Тарихы терең туынды
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 179 жыл. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бас ақынымыз туралы зерттеу еңбектері баршылық. Жер-жерде Абай Құнанбайұлының ескерткіштері де қойылған. Атаулы күн қарсаңында ойшыл, заманының озық тұлғасы туралы түсірілген кинофильмдер туралы сөз қозғауды мақсат еттік.
Абай туралы фильмдердің көбі – деректі фильмдер. Онда көбіне Абай өмірінің үш кезеңі көрсетіледі. Біріншісі – ата-анасының, әжесінің қасында жүрген бала Абай, екіншісі – ер жетіп сезімдері бүршік атқан жас Абай, сондай-ақ егде тартып, шәкірт тәрбиелеген даналық кезеңі.
Кейінгі түсірілген деректі фильмдерді айтпағанда, Абай туралы алғашқы фильм – «Абай әндері» екенін білесіз бе? Аталған фильм 1945 жылы Алматы көркем және хронологиялық фильмдер студиясында түсірілген. Хакім Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай қолға алынған бастама сценарийінің авторы – Мұхтар Әуезов, ал режиссерлері – сол кезде Одаққа танымал болған Григорий Рошаль мен Ефим Арон.
Фильмде басты рөлді Қалибек Қуанышбаев сомдаған. Алғашқы Абай фильмінде бас ақынның рөлін сомдаған әртіс есімі де тарихта қалғаны аян. Актердің шеберлігі сол ақынның бет-бейнесін, ішкі жан дүниесіндегі ой-арпалысын айшықтап жеткізген. Аталған фильмде Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары да ойнаған. Айта кетерлігі, ана рөлімен әйгілі болған танымал әртіс Әмина Өмірзақованың да кино әлеміндегі жолы осы фильмнен бастау алған.
«Бұл фильм Мұхтар Әуезовтің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің басты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшылдығын, ақындығын, халық қамқоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңаша жастармен бірге екенін суреттеген» деп жазады «Абай әндері» атты мақаласында белгілі қоғам қайраткері, публицист Камал Смайылов. Айта кетейік, бір қарағанда кино-спектакльге жақын фильмнің премьерасы 1946 жылы Мәскеуде өткен.
Одан кейін түсірілген ақын турасындағы фильмдер қатарын 1995 жылы Ардақ Әмірқұловтың режиссерлігімен түсірілген «Абай», 2015 жылы Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен түсірілген «Құнанбай» фильмдері толықтырады. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында түсірілген деректі фильмдер мен сериалдарды да атап өтуге болады. Десек те кинотанушылар «Абай жайлы көркемсуретті фильмдер аз. Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы бар, қазақ халқының қоғамдық өмірінде көрнекті із қалдырған кемеңгер Абай туралы фильм-эпопея жоқ» деген пікірді алға тартады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ