Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ахаңның ақкөліне барғанда

Ахаңның ақкөліне барғанда

Біз «Сырдан Торғайға немесе Ахаңның ізімен» деген жоба аясында жолға шықтық. Мақсатымыз – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойында туған жерінде бой көтерген кесенесіне зиярат ету, жаңадан салынған музейін көру. Бүкіл қазақ елі ұлт ұстазын ұлықтап жатқан жылы осы дүрмекке үн қосып, топырағына тәу етіп, рухына Құран бағыштау болатын. Ашаршылық жылдары Арқадан Сыр бойына ауып келген біздің ата-бабаларымыз да Торғай өңіріндегі Ақкөлдегі Сартүбек, Шошқакөлді мекен еткен, Ахмет әулетімен төскейде малы, төсекте жаны қосылған құдандалы-жекжат жандар.

Торғай өңіріне сапар шегуіміздің тағы бір себебі – Сыр өңірі мәңгілік мекені болған ата-бабаларымыздың қорымына атамекенінің топырағын әкеліп салу. Жазушы Әнес Сарай­дың бір сөзі бар еді: «Алаштың өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты, табаны – Торғай» деген. Міне, сол өңірді көру – кімнің болса да арманы.

Атамекенге 90-жылдан кейін табанымыз тиіп тұр. Ата-бабаларымыздың мекені – біз үшін де қасиетті мекен. Осы өңірдің азаматтары С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» кітабының кейіпкерлері Бүркіт – Сұлтанбек Әбеуұлы, Бәтес – Бәтима Бермағанбетова, Мүсәпір – Мұстафа Көшекұлы жайлы кітапта: «Өзін көрмеген Ақкөлге жеттік. Көлдің жағасында біз төрт-бес күн түнедік. Сонда қайран қалғанымыз – шөптесін жағасында өрген әр түсті балықтар илеудегі құмырысқадай құжынайды. Бұл не деген тегін жатқан, бірақ пайдаға аспай жатқан мол байлық» деп суреттелетін Ақкөлге де жеттік.

Баяғы мол су кеткен соң Алакөлдің айналасы жалаңаштанып, айтақырға айналыпты. Көлдің көлемі кішірейгенімен жұмыссыз қалып, атамекенін қимай тұрақтап қалғандардың нәпақасын айыруға әлі де жарап тұр.

Әуелі Сарытүбектегі Шошақ әулетінің қорымына соғып, қоңсы қос ауыл – Ақкөл мен Ахмет ауылының азаматтары елдік танытып, қаржы жиып, Ақтаудың мәрмәр ақ тасынан салдырған кесенесіне зиярат етіп, әруақтарға арнап Құран бағыштадық. Байтұрсынның үйінің орнына салынған музей үйіне барып, сол жерде бізді күтіп алуға келген аталас бауырлармен табыстық. Осы жерден 40 шақырым жердегі біздің бабаларымыздың атақонысы Шошқакөлге барып, Ізбастыұлы Байжан бабамыздың басына, ойындағы көл жаға­сындағы жаз жайлауына барып, топы­рағына аунап жатып, бабалар рухымен қауышқандай күй кештік. Торғай маңындағы он алты жасынан билік айтқан Байжанұлы Бисен би бабамызға да барып зиярат етуге уақыт таптық. Бұл сапарға аттануымызға себепші болған тағы бір жайтты әңгімелейін.

Өркениетті елдерде көненің көзі, тұлғалар тұтынған сынық түймеге дейін қастер тұтып, кейінгіге көрсетудің, жарнамалаудың түрлі жолдарын өте ұтымды ұйымдастыру ісіне ерекше мән береді. Біздің әр тау, төбеміздің астындағы тұнған тарихымыздың қадіріне әлі жете мән бермейтінімізді жасыра алмаймыз. Ал тарихи тұлғалардан қалған құнды жәдігерлеріміз – ол жазылмаған хат, аршылмаған ақиқат. Кейінгі ұрпақтың еншісіндегі баға жетпес байлығымыз болуы керек.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өткен айтулы жылда әрбір саналы азамат осындай игі іске үлес қосқысы келеді емес пе?!

Осы жылдың басында Алматыдағы музей үйінің жетекшісі Райхан Имаханбеттің: «Ахмет Байтұрсынұлының қолы тиген жәдігерлер өте санаулы. Сондай дүниелер болып жатса бізге хабарласыңыздар» деп әлемжеліге жазған хабарламасын оқып отырып, өткен күндердің тарихы көз алдыма тізбектеліп өте бастады.

Әңгімені әріден бастайын. Біздің аталарымыз Сыр бойына 1932 жылғы ашаршылықта келген. Қазіргі Торғай өңіріндегі Жанкелдин ауданындағы Ақкөл маңы – менің әкем Байзақ пен оның бауырларының туған жері, атамекені. Сыр бойындағы қазіргі Қоғалыкөл ауылына арып-ашып жеткен отыз адамнан тұратын көш осы тұстағы Сомтемір деген жерге табан тірейді. Арқадан ауған арғын, қыпшақтарының басын қосып қызыл комиссар Әліби Жанкелдин Қоғалыкөл ауылының негізін құрайтын төрт колхоздың бірі – «Молотов» колхозын құрып, осы жерге топтастырып кетеді. Сол күндердің белгісіндей болып осы Сомтемірде жерленген «Жұрымбайқызы Ақжан Жанкелдин қарындасы» деген белгі қойылыпты. Ал Ә.Жанкелдиннің інісі Томекені бала кезімізде көрдік, ауыл Жанақтың табанында болғанда көрші тұрдық.

Ұлт ұстазының өмірбаянымен таныс жандар Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Торғай өңірі Ақкөл екенін білетін болар. Біздің аталарымызбен бір жерде туып, бір жердің топырағында аунап өскен жерлес жамағайын жандар. Ал Ахмет Байтұрсынұлы – Арғынның Үмбетейі.

Біз шежіре бойынша Арғынның Олжағұл аталығына жатамыз. Осы аталықтың Тұмасы­ның Қойсары, Байдаулет деген екі баласы болған. Байдаулеттің шөбересі Бейістің жары – Ахмет Байтұрсынұлының қарындасы Зиляш. Ал біз Қойсарының алтыншы ұрпағымыз. ҰҚК полковнигі Бәкібай Бейісов әкемізбен тірі кезін­де қатысып тұрдық. Бәкібай әкеміздің Меруерт деген қызы қазір Алматыда тұрады.

Райхан Имаханбет ханымның жазбасын оқыған соң мен Алматыдағы қарындасым Луиза Абубакированың қолында Ахмет атамыздың домбырасы барын айтып, Райханға сүйінші хабарды жеткіздім. Сөйтіп, олардың бір-бі­рі­мен байланысуына жағдай жасадым. Кей­ін бұл айтулы оқиға алдымен әлеуметтік желі­де, кейін бірнеше газетте жарияланды. «Қа­зақ әдебиеті», газетінің 28 мамыр 2022 жылғы санында Кәусар Құрманбай деген тілші қарындасымыздың «Ахаңның домбырасы – тәбәрік көріп, тәу етер құнды дүние» деген мақаласына көз жүгіртіп көрелік. Мақала авторы жоғарыдағы мен баяндаған жайды әңгімелей келіп:
– Енді домбыра Луиза Абубакированың қолына қалай түскен дегенге келейік. Райхан Имаханбеттің бұл орайдағы айтқаны: «Ахмет Байтұрсынұлының Зиляш деген туған қарындасы Бейісов деген кісіге тұрмысқа шыққан. Олардың Бәкібай атты жалғыз ұлы болған. Бәкібай – Ұлттық Қауіпсіздік коми­тетінде істеген, чекист. Ахметтің жиені болға­ны үшін біраз қудалау көрген. Луиза 1975 жылы оқуға түсуге келгенде туыс ретінде, сол кісілердің үйіне сәлем беруге барған. Айтуынша, Бәкібайдың үйіндегі кітап сөресінде Ахмет Байтұрсынұлының суреті тұрады екен. Бірақ жас қыз Ахметтің кім екенін ол кезде білмейді. Тек былайғы уақытта суреттің беті ашық тұратынын, ал үйге бөтен кісілер келгенде бірден көзден тасаланатынын байқаған. Тағы бірде амандасуға барғанында Бәкібай ағасы: «Мен осыны осынша уақыт сақтап келдім, ендігі жерде сен сақташы» деп, кімдікі екенін айтып, оған домбыраны береді. Сонымен «Бірақ ол кезде Ахметтің аты да, заты да аталмаған, менің арғы аталарым білсе білер, өзім білген жоқпын ғой, соған онша мән бермеппіз, сөйтіп, бұл домбыраның қадіріне жетпеппіз, ағам айтқаннан кейін сізге әкеліп беруді өзіме парыз санадым» дейді музейге келген Луиза.

Домбыраны алатын кезде Райхан Имаханбет Ахаңның туыстарын да шақырған екен. Шолпан апайдың қызы – Айман, Луизаға домбыраны берген Бәкібай Бейісовтың қызы Меруерт – екеуі де жасы 80-нің үстіндегі кісілер. Луизаның өзі бар, барлығы музейде бас қосады. Бірақ Айман апай да, Меруерт апай да аталған домбыра тарихынан хабарсыз болып шығады. Меруерт апайдың әңгімесі: «Біздің үйде Ахмет туралы әңгіме болмайтын, үлкен кісілер өзара сыбырласып қана сөйлесетін, бізге Ахаң туралы да, домбыра туралы да айтпаған, білмеймін» дегенге саяды.

…Ал хабары шыққаннан-ақ құнды жәдігерді асыға күткен мұражай қызметкерлері домбыраны көргенде жылап жіберуге шақ қалады. Бір жағы, қуаныштан, екіншіден, оның кетеуі кеткен күйін көріп көңілі құлазығаннан. «Ахмет туралы естеліктерде «қызыл домбыра» деп айтылатын. Менің көз алдыма қызыл түсті, үлкен домбыра келген. Мына домбыраны көргенде біртүрлі болып қалдық бәріміз» дейді Райхан сол сәттегі көңіл-күйін қалай жеткізерін білмей дағдарып. Ал ұлы ағартушы жөнінде түсірілген фильмде басты рөлде ойнаған актер Байғали Есенәлі домбыраны ұстап көріп: «Ол кездерде осындай 12 пернелі домбыра болған, мынау ойып жасалған екен. Ахаңдікі болуы әбден мүм­кін. Анығын мамандар айтады ғой» депті.

Ал арнайы шақыртылған реставратор: «Жөн­деуге болады, бірақ оған мұның күйі қаншалықты келетін-келмейтініне осы дом­быраны зерттеп жүрген мамандардың қоры­тындысы керек» дегенді айтқан. Райхан Имаханбеттің сөзіне жүгінсек, ондай маман – Мұрат Әбуғазы. Бірақ ол қазір іссапармен сыртта жүрген көрінеді. Сондықтан музей ұжымы Мұраттың келуін асыға күтуде. Қалай болғанда да, Алаш арысының қолы тиген дүниелерді жинап-теріп, оған қатысты жылт еткен жақсылыққа, жаңалыққа жүрегі жарыла қуанатын олар бұл домбыраның да құнды жәдігер ретінде музей төрінен орын аларына сенеді деген сөздер менің сөзімді қуаттағандай болып тұр емес пе?!

Кешелі бері Райхан ханымнан жеткен хабар – бейнебаянда осы домбыраның көшірмесі жасалғаны сөз болды.

Өткен ғасырдың басында ұлты үшін керек барлық игі істердің көшбасшысы болған Ахаң жан-жақты өте білімдар жан болған. Қазақ әдебиеті мен өнерінің жанашыры ретінде ауыз әдебиетінің ән-күй жауһарларын жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосқан. Бұл домбырамен қазақ ән-күйін зерттеп, жинақтаған Затаевичке бірнеше өнер туындыларын жаздырғаны жайлы деректер бар.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі жайлы бүкіл ел таныс болғандықтан, әңгімені ұзартпай ұлт үшін атқарған бірнеше шоқтығы биік көрінер бірнеше ісіне тоқтала кетейін. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап орыс елінің басындағылар тарапынан қазақ елін отарлауды мақсат тұтқан шоқындыру саясаты жүргізіле бастады. Осы кезде Ахаң араб әліппесін жасап, осы зұлматтың алдын алуға орасан зор еңбек сіңірді. Қандай бір жазу болмасын ол дінмен байланысты. Латын жазуы католик, кирилл жазуы православ, араб жазуы ислам дініне негізделген.

1912 жылы қазақ әліпбиін төте жазуын қолданысқа енгізу үшін «Оқу құралын» жазып қазақ әліппесінің бірінші кітабын шығарды. Сөйтіп, ғасырлар бойы ислам дінімен тығыз жымдасқан салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшін өлшеусіз еңбек сіңірді.

1913-1918 жылдары қырғыз-қайсақ атан­­ған жұр­тының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Бұл «газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде оқу-ағарту ісіне қалай қызмет еткенін көзіқарақты оқыр­ман жақсы біледі. Біздің ел азаматтары шеттегі Қытай, Иран, Моңғол еліндегі қан­дастарымызбен осы араб әрпімен жадидше жазу арқылы ақпарат алмасып отыр. Оған дәлел 1975 жылдан бастап «Біздің Отан» кейін «Шалқар» болып аталған Алматыдан басылып шығатын газеттерді өздігімізше оқып, үйреніп өстік емес пе? Осы ерен еңбегі Ахмет Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деген халық қолдаған атаққа ие етіп, атағын аспандатып алып кетті.

1919 жылы 27 тамызда Бүкілресейлік ОАК-нің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы шығып, жазған хаты – Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болған ұлт қайраткері екенінің дәлелі.

Халық ағарту комиссары, ағартушы, ғалым, қоғам қайраткері, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының атында оқу орындары, Қостанай әуежайы, ауыл атаулары, көшелер бар екенін жұрт біліп, көріп отыр. Ол – атақтарға лайық, алыстаған сайын биіктей беретін тұлға.

1925-1928 жылдары Қызылордада тұрып, Қазақ халық ағарту институтында қызмет атқарып, ұлт оқу, ағарту жұмысының көшбасшысы болған. Бұл жылдардағы ұстаздың қызметі жайлы облыстық архив қорында көптеген құжаттар бар. 1928 жылғы 16 наурыздағы халық ағарту институтының отырысының хаттамасында қаралған он мәселенің бірі «Жаңа әліппені оқу бағдарламасына енгізу» жайлы Шонановтың хабарламасына сәйкес қаулы қабылданыпты. Қаулыда жаңа әліппені оқыту үшін жетіспейтін сағаттарды басқа пәндердің есебінен толықтыра отырып, оқытуды міндеттеген. Ал көзіқарақты оқырман Ахаңның Қызылордадағы кезеңдерде «Тіл құралы», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» кітаптарын баспадан шығарғанын білсе керек-ті. Ал Шонановпен бірге жазған «Оқу құралы» да – осы кезеңдегі ұстаздың ұлт ісіне қосқан зор еңбегінің жемісі.

Бұдан өзге Ахаңның қай курстарда қазақ әдебиеті пәнінен қанша жүктемемен жұмыс жасағаны жайлы мәліметтер де кездеседі. Тіпті СССР географиясы пәнінен де қанша сағат алғанына дейін жазылған. Мемлекеттік қаржыны бақылау контролері Зарихиннің институт мұғалімдерінің, Ахмет Байтұрсынұлының бір рет денсаулығына байланысты, төрт рет өзге де себептермен дәріс бере алмаған кезінде артық төленген қаржыны институт кассасына қайтару жөнінде актісіне дейін қатталған.

Ахаңның Қызылордадағы өмірі жайлы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова өзінің «Шындық шынары» атты кітабының 127-бетін­де «Қызылордаға келісімен орналас­қан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын… Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша А.Байтұрыновтармен бірге тұрғанбыз» деп жазады. Осы кітаптағы Ахаңның сол кездегі бейнесін суреттейтін мы­на жолдардан зиялы жанның бейнесі анық көрініп тұр. «Ахмет ағай ұзын бойлы, ақ сары өңді кісі еді. Қомақты келген мұрнына салған пенснесінің қара жібек бауын оң жақ төс қалтасына алтын түйреуішпен қыстырып қоятын. Қонаққа не институтқа лекция оқуға барғанда сәнді қара костюмін киіп, галстук тағатын. Ахаңды жұмысқа жеңіл фаэтонмен атқосшысы алып баратын. Үйдегі жұмыс кезінде ылғи көк ала, биқасап кең шапан, тақия киетін. Күндізгі төрттерде үйіне келіп, тамағын ішіп, екі сағат тынығатын. Кешкі шайынан соң түн ортасына дейін жұмыс істеп отыратын. Бұл қалыптасқан тәртібін бұлжытпай орындайтын, уақытын бір сағат та бос өткізбейтін. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора-жолдастары үйіне орынсыз бара бермейтін.
Ахаң шаршаған кезінде, қолына домбырасын алып, қоңыр дауысымен жайлап қана сүйіп салатын әндері «Елім-ай», «Екі жирен», «Қарагөз» болатын. Қазіргі «Қыз Жібек» операсында айтылып жүрген «Қарагөз» ариясы – Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы».

1928 жылы Қазақ халық ағарту институты Алматыға көшірілгенде Ахаң да осы оқу орнымен бірге көшеді. 1929 жылы 2-маусымда Қызылордада өтетін әдебиетшілер жиналысына шақырылып, тұтқындалған. Ұлт көсемінің есімін есте қалдыру үшін ұлан-байтақ еліміздің қай түкпірінде ұлықтау шарасы өтсе де артықтық етпейді.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

27 желтоқсан 2022 ж. 358 0