Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектік ағартушы

Тереңөзектік ағартушы

Өткен ғасырда Сыр бойында дүниеге келіп, ел игілігі, халық мұраты жолында ерен еңбек сіңірген тарихи тұлға Сейіл Дұрысұлының есімін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ғылым саласында үздіксіз еңбек еткен ағартушы әрі ақын туралы мәліметтерді біз сарғайған тарих беттерінен ғана таба алдық.

Сырдария ауданының Ақболтай ауылында 1892 жылы дүниеге келген Сейіл Дұрысұлы туралы деректер көп сақталмапты. Қолға қалам алып, бұл мақаланы жазуға да осы жайт себеп болды. Кішігірім зерттеуіміз барысында елге еңбегі сіңгенімен бүгінде есімі ұмытылып бара жатқан ғалымның айтулы ақын да болғанын білдік. Ел Тәуелсіздігін алып, еңсе тіктегелі өл­генімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртып, руханиятымызды жандандыру – біздің азаматтық парызымыз деп білеміз.

Әңгімеміз түсініктірек болу үшін қалың оқыр­манға кейіпкерімізді таныстырып алайық. Небәрі 47 жыл ғана өмір сүрген ағартушының бұл өмірге берері де, алары да мол болған. Сыр елінде дүние есігін ашқан ағартушының әкесі ескіше оқыған, дін жолын берік ұстанған адам болған. Білімдар, көпті көрген қарт ұлдарының да білім-ғы­лымға жақын болуын мақсат еткен. Сөйтіп, ке­йіпкерімізді 6 жасынан ауыл молдасынан тәлім алуға берген. Кейін ол Мырзабай ахунның мед­ресесінде оқыған. Жастайынан өлең-сөзді ұй­қастырып, айналасындағыларды тәнті еткен бала 12-13 жасында-ақ ақындығымен көпке танылған. Тіпті, ауыл арасында оны «ақын ба­ла» деп атайтын болған. Кейін білім жолын жалғастырған ол Бұхара қаласында діни оқуын жалғастырады. Бұл жақта 18 жасынан бастап Бұхарадағы Тақтакөпір ауданында мектепте дәріс бере бастайды. Білім мен тәжірибесі қатар толыққан жас өз ісінің білікті маманы болып, ілім мен ғылымға аса ден қояды. Кейін Қазалы уезінде ұстаздық қызмет атқарса, 1920 жылдан бастап бес жыл Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп директоры лауазымын абыроймен атқарған. 1932 жылы жабылып қалған Хан мектебін қайта қолға алып, ауыл тұрғындарының күшімен жөндеп, Қызылордадан маман ұсталар алдырып, 1937 жылға дейін басшы болған екен. Өзі басшылық еткен бұл мектепті үлгілі мектептер қатарына қосып, мұнда үрмелі аспаптар үйірмесін ашып, оқу-ағарту комиссариаты арқылы аспаптарды алдырған. Сөйтіп, аталған мек­тепте осы аспаптарды басқаруды Құрақ­тың Досжанына тапсырған екен. Кейіпкеріміз кейін Шымкент облысындағы Пахтаарал ауданының оқу бөлімін басқарған деген ақпараттар да кез­деседі.

Сейіл Дұрысұлы білім мен ғылымның қай саласын бағыт еткені оқырманымызды қы­зықтыруы керек. Оның негізгі мамандығы математика, физика, химия сияқты аса күрделі сала болған. Осы бағытта талмай еңбек еткен Сейіл Дұрысұлы білімдарлығымен, ерекше қабілетімен ерте көзге түсіп, көпшілік арасында үлкен бедел мен абыройға ие болған. Осы пәндер бойынша дәріс беріп, ұрпақ тәрбиелеген. 1930-1934 жылдарда Аламесектегі 4 жылдық мектеп-интернатын ашып, кейіннен оны жетіжылдық мектепке айналдыруға белсене араласқан. Осында оқытқан көп шәкірттерінен елге танымал аза­маттар шыққан. Солардың бірі – Төлеген Дәуітбаев.

Білім беру саласында осындай игі істерімен аты қалған Сейіл Дұрысұлы 1939 жылдың 26 қазанында Ташкент қаласында дүниеден озған. Аса ауыр дерт дендеп, өмірін жалмаған кейіпкеріміздің қысқаша өмірбаяны осылай. Ағартушы әрі ақын Сейіл Дұрысұлының қабірі Янгиюль ауданындағы Қаратөбе зиратында.

Небір алмағайып кезеңдерде өмір сүріп, еңбектен қол үзбеген ол 1937 жылғы елдегі жағдайлардан сескеніп, өзінің қолжазбаларын, түскен суреттерін Иіркелдегі өз әкесінің қыстауына жасырған деген деректер кезде­седі. Сонымен қатар Пахтааралда біраз өлең­дерін белгілі бір қыстауға жасырыпты. Содан да болар, кейіпкеріміздің өз еңбектері мен ол туралы деректер әлі күнге тереңнен зерттеуді қажет етіп отыр.

Кейіпкеріміз 1934 жылы Алматыда өткен республикалық халық ағартушыларының бі­рінші съезіне қатысады. 1935 жылы «Қазақ­с­танның құрылғанына 15 жыл» үкімет наградасымен марапатталған. Кейін 1935 жы­лы екі жылдық мұғалімдер институтын бі­тірген. Ол білімін үнемі жетілдіріп, өз ісіне жа­уап­кершілікпен қараған кісі болған екен. Ағартушылық қызметімен бірге ақындықты қатар алып жүрген ол Сыр бойының саңлақ шайырлар тобына жатады. Сейіл Дұрысұлы 1916 жылы Арқадағы Әлмағанбет молдамен, 1922 жылы Қуаныш Баймағанбетовпен және 1938-1939 жылдары шымкенттік ақындармен айтысқан. Десек те Қуаныш Баймағанбетовпен айтысының мәтіні бүгінде табылмай отырған жайы бар. Алайда, Арқадағы Әлмағанбет молдамен жұмбақ айтысынан аздаған үзінді­лер кездеседі. Сондай-ақ талай талантты дарындардың жолын ашып, бұлақтың кө­зін ашуға ықпал жасаған. Солардың бірі – Құрақтың Досжанының танылуына себепкер болған да осы кісі деседі.

Жан-жақты білімдарлығымен есімі ерекше аталатын ол қазақ тілімен қатар орыс, парсы, шағатай, араб тілдерін жетік меңгерген. Әр тілдегі басылымдарды еркін оқып, жолма-жол аударма жасай беретін болған. Тіпті ақын-жазушылардың жырларында «Дұрыстың ұлы Сейіл» деген жолдар кездеседі. Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Он тоғыз ұстазға» деген өлеңінде «Дұрыстың ұлы Сейілде, Шыққанда үш бу түбектен»,«Дұрыстың ұлы Сейіл де, Ақылға кемел зейінді» деген жолдардың кездесуі – сөзімізге дәлел.

Мақаламызды жазу бары­сын­да ағартушы әрі ақын­ның соңында қалған, ізін жал­ғас­ты­рушы ұрпақ­тарымен бай­ла­ныс орнаттық. Сейіл Дұрысұлы­ның артында бір ұл, бір қыз қалған екен. Ұлы Сейіл­ұлы Әбдімәжит осыдан жиырма жыл бұрын қайтыс болған. Қызы Орын­күл Сейілова бүгінде 82 жасты алқым­даған. Ұзақ жыл тігіншілік саласында еңбек еткен ардақты ана бүгінде Қызылорда қаласында тұрады. Біздің осы та­қырыпты зерттеп қолға қалам алуы­мызға ықпал еткен еңбек арда­гері Бақыт Байжүнісова мен облыс­тық мәс­лих­ат депутаты Расул­ Есенов және ағартушы ғалым­ның немересі Раушан болды. Ақынның туған немересі болып келетін ол атасының жоғалып кеткен өлеңдерін табу, ғалымның атын өшір­­меу мақсатында іздену­де.

Мақала жазып жат­қаны­мызды айтып, пікір сұрап Орынкүл апаға хабарластық.

– Әкемнің атын қайта жаңғыртып, еске алып жатқандарыңызға рақмет, – деп балаша қуанған кейуана сөзін одан әрі жалғастырды, – Мен 1940 жылы 25 шілдеде дүниеге келіппін. Анамның құрсағында жатқанда, яғни 1939 жылы әкем дүние салыпты. Әкемді өмірімде көрмесем де, әжем мен анам оның ұстаз, ақын екенін, қандай азамат, тұлға болғанын үнемі айтып отыратын. Жастайымнан әкем туралы әңгімеге қанығып өстім. Әкемнің анасы Жанпалау әжеміз мен туылмай тұрып атымды қойған екен. Әкемнің орнын баса дүниеге келген менің есімімді ұл болса Орынбасар, қыз болса Орынкүл деп қоямыз деп келісіпті, – дейді көпті көрген ардақты ана.

– Атамыздың ақын, ғалым болғанын әке­мізден, туыстарымыздан естіп, біліп өстік. Атам Сейіл Дұрысұлы кезінде елге пайдасы көп тиген кісі болған екен. Десек те бүгінгі күні есімі ұмыт болып бара жатқан жайы бар. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында атамның көзін көрген, есімін білетін жандармен байланыс орнатып, ізденудеміз. Сейіл Дұрысұлы өзі Ташкентте қайтыс болған. Былтыр, яғни 2021 жылы жаз айларында Ташкент қаласының Янгиюль ауданындағы Қаратөбе зиратын­дағы атамыздың жамбасы жат­қан жерге арнайы барып, Құран бағыштап, көктас қойып келдік. Ташкентте қазіргі кезде де атамыздың ұрпақтары тұрады. Солардың ұйытқы болуымен игі істі атқардық. Атамыздың ақындығы, ұстаздық жолы қанмен кейінгі ұрпағына берілген. Осындай тұлғаның ұрпағы екенімізді әркез мақтан етеміз, – дейді Раушан Сейілова.

Сөзімізді қоры­тын­ды­лай келе, Сейіл Дұрысұлын облыс өміріне, тарихына өш­пей­тін­дей із қал­дырған үлкен ағартушы, бел­гілі ақын деп айта аламыз. Аудандағы ардагер ұстаздардың бірі Есімке Алдамжаров өз естелігінде 1936-1938 жылдары Сейілді 3-4 рет көргенін жазады. «Бір күні ҚазМУ-де үлкен әдеби кеш болды. Оған белгілі ақын-жазушылар қатысты. Сейіл ағаны осында көріп амандастым. Әркім өз шығармаларын оқып жатты, бір кезде Сейіл де өз шығармаларын оқыды. Кеш өте жақсы ұйымдастырылған екен. Мұнда сын да болды. Кеш соңында қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Сейіл Дұрысовқа берілсін деп хабарланды» делінген жазбада.

Кезінде аудандық, облыстық газеттерде Сейіл Дұрысұлының өлеңдері көп жарияла­натын болған. «Үлгілі ұстаз Дұрысов» деген мақалалармен қатар суреті де бірнеше рет басылған екен. Осындай аз деректердің өзі Сейіл Дұрысұлы ұстаздың ұстазы, білімді азамат болғандығын дәлелдейді. Кейінгі кезеңде аудандық басылымда жарық көрген зерттеуші әрі этнограф Тынышбек Дайрабайдың «Те­реңөзек сыры тереңде» мақаласында да Сейіл Дұрысұлының есімі аталады. Әзірге қолда бар дерек осы. Сейіл Дұрысұлы туралы, оның туындыларын тауып, халық қажетіне жарату тағы бір өшкенімізді қайта жағып, рухани жаңғыруымыз деп білеміз. Осы ретте, кезінде атағы кеңге жайылған, ғылым мен білім бүгінгідей дамымаған кездің өзінде осы салада айтулы еңбек еткен ғалымның есімін келешек ұрпақ жадында сақтау маңызды. Сондықтан кент орталығынан бір көшені ғалым, ағартушы, ақын Сейіл Дұрысұлының атына беру дұрыс болар еді деген ниеттеміз.



Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі

16 тамыз 2022 ж. 889 0