жарық көрген «Сыр өңірі» кітабында Сейдағаң туралы былайша жазылыпты. «1961 жылы наурыз айында еңбекшілер депутаты облыстық Кеңестің атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Облыста, ауданда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын өркендетуде, күріш егісінің көлемін көбейтуде, халықтың тұрмысын жақсартуда көп еңбек етті». Бізде бұған алып-қосарымыз жоқ.
Қоғам және мемлекет қайраткері Сейдулла Оспанов тоқсан тоғыз жасында 2017 жылы Шымкент қаласында өмірден өтті. Сыр өңірінің айтулы тұлғаларының бірі еді.
Ақындар Асқар Тоқмағамбетов, Сейітмұрат Ембергенов, Оразбек Бесбаев т.б. жүрек-жарды өлеңдерін арнаған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Сырдария ауданының «Құрметті» азаматы