Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкемтеатрдың анасы

Әкемтеатрдың анасы

Сәбира Майқанова – мәңгі өлмес өнер иесі. Театрдың анасы атанған талантты тұлға. Талайды тамсантқан Толғанайымен-ақ өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен әлемдік деңгейдегі алып актриса. Ұлт мақтанышы. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне, М.Әуезов театры труппасының құрамында бірнеше халықаралық театр фестивальдеріне қатысып өнер құдіретін ел аймағында ғана емес, дүниежүзілік шеңберде мойындатқан сахна саңлағының ерен еңбегінің бүгінде театр шежіресінен алар орны айрықша.

Бұл турасында театр сыншысы Әшірбек Сығай өзінің «Ой төрінде – театр» атты зерттеу еңбегінде былай деп жазады: «Алымды сахнагердің қай қапталынан көз салсаңыз да, өркешті бейнелер легі, құдіретті кесек кейіпкерлер тобы жадыңызға оралып, дәл бір ежелгі ертегілер елінен қуана қол бұлғап тұрған ескі таныстарыңдай жылы ұшырар еді. Ұлты, рухы, түр-түсі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы әрқилы әйелдер кескіні, өздері шыққан түп тамырларын туған төл топырақтарынан нақ бір қазақтың ұлы қызы, ұлтымыздың өрелі өнерпазы Сәбира арқылы ғана тапқандай. Көбінше, көпке танымал бояулары қалыңырақ белең алып жататын сәттерде, есіл Сәкең ұрпағын аялап аһ ұрған аналарды толғап бір кеткенде, бейне бір ботасын іздеп боздаған аруанадай аңырар еді. Ұлжан, Зейнеп, Толғанай, Мақпал, Салиха, Мөржан, Кесария, Люси, Тхань, Евдокия Ивановна... Санай берсең, ұзын тізім жалғаса бермек, ұласа түспек. Құп, қазақ әйелдерінің психологиясына, тұрмыс-тіршілігіне жасынан қанық болып өсті делік. Ал өз репертуарындағы грузин, вьетнам, эстон, испан, фин, түрік, өзбек, орыс, қырғыз әйелдерінің жан дүниелеріндегі нәзік нюанстарды сахна сырын оқымаған өнер иесі қалай ғана сәтті иегере алған? Гәп ұлы актрисаның өмір мектебінен өрнек, өнеге табуында. Оның табиғи дарыны ен даланың, сайын сахараның ерке самалын еске түсірер еді. Жан дархандығы, талант молдығы, мінез кеңдігі тұла бойында «айғай салып», айғайлап емес-ау, үнсіз «шыңғырып» жатар еді. Сәбира Майқанқызы өнерінің де өзгеден ерекшелігі осында».

Актрисаның күллі болмысына, талант табиғатына сыншының жоғарыда берген бағасы толық таразы болатындай. Шынымен де, Сәбира Майқанованың сахнада тудырған кесек рөлдері – бүгінде аналар бейнесінің эталонындай қабылданады, бағаланады. Театрдағы алғашқы адымын Бейімбет Майлиннің «Майданындағы» Алтынай рөлімен аттаған саңлақ сан алуан кейіпкерлерді кемеліне келтіре кейіптеді. Әсіресе актрисаның сомдауындағы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымындағы Толғанай рөлі айрықша тоқталып өтуге тұрарлық бейнелер санатынан. Сәбира Майқанованың айтулы рөлін театр мамандары өнердегі үлкен оқиғаға балайды.

Аз-маз тарихқа шегініс жасап көрсек, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы аналар бейнесі жайлы сөз болғанда, айтулы тізімнің көшін қазақ сахна өнерінің шебері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанова бастайды. Ойымызды Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Сәбира Майқанованың өнердегі ізбасары Асанәлі Әшімовтің: «Қаллеки – қазақ театрының әкесі болса, Сәбира – біздің театрларымыздың анасы» деген пікірі бекіте түседі.

Тағдыр тауқыметін көп көріп, бес жасында анасынан айырылған болашақ актриса мейірім уызына жарымай бой жетеді. Сондықтан болса керек, Сәбираның сомдаған әр рөлі сағынышпен, Анаға деген мәңгілік махаббатпен астасып жататын. Сол себепті де шығар, актриса кейіптеген әрбір әйел, ана бейнесі ішкі қуат күшімен, алапат энергетикасымен көрерменін бірден өзіне байлап тас­тайтын.

Әйгілі актер Серке Қожамқұловтың сынынан сүрінбей өтіп, 1932 жылы алғаш театр табалдырығын аттаған актриса 65 жыл ғұмырын киелі сахнаға қызмет етуге арнады. Бір адамның өміріне пара-пар өнердегі өрелі жолын өнегелі етіп өрген саңлақ өле-өлгенше театрға табынып өтті. Актрисаны көзі көрген замандас-әріп­тестерінің айтуынша, Сәбира Майқанова ойнайтын спектаклі жақын­даған сайын тыпыршып, тіпті екі күн ешкім­­­мен сөйлеспей, өзгенің үйіне бармай, өзі де қонақ шақырмай кейіпкерімен іштей сырласып, ұзақ дайындалады екен. Әсіресе «Ана – Жер Ана» қойылымындағы Толғанайды ойнайтын күні сахна саңлағымен тілдесу мүлде мүмкін болмапты. Бұл – өнерді тұтас өміріне айналдырған театр тарланының кейінгі буын актерлерге тағылым болар тамаша қасиеті. Өкінішке қарай, бүгінде сахнаның салмағын дәл Сәбира Майқановалар сынды бағалап, әр қойылым сайын кейіпкерін өбектей аялайтындар сирек. Кейде ертерек келіп театрдың қызметтік кіреберісінде тұрып бақылайтын болсаң, спектакль басталуға жарты сағаттан аз уақыт қалғанда адымын асыға басып, ентіге есікке еніп келе жатқан әртістерді көріп осындай ойға еріксіз бекіне түсесің. Сондайда көзкөргендері аңыз қылып айтатын Майқановалардың ел есінен өшпейтін мәңгілік өнер тудыруының сырын ұға түскендей боласың.

Осыдан 110 жыл бұрын Қызылорда өңірінде өмірге келген актриса 65 жылын тұтасымен театрға бағыштады. Кинодағы рөлдері және бір төбе. Өле-өлгенше өнерге қалтқысыз қызмет етті. Алаштың айтулы актрисасына айналды. Жан-тәнімен беріле кесек бейнелерді кескіндеді. Қазақ сахнасы мен экранында әйел, ана бейнесінің тұтас галереясын жасады.

Ал тақыр жерден театр ашып, тұңғыш кәсіби қазақ театрының туын көтерген тұлғалардың ізінен еріп, өлмес өнер тудырған сол «самородок» Сәбираның сахнадағы сәулелі жолын, театрдағы тағылымды еңбегін бүгінде лайықты деңгейде бағалай алып жатырмыз ба? Бағаласақ еліміздің еңселі бір театрына есімін беріп, маңдайына жарқыратып жазып қоймас па едік? Бұл туралы ұстазымыз, белгілі театр білгірі Әшірбек Сығай актрисаның ғасыр тойы қарсаңында өзекті мәселе қозғаған болатын. Бірақ арада 10 жыл өтіпті. Жабулы қазан сол күйінде. Сахна саңлағына қатысты сең әлі қозғалмады. Әйтпесе, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Сәбира Майқанованың өнерге сіңірген еңбегін кейінгі ұрпақ қалай ұлықтаса да жарасар еді... Еститін құлақ, ниетті жан табылса, қанеки?

Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
09 қаңтар 2024 ж. 162 0